Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Қиын

– Сіз нені қиын дейсіз?
– Қиынның қиыны – өмір сүру.

– Неге? – дейді сауал қоюшы.

– Түсіндірейін. Өмір сүрудің қиын болатыны, өмір – бағдарлама. Балалық шақта өмір – бағдарлама дегенге мән бермейсің, кем-кетікті толтыратын ата-ана, тәрбиеші, мектептерде ұстаздар бар. Есейе келе өмір – бағдарлама екенін өзің сезінуің қажет.

Өмір – бағдарлама, яғни ол өмір сүру мүмкіндігі. Ес жидың, енді жауап­кершілік өзіңде. Ержеткен бозбаланы, бойжеткен қыз баланы өмір – бағдар­ламасының жауапты кезеңі күтіп тұр, ол – өмірлік жол таңдау.

* * *
Қазіргі жағдай. Қиыншылық әркім­нің басында. Мемлекет басшысына қандай қиын десеңші. Әйтеуір, сенге­німіз – Президент, ол – дипломат.

Қиыншылықтың шешімдерін көре білетін, әрине дипломат басшы. Мем­лекет басшысына ұзақ ғұмыр тілейік.

Қиын дегенде, жеке басыма қатыс­ты айтсам, нендей қиыншылықты көрмедік.

Су құдықта, әжетхана далада, күн қыста суықтың суығы, ал өмір сүріп көр. Киім жұтаң, тамақ тапшы, әйтеуір қалай екенін айту қиын, көңіл көте­рің­кі сияқты. Жақсылықты аңсау бар, арман-үміт бар. Сөйтіп, ержеттік. Ержете келе түсіне бастадық, басқа әлем, өзге елдер бар, олардың тұрмысы, бізден көш ілгері. Неге, біз мешеуміз. Ойға салсақ, қиын­­дықтың көкесі социализмде екен. Нобель сыйлығының лауреаты, «Құл­дық­­қа жол» кітабының авторы Фридрих ­Хайек дұрыс айтқан, «социализм – құл­дық қоғам».

Социализм кезінде тәуір тұрмыста болғандар менімен келіспейді. Рас. Олар жақсы ғұмыр кешті, біздерге қарағанда. Бірақ бәрібір олар да қиыншылықтың құлдары еді.

Қиын не амал бар. Саясат өртеніп тұр. Қымбатшылық елді буып барады. Келешегіміз жастар жан-жаққа жал­тақтай бастады. Амал болса, шетелдерге асып кетпек. Ол қиыншылықтан шығу емес, оның батпағына бату. Оны, әзірше, жастар сана-сезімдеріне салар емес. Бізге үлкендерге олар үрке, сенімсіздікпен қарайды. Кінәлі алдыңғы ұрпақ. Рас. Бірақ бізде қандай мүмкіндік болды, нендей мүмкіншілікті өткеріп алдық. Жә-рар, өткен өтті, болары болды, бояуы сіңді. Санаға таңба болып қалды. Ал бүгінше, біз қандай мүмкіншілікті ескермей отырмыз.

Күні ертең қазіргі жастар біз секілді егделенгенде, кейін жас буын не айтпақ? Олардың алдында не деп ақталмақпыз? Мәселе – адамшылықта. Шәкәрім 1912 жылы осы мәселеге арнайы тоқталып, жұртшылыққа сауал қойып еді: Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма? Кесімді жауап беру қиын. Шәкәрім қажы сауалды жұртшылыққа 1912 жылы «Айқап» журналы арқылы қойғаннан бері қаншама заман өтті.

Шәкәрім заманында қазақтың өз би­лігі қолдан кеткен. Біз патшалық Ресей­­дің боданы едік. Бодан елдің азаматтарында адамшылық толық бол­майды. Пысықтарға жол ашық.

Қазір Тәуелсіз елміз. Мұндай жағ­дайда Президент адамшылықтың кең өрісі адал адам деген идея ұсынды. Дөп айтылған сөз. Адал азаматтар қа­зіргі саяси билік тұсында болмағанда қашан болмақ? Сондықтан, Шәкәрім сауалына жауап – адамшылық молайып барады, деуіміз керек. Алайда менімен келіспейтін аға­йындар да жеткілікті болуы мүмкін. Адам­шылық туралы әр текті пікірлер бо­луы табиғи жағдай. Біз адамшылық де­генді «адамгершілік» дегенмен айырбас­тап жүргеніміз де бар.

Адамшылық кең өріс алуы үшін әрбір азамат өзін тәуелсіз сезінуі керек. Тәуелсіздікке жеткен адам ғана еліне, хал­қына адал болмақ.

Міне, нағыз адамшылық осы.

Шәкәрім сауалды қазақтардың жақ­сы мен жаманды ажырата алмаған ке­зін­де күн тәртібіне ұсынған. Бүгінде қазақ­тар жақсы мен жаманды ажырата ала­тын деңгейге жетті.

Мемлекетке адал қызмет – мұсыл­ман­дық. Адал азамат – иманды қазақ. Осылай болса, өзге этнос өкілдері де адал азамат болуға ынталы болмақ. Мемле­кет – азаматтың қорғаны.

Адал азамат – мемлекеттің тірегі. Адалдық негізі адамшылық деп түсін­ген абзал. Сондықтан әділеттілік мем­ле­кеттің діні дейміз. Әділеттілік – адамшы­лықтың саяси формуласы. Әділеттілік адамшылық, кісілік, парасаттылық, азаматтық дегендердің жиынтығы, әділеттілік тармақтары.

Хакім Абай әділеттілікті Хақ жолы деген. Әділеттілік – тура жол, мәселенің қиындығы осы сананың сіңуінде.

Мемлекет басшылары әділеттілік дегенді тереңнен ойлап, ұқса, қазіргі қырғын-соғыс, бітпейтін бітеу жара бола ма?

* * *

Неге осылай? Тағы да қайтара айтамын, мәселе социализмде, авторитаризмде, әлемдік саяси ел басқару жүйе­лерінің әлі де сақталып отырған архаикалық болмысында. Айталық, мемлекетті 30 жыл тапжылмай басқару деген не? Бұл қиынды қиындату. Әлемге өзгеріс керек. Авторитаризмді аластату өзгерістің басы болмақ.

Демократия, либерализм дегендер әншейін ойлап табылған жайлар емес.

* * *

Тарихи тақырыптарға арналған киноларды, шығармаларды көреміз, оқимыз. Сонда көңілге түйген жай патшалық, хан­дық, сұлтандық т.б. жеке басқа ар­нал­ған монархтық басқарудың бәрі-бәрі қате екендігі. Социалистік бағыт­тағы елдер авторитарлық басқару жүйе­сінен арылар емес. Бұл жүйеге біз де тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында малтығып шықтық.

Шықтық деймін, анығында сол жүйе­ден мүлдем арылдық па – қиын сауал. Бұған жауапты қазіргі сауатты, білімді, парасатты жастар айтсын.

Біз, қиыншылықты көп көрген қор­ғаншақтау келеміз. Қиын істің қыры көп.

Біздің ұрпақ – қан шықпаса, жара емес деп, бітеу жараны жара емес деп өскен қоғамның азаматтарымыз. Сон­дық­тан, бізге жастар алдында шешіліп сөз сөйлеудің өзі қиын.

Ғарифолла ЕСІМ,
академик

Ақпарат көзі: egemen.kz
20 желтоқсан 2024 ж. 138 0