Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақ тарихындағы батырлар институты және Жанқожа батыр

Қазақ тарихындағы батырлар институты және Жанқожа батыр

Бүгін Арал Аудандық мәдениет үйінде өткенҰлт-азаттық көтерілісінің көсемі Жанқожа Нұрмұхаммедұлының туғанына 250 жыл толу мерейтойына арналған «Ел қорғаны Жанқожа» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияда 60 жас мерейтой иесі, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Бақытжанұлы Кәрібаев «Қазақ тарихындағы батырлар институты және Жанқожа батыр» тақырыбында баяндама жасады. Назарларыңызға баяндаманың толық мәтінін ұсынып отырмыз.
"Қазақ тарихындағы батырлар институты және Жанқожа батыр"
Адамзат баласы  табиғаттағы басқа да тіршілік иелері секілді белгілі бір қауымдастықтарға біріге отыра, дамып, өсіп, гүлденіп отырады. Ал кейде өкінішке орай, белгілі бір ішкі немесе сыртқы факторларға байланысты жойылып кетіп жатады немесе өзінен күшті, өзінен мықты  басқа бір этностың  ықпалына түсіп,  оның этникалық шеңбері кеңістігінде қалып, өзінің даму бағытын жоғалтып, өзгенің даму  бағытына түсіп жатады. Халықтың немесе этностың өмір сүруі үшін, дамуы үшін қолайлы шарттар мен алғышарттар және қозғаушы күштер қандай маңызды болса,дамуды анықтайтын негізгі белгілер де дәл сондай маңыз атқарады. Сондай этностың дамуын көрсететін  маңызды белгілеріне - оның өзін - өзі басқара білуі,  өзін өзі қорғай алуы, өзінің  ішкі қатынастарын өзі реттей алуы секілді қасиеттері жатса керек. Халықтың өзін - өзі басқара білу қабілеті – халықтың өзі қалыптастырған және бірнеше мыңдаған жылдар бойы  халықпен қатар дамып отырған оның  мемлекеттілігін, өзіне ғана тән  әкімшілік-басқару жүйесін туғызады. Халық бар жерде қоғам да болады, ал дамуы үшін  көп қатпарлы, сан салалы  қатынастарды туғызады. Осы күрделі қоғамдық қатынастарды реттеп отыру үшін, оны   уақыт пен замана талаптарына сай жетілдіріп отыру үшін  билер институтын өмірге әкеледі. Дәл осылай секілді халықтың өзін-өзі қорғай алу қабілеті - халық тарихымен етене тығыз байланысты болып, мыңдаған жылдар бойы қатар өмір сүріп  келе жатқан  оныңбатырлар институтын дүниеге келтіреді. Қарап отырсақ, батырлар институты - билер институты секілді, мемлекеттілік институттары секілдіэтностың өмір сүруі үшін аса қажетті, маңызды шарттар қатарына жатып, этнос тарихымен, халық тарихымен тығыз байланыста, онымен етене дамиды. Оларды бір-бірінен бөліп қарау мүлде мүмкін емес.  
     Қазақ халқының ежелгі және орта ғасырлардағы  тарихына  терең бойламай-ақ, бергі кезеңдегі хандық дәуірдегі тарихына көз жүгіртсек, көптеген батырлардың, билердің  болғанын жазба дерек мәліметтері арқылы, ауыз әдебиетінің материалдары арқылы  көреміз. Әсіресе, батырлар шоғыры XVIII-XIX ғасырларда көп байқалады. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Біз ол жөнінде төменде арнайы тоқтайтын боламыз.
      Қазақ тарихында бүкіл саналы ғұмырын елі мен жерін сыртқы басқыншылардан қорғау ісіне арнап, Аллаға сеніп, ата-баба әруақтарына сиынып,елдік намысты таптатпай, қол бастаған  батырларымыз жетерліктей. Сондай батыр тұлғаларымыздың бірі – Жанқожа Нұрмұхамедұлы. Халық аузында Жанқожа батыр деген есіммен сақталып қалған батыр баба, өз өмірінде елдік  намысты ту етіп, жанына өзі секілді сарбаздарымен атқа қонып бірнеше рет бас көтереді. Алдыменен,Қоқан бектігінің езгісіне қарсы, одан кейін Хиуа хандығының озбырлығына қарсы, ал соңында  Ресей әкімшілігінің отарлығына қарсы халық көтерілістеріне басшылық жасайды.
Гуманитарлық ғылымдарда, оның ішінде тарих ғылымында жиі қолданылатын  аса маңызды ғылыми қағидалардың біріне -  «тұлғаны тану үшін оның өмір сүрген заманын білу керек» деген қағида жатады.  Жанқожа батырдың  өмір сүрген жылдары белгілі, олай болса, батыр бабаның тұлғалық болмысын тану үшін оның заманына,  яғни XVIII ғасырдың соңғы ширегінен XIX ғасырдың  60 жылдарына дейінгі аралықтағы  Қазақ Елінің тарихына үңіліп көрелік.
       Қазақ Елі өзінің үш мың жылдық тарихында бірнеше ірі-ірі тарихи дәуірлерді басынан өткергені белгілі. Өте тереңге бармай-ақ,  археологиялық тұрғыдағы қола ғасырынан кейінгі дәуірлерді тарихшыларымыз - скиф-сақ дәуірі, үйсін-ғұн, түрік дәуірі, оғыз-қыпшақ дәуірі жатады. Ал соңғы соңғы мыңжылдықтағы ірі дәуірлерге - Алтын орда дәуірі мен Қазақ хандығы дәуіріжататыны баршамызға аян.
Қола ғасыры дәуірінен Қазақ хандығы дәуіріне дейінгі Қазақстан аумағындағы тарихи дамулардың  ортақ белгілеріне - үздіксіздік және сабақтастық принциптері бойынша бір этностың нақты бір кеңістік пен бірнеше мыңжылдарға созылған уақыт желісінде тек өзіне ғана тән мәдени, рухани ортақ құндылықтарды қалыптастыруы мен оны дамытуы және сол құндылықтарға негізделген этноқауымдастықты дүниеге келтіруі жатады.Сонымен қатар аталған әрбір тарихи дәуірдің  Қазақ елі тарихында алатын өзіндік ерекшеліктері мен айрықша белгілері  де бар. Сондай дәуірдің бірі, уақыт жағынан алғанда бізге ең жақыны және маңызы жағынан ең жоғарысы деуге тұратыны – Қазақ хандығы дәуірі деп нық сеніммен айта аламыз.
Ең бері дегенде қола дәуірінен бастау алатын Ұлы Дала аумағындағытарихи дамулардың, оның ішінде этникалық, мәдени, рухани және мемлекеттілік дамулардың нәтижесінде XV ғасыр ортасында Қазақ хандығы тарих төріне көтеріліп, бүкіл Ұлы Дала мен оған көршілес аумақтардың тарих сахнасындағы негізгі саяси ойыншылардың бірі болғаны бәрімізге мәлім. Қазіргі халқымыз бен мемлекетіміздің атауы осыдан жарты мың жылдан астам уақыт бұрын дүниеге келген Қазақ хандығының атауымен байланысты екендігін және сол атаудан тікелей алынғандығын ешкім жоққа шығара алмайды. Сол себепті де Қазақ хандығын – қазақ халқының ұлттық сипаттағы мемлекеті деп атау өте орынды.
      Ұлттық сипаттағы мемлекетіміз – Қазақ хандығының XV ғасыр ортасында құрылуыменXIX ғасырдың 20-шы жылдарының бірінші жартысында тарих көшінде қалған кезі, одан кейінгі жылдары оны қалпына келтіруге бағытталған күрес жылдары аралығы – тарихнамамызда Қазақ хандығы дәуірі немесе жәй ғана хандық дәуір деп аталады және ол дәуір төрт ғасырға жуық уақытты қамтиды. 
      Осы төрт ғасырлық тарихы бар Қазақ хандығы дәуірін  өз ішінде саяси тарих пен мемлекетіміздің қуаттылығына қарайшартты түрде  екі үлкен кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңге  – хандықтың  бір орталықтан басқарылып тұрған жылдардағы кезеңі жатып, ол кезеңді – тұтастық кезең деп атауға болады. Ал екінші кезеңді – бытыраңқылық кезең дейміз.  Қазақ мемлекеттілігінде  бытыраңқылықтың басталуы   – XVIII ғасырдың басына, Тәуке ханның қайтыс болған жылымен байланыстырылады да,  XIX ғасырдың ортасына дейін жалғасады. Одан әрі не болғаны белгілі. Қазақ мемлекеттілігі толығымен жойылып, Ресей империясының әкімшілік-басқару жүйесіне енгізіледі.
       Хандық дәуірдің бірінші кезеңіндегі, яғни XV  ғасырдың орта тұсынан  XVIII ғасырдың басына дейінгі аралықтағы дәуірді сол дәуір ішіндегі саяси сипаттағы оқиғалардың дамуына қарай шартты түрде былайша кезеңдеуге болады:  «а) хандықтың құрылу кезеңі – 1457-1470 жж.; ә) хандықтың күшею кезеңі – 1470 жж. – 1521 ж.; б) хандықтың уақытша әлсіреу кезеңі – 1521-1537/38 жж.; в) хандықтың қайта өрлеу кезеңі – 1537/38 – 1598 жж.; г) хандықтағы «текетірес» жылдар кезеңі – 1598-1628 жж.; ғ) жоңғарлармен алғашқы күрестер кезеңі – 1628-1652 жж.; ж) белгісіз жылдар кезеңі – 1652-1680 жж. және з) «алтын ғасыр» кезеңі немесе Тәуке хан билік құрған жылдар кезеңі – 1680-1715 жж.» Тәуке ханнан кейін хандық дәуірдің бытыраңқылық кезеңдері басталады. Оның ішінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары, 1739-1742 жылдары болған   шартты түрдегі Екінші «Аңырақай» оқиғалары, одан кейінгі 1750-1756 жылдары болған жоңғарлардан қазақ жерлерін азат ету жылдары бар.
Жанқожа батырдың дүниеге келген және ат жалын тартып мінген кезі – XVIII ғасырдың 70-90–шы жылдарына сәйкес келеді. Бұл кезеңде Қазақ мемлекеттігібытыраңқылық кезеңі мен  Ресейге тәуелділігінің    ең шырқау шегіне жеткен кезі еді.
      Кіші Жүзде Әбілқайыр ханның өлімінен кейін  орнына үлкен ұлы Нұралы хан  1748-1786 жылдары билікте отырды. ОлКіші Жүз тағына тек Ресей жағы бекіткеннен кейін ғана отырған еді. Оның билік құрған жылдары солтүстіктегі көрші ел Кіші Жүздің бірталай аумағын иеленіп алып, әскери бекіністері мен шептерін салып, ықпалын әбден күшейтеді. Сондай-ақ, ол  көзі тірісінде 1786 жылы маусымда арнайы  патша жарлығымен тақтан алынып, Уфаға  жер аударылады және1790 жылы сонда  қайтыс болады. 1792 жылы Ресей Әбілқайыр ханның ұрпақтары арасынан Нұралының туған інісі,қартайып жасы келген, жігерсіз Ералыны таңдап, соны бекітіп, Кіші Жүз ханы етіп  отырғызады. Көп ұзамай, осы принципті қолдана отыра Әбілқайыр ханның тағы бір ұлы, жасы әбден келген Айшуақты билікке 1797-1805 жылдары отырғызады. Одан кейінгі жылдары Кіші жүздегі билік Айшуақ ханның ұлдары Жантөреде (1805-1809), Шерғазыда (1812-1824) болады.
Қарап отырсақ, XVIII ғасырдың ортасынан  XIX ғасыр басына дейінгі аралықта Кіші Жүздегі хандық билікке келетін тұлғаны  Ресей билігі алдымен, бекіту құқығын, одан кейін оны  алып тастау құқығын иеленеді. Ал тағы да  одан кейінгі жылдары таққа отырар тұлғаны  таңдау құқығын өз қолына толығымен алған екен.  Бұл дегеніміз – Кіші Жүздегі мемлекеттіліктің  өз тарихының  соңғы кезеңіне аяқ басқанын және Ресей билігінің  мықтап орныққанын көрсетеді.
    Дәл осындай жағдайдың 1781 жылы Орта Жүзде Абылай хан қайтыс болғаннан кейін орын алғанын көруге болады. Онда да хан тағына алдымен ел сайлаған ханды  бекіту құқығы, кейін хан тағына үміткерді таңдау құқығы және кейін келе  хан билігін жою құқығын иеленеді.
Ал осы XVIII ғасырдың соңғы ширегі мен XIX  ғасыр басындағы  Сырдария өзенінің төменгі ағысы мен Арал теңізінің солтүстігін, солтүстік-шығысы мен солтүстік-батысы жақтарын мекендеген Кіші Жүздің Алшын тайпалық одағындағы Қаракесек немесе Әлім тайпалықбірлестігіндегі тайпалар мен рулардың саяси жағдайы күрделілеу болатын. Жоғарыда көрсетілген уақыт ішінде Кіші Жүздегі Әбілқайыр хан ұрпақтары арасындағы, әсіресе Нұралы мен Айшуақ хандар ұлдарыарасындағы  тақ үшін таластарда, сондай-ақ  Қаратай сұлтан қозғалысы кезінде Қаракесек бірлестігіндегі тайпалардың көсемдері мен жетекшілері де әртүрлі бағыттарды ұстанады. Қаратай сұлтаннан соң аталған аумақтағы ру-тайпалар Қайып ханның немересі, Әбілғазы сұлтанның ұлы Арынғазы ханның (1833 жылы Калугада қайтыс болады) маңына топтасады. Оның мақсаты – Кіші жүз бен Орта жүз аумағында мемлекеттілікті, яғни хандық билікті  қалпына келтіру болатын. Өкінішке орай, Арынғаза ханның 1823 жылы Петерборға келіссөзге барған кезінде тұтқынға алынылуы оны мақсатына жеткізбеді.
     Осылайша, XVIII ғасырдың басында Тәуке ханнан соң басталған саяси бытыраңқылық XIX ғасырдың бірінші ширегінде ішкі және сыртқы факторлар ықпалымен  өрши келе, ақыры қазақ жеріндегі мемлекеттілікті күйретіп тынады.
     Осы жерде қысқаша түрде мемлекеттің мақсаты мен міндеттері туралы  бір-екі ауыз сөз айта кетсек. Мемлекеттердің тарихымен айналысатын мамандар мемлекеттік биліктің ең жоғары сатысында тұрған билеушілердің, яғни  қаған болсын, хан болсын, әмір, сұлтан, патша, шах, корол болсын  қай дәуірде, қай өңірде болмасын ең алғашқы, ең басты құқы - ел мен жерді басқару құқығы деп көрсетеді. Ал осы басқару құқығынантуындайтын ең басты, ең негізгі міндетке – сол ел мен жерді қорғау деп көрсетеді. Билеушілердің бұдан басқа да өзгн құқықтары мен міндеттері болады. Дегенменде, ең алғашқысы – ел мен жерді басқару құқығы мен қорғау міндеті - ең қасиетті болып қала береді.
     Жоғару билеуші ел мен жерді басқару үшін әкімшілік-басқару аппараты мен жүйесін құрса, ел мен жерді қорғау міндетін жүзеге асыру үшін соғыс немесе әскери институттар жүйесін қалыптастырады. Ұлы Дала аумағындағы бұл қасиетті істі билеушінің атынан – Батырлар институты жүзеге асырып отырды. Батырлар институты, билер институты және басқа да билік жүйесіндегі институттар мемлекеттік жүйенің институттары қатарына жатқызылып, мемлекет билеушісінің жарлығы мен заңдары негізінде жұмыс жасап тұрды. Ал мемлекетте ортақ билеуші болмай, бірнеше билеуші бір мезгілде қатар өмір сүріп, олар бір-бірімен күресіп жатса,  онда мемлекеттік билік институттары әлсірейді. Ол кезде жоғары биліктің ең алғашқы, ең басты құқы - ел мен жерді басқару толық орындалмайды, сол сияқты ең басты міндет – ел мен жерді қорғау да толық жүзеге аспайды. Оның кері зардаптарын ең алдымен елді қалыптастырып отырған – халық көреді. Оның нақты мысалына,XVIII ғасырдың 20-40-шы жылдарындағы Жоңғария тарапынан болған жорықтарға ойдағыдай төтеп бере алмау жатты. Дегенмен де, әлі де болса сол тұста әр жүздегі хандардың басшылығымен сыртқы жауға қарсыуақытша бірігіп күресуі ел мен жерді қорғап қалуға мүмкіндіктер берді. Сол кездегі ондаған, жүздеген батырлардың ерліктері әлі күнге дейін ел есінде сақталып отыр.
     Ал енді XVIII ғасырдың соңғы және XIX алғашқы ширектерінде хандық биліктің мүлде әлсіреп, одан кейін Ресей тарапынан жойып жіберуін – ең алдымен, ел мен жерді басқару мен қорғауды ұйымдастыратын ұйымды, яғни мемлекеттілікті  жойып жібереді. Басқаша айтқанда, ел мен жерді басқару және қорғау ісімен  ешкім де айналыспай, ел басқарусыз және қорғаусыз қалады. Мұндай сәтте көрші елдердің қарап қалмайтыны өзінен өзі түсінікті жайт.
      Дәл осы кезеңде, яғниXVIII ғасырдың соңы мен XIX ғасыр басында  Қазақ хандығында бытыраңқылық күшейіп, тереңдей түскен кезеңде Орта Азия аумағында үш саяси күш, үш мемлекет – Қоқан, Бұхара және Хиуа хандықтары  күшейе түседі де, Оңтүстік Қазақстан, Сырдың орта және төменгі ағысы бойы мен Арал теңізі маңындағы жерлер мен өңірлерге және сол жерлерде өмір сүретін  қазақ ру-тайпаларына тырнақтарын батыра бастайды. Әсіресе, Қоқан мен Хиуа хандарының әскерлеріне арқа сүйеген осы хандықтардың өкілдері жергілікті халықты көп тонаушылықтарға ұшыратады. Бұл туралы отандық тарих ғылымында арнайы  зерттелген монографиялық еңбектер бар.  Ол еңбектерде ортаазиялық хандықтардың қазақ ру-тайпаларына жасаған әр жылдардағы келтірген зорлық-зомбылықтары мен талан-тараждары нақты деректерге негізделіп келтіріледі.  Қазіргі қазақ тілінде қолданыста жүрген  «қоқан-лоққы», «қоқаңдады» деген сөздердің пайда болуын зерттеушілер осы кезеңмен байланыстырады.
      Міне, осы тұста қазақ мемлекеті толығымен күйреп, сонымен бірге  ел мен жерді басқару және қорғау ісі де күйреген кезде халықтың өз ішінен мемлекеттің ең басты міндетін атқару үшін, яғни ел мен жерді қорғау ісін ұйымдастыру үшін Жанқожа батыр секілді тарихи тұлға тарих сахнасына шығып, оның мінберіне көтеріледі. Ел намысын ту еткен батыр баба өмірінде үш елдің – Қоқан, Хиуа хандарының озбырлығы мен езгісіне жәнеРесей империясының отарлық саясатына қарсы тұрады, қару алып қарсылық көрсетеді. Көзі тірісінде-ақ Жанқожа батырдың тұлғасы тарихқа еніп, аңызға айналып кетеді. Батыр бабаның шығу тегі мен ата-бабаларына қысқаша тоқталып өтсек.
     Шежірелік материалдар бойынша батырдың шығу тегі былайша болып келеді: «Әлім – Жаманақ (Шекті) – Өріс – Есенәлі Кішкене – Құттық – Майдан – Құлжаман – Киікбай – Нұрмұхаммед (Нұрымбет) – Жанқожа батыр».  Батыр бабаның атасы Киікбай өзі өмір сүрген заманда әрі батыр, әрі би болып, Әбілқайыр ханның үзеңгілес серігі болған екен. Әбілқайыр ханның ұрпақтарының бірі Елекей (Ермұхаммед) сұлтан  Қасымұлы  Жанқожа батырға  жазған хатында мынадай жолдар кездеседі:     « ... Менің атам Әбілқайыр хан болған кезде, сенің атаң  Киікбай оның биі және батыры болды...». Ал батырдың атасы Киікбай болса, Кіші Жүздің  Жетіру тайпалық бірлестігіндегі  Тама райпасынан шыққан атақты батыр Есет Көкіұлының қарындасы Тәжіге үйленіп, одан Жанқожа батырдың әкесі Нұрмұхаммед туылады. Нұрмұхаммед 1792 жылы Хиуа хандығының зекет жинауға келген әскерімен болған қақтығыста қаза табады.
    Қазақ халқында тектілік қасиет туралы мынадай жақсы шумақтар бар:
«Тектіден текті туады,
Тектілік тұқым қуады.
Тектілердің тұяғы,
Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін,
Қатерге басын қияды.
Жақсы, жаман деместен,
Жанына жұртын жияды...»
       Осы шумақтағы әр жол тікелей Жанқожа батырға арнап айтылған секілді. Жанқожа батырдың  өмір жолы тектілікпен басталып, халқы үшін, әділдік үшін тура, қиын жолды таңдайды. Басын сан рет қатерге де қияды, халқының азаматтарын жанына жиып, талай рет жауына қарсы шығады.
     Жанқожа батырдың бойындағы батырлық қасиеттер оған ата жолымен де, нағашылар жолымен де келген деуге болады. Ел аузынан жиналып, жарық көрген материалдарда Жанқожа батыр 15 жасынан бастап көзге түсе бастайды. Олардың бірінде көш-қонды бөлуде әділетсіздік жасаған Сыр бойындағы беделді бір басшыға 15 жасар Жанқожа қару көтерген делінеді. Ал тағы бір ел арасынан жиналған материалда 17-18 жасар Жанқожа қарақалпақ бегі Тықы батырды ұрыста өлтіреді. 
Жанқожа батыр жайындағы архивтік материалдарды, ел аузындағы аңыз-әңгімелердің мәліметтерін, тарихи жырлардағы материалдарды, сондай-ақ  орыс шенеуніктерінің, Ресей Бас штабы офицерлерінің  жазбаларындағы деректерді, яғни батыр бабаға қатысты әзірге  ғылыми айналымдағы барлық  материалдарды жинастырып, бір тарихи желіге салсақ, онда баба өмірінің кезеңдерін былайша көрсетуге болады.
  1. 1790-шы жылдар –Жанқожа батырдың 16-20 жастардағы кезі. Бұл кезде ел ішіндегі руаралық әлімжеттік пен әділетсіздіктерге қарсы үн қатып жүреді; сыртқы күштердің кенеттен болған жорықтарына сарбаз, жасақ ретінде қатысып, көзге түсе бастайды; ел аузына іліне бастайды.
  2. XIX  ғасырдың 10-20 жылдар -  өз руының белгілі адамы, танымал тұлғасы ретінде мойындалады. Арынғазы Әбілғазыұлының қолдаушысы болады.
  3.  1830-1840- шы жылдар. Оңтүстік Қазақстан, Сырдың орта және төменгі ағысы бойындағы Қоқан, Хиуа бекіністеріне шабуылдар жасап, қирату; бұл хандықтардың салық жинаушыларына қарсы күресу; Кенесары ханмен бірігіп Созақ бекінісін алу.
  4. 1850-ші жылдар. Сырдың төменгі ағысы бойында орыс отаршылдығына қарсы күреске шығып, басшылық жасау болған екен.
      Қарап отырсақ, батыр баба өмірінің 70 жылдай өмірі тек күрестермен өткен екен. Сондықтанда оның есімі тірі кезінде аңызға айналып, ол өмірден өткеннен кейін де зерттеушілердің назарын өздеріне аудартып, күні бүгінге дейін олардың басты тақырыптарының біріне айналып келеді. Соларға назар салып көрсек.
      Жанқожа батырдың тұлғасына алғаш назар аударған XIX ғасырдағы Ресей  Әскери Бас штабының офицері, этнограф Л.Л.Мейер болды. Ол өзінің 1865 жылы шыққан еңбегінде Жанқожа батыр бастаған көтерілістің себептерін көрсетеді. Л.Мейер  батыр бабаны  суреттей отыра,  оны Арынғазы ханмен теңестіреді.  Келесі автор В.Аничковтың «Киргизской герой (батыр) Джанходжа Нурмухамедов» атты еңбегі Жанқожа батырдың көтерілісін біршама толыққанды етіп көрсеткен еңбек болып саналады. Автор сол кезеңдегі Қазалы фортындағы құжаттарды және Жанқожа батыр көтерілісіне қатысқан адамдардың естеліктерін, сондай-ақ ауыз әдебиетінің материалдарын пайдаланған. Осы дерек көздеріне сүйеніп Жанқожа батырдың Хиуамен және Ресеймен қарым-қатынасын, оның күресінің себептерін ашып көрсеткен. Ол көтерілістің отаршылдыққа және сұлтан-билердіңшамадан тыс озбырлығына қарсы бағытталғандығын ашып жазады. Сонымен бірге Қазалы уезінде өзі жинақтаған фольклор материалдарын да жарыққа шығарады. Соның ішінде Мұрын жыраудың аузынан жазып алынған әңгімелердің орны ерекше. Онда Жанқожа батырдың жастық шағынан қызықты мәліметтер келтіріледі және ешбір жерде кездеспейтін батырдың Кенесары ханмен бірге Созақ бекінісіндегі қоқандықтарға қарсы жорығы жөнінде баяндалады.
      Жанқожа батыр туралы Бас штаб академиясының  әрі генералы, әрі профессоры А.И.Макшеев (1822-1892) өз жазып өтеді. Ол Жанхожа батыр бастаған көтерілістің әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты руындағанын айта келе, батырдың жеке өзіне, оның қызметіне тоқталып өтеді. Жергілікті қазақтар арасында зор беделі бар екендігін жазады, 1860 жылы билеуші-сұлтан Елекей Қасымұлының қолынан қаза тапқандығын назарынан тыс қалдырмайды. Сондай-ақ Жанқожа батыр туралы патшалы РесейдіңА.И.Добросмыслов, Ф.И.Лобысевич, А.Г.Серебрянников секілді мамандарының еңбектерінде мәліметтер кездеседі.
      Жанқожа Нұрмұхамедұлы  бастаған көтеріліс тақырыбы кеңестік тарихнамада біршама жақсы қарастырылған деуге болады. А.Якунин мен В.Шахматовтың бірігіп жазған мақаласында батыр бастаған көтерілістің сипаты, мақсаты, барысы  қарастырылады.  Сонымен бірге М.Вяткиннің және 1943 жылғы академиялық Қазақ ССР тарихында Жанқожа батыр көтерілісіне жақсы баға беріледі.
      Жанқожа батыр бастаған көтерілісті арнайы түрда зерттеген тарихшы Т.Шойынбаев болдыОл 1949 жылы осы көтеріліске қатысты жеке монографиялық еңбегін жарыққа шығарды. Жанқожа батыр және ол бастаған көтеріліс тақырыбы энциклопедияға енгізіледі.
       Отандық тарихнаманың тәуелсіздік кезеңінде де Жанқожа батыр бастаған көтеріліс мәселесі жаңаша тұрғыда қарастырыла бастады. Осы тұрғыдағы алғашқы еңбектер қатарына Ә.Оспановтың әдеби деректік шығармасының алар орны ерекше. Сондай-ақ көп жылдардан бері Жанқожа батыр туралы зерттеулер жүргізіп жүрген және бірнеше кітаптары жарық көрген белгілі жазушы Молдахмет Қаназ бен әдебиетші-энциклопедист Самат Қалуов құрастырған «Ел қорғаны ер Жәкем» атты жинақта батырға қатысты мол материалдар жинақталады.Бұл жинақтың Жанқожа батыр туралы болашақ зерттеушілерге тигізер көмегі өте көп.
Жанқожа батырдың тарихи тұлғасына арналған зерттеулерге шолу жасай келе, батыр баба туралы жазбалар мен зерттеулер ол дүниеден өте салысымен жарық көре бастап, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқанын байқаймыз. Біздің ойымызша, бұл іс ешқашан тоқтамайды да. Өйткені, елдік намысты ту етіп ел мен жер үшін күрескен тұлғаны халқы ешқашан ұмытпақ емес. Әр дәуірдегі қазақ халқының ұрпақтары Жанқожа батырды зерттеу арқылы тұлғаның болмысынан өзіне қажетті үлгі-өнегені ала береді демекпіз.
     Осылайша, Жанқожа батырдың 250 жылдық мерейтойына арналған мақаламызды аяқтай келе мынадай тұжырымдар жасаймыз.
      Біріншіден, Жанқожа батырдың дүниеге келген кезі мен өмір сүрген жылдары қазақ мемлекеттілігінің күйреуінің соңғы кезеңі мен мүлде жойылған кезіне сәйкес келеді екен. Бұл дегеніміз – мемлекет ел мен жерді басқаратын және қорғайтын ұйым болып, ал мемлекет басшысы сол құқық пен міндетті тікелей иеленген тұлға болып саналады. Мемлекеттілік күйреген кезде ел мен жерді бір орталықтан басқару мен қорғау ісі де  күйрейді. Жанқожа батырдың өмір сүрген жылдары осындай заманға тап келеді.
     Екіншіден, тектілік қасиеті ата-бабасынан бойына дарыған және батырлық қасиеті бойынан табылған Жанқожа батыр жас кезінен бастап ру-тайпа ішіндегі және ру-тайпааралық әділетсіздіктерге қарсы шығып, көзге түсіп, елге танылады. Арынғазы ханнан кейін бірден ел мен жері үшін сыртқы күштерге қарсы шыға бастайды.
     Үшіншіден, өз ру-тайпасына басшылық жасай отыра, өңірдегі басқа да ру-тайпа жетекшілерімен бірігіп, Қоқан мен Хиуа хандықтарының шабуылдарына, олардың жазалаушы әскерлеріне қарсы күрес жүргізеді. Кенесары ханмен бірге Созақ бекінісін талқандайды.
     Төртіншіден, Ресейдің отарлық саясаты мен езгісіне қарсы халық көтерілісіне басшылық жасап, ашық майданға да шығады. Осылайша, батыр баба елі үшін, жері үшін қай кезде де болмасын өмірінің соңына дейін намысын таптатпай өтеді.
      Жалпы қорыта келе айтарымыз, ел мен жер үшін қан төгіп, жан берген тұлғаларды халқы ешқашан ұмытпай ұмытпайды. Олардың есімдерін әрқашанда  жаңа буын мен жас ұрпаққа үлгі-өнеге етіп отырады."
08 қараша 2024 ж. 110 0