Нүрикамал – көркем өмірдің көрінісі
Күндей ашық жанарың-ай.
Қолым жетпей сөзім де өтпей,
Жаутаңдадым қабағыңа-ай, қарағым-ай... деген өлең жолдары үлкендердің жүрегінен бұрыннан жол тапқан. Тағдырлы туынды ел аузына тағы да қайта оралды. Оған себеп – кинотеатрлардан көрсетілген көркем фильм. «Нурикамал» әнінің шығу тарихымен тығыз байланысты фильм халық арасына тез танылып, тіпті екі түрлі пікір тудырып үлгерді.
Бәріміз білетіндей, «Нурикамал» әнінің авторы Тұрдықылыш Ізтаев пен сөзін ақын Ханбибі Есенқарақызы жазған. Олар ерлі-зайыпты жандар. Ән 1988 жылы жарыққа шыққан.
Бірде аймаққа жаңа басшы сайланып, соның құрметіне табиғат аясында отырыс өтеді. Ондай кездесулер әнші, ақынсыз өтуші ме еді. Тұрдықылыш ағамызбен Ханбибі апай да шақырылады. Сонда қызмет бабымен жаңадан келген Нурикамал есімді жас қыз да қонақ болады. Сұлу қыз келген сәттен ер адамдардың көңілі мен көзін баурайды. Солардың ішінде Тұрдықылыш Ізтаевтың ықыласы ыстық еді.
Кейін ақынның айтуы бойынша, жарының күйсандық алдында отырып ән шығарғанын көріп, «Айтқың келгені осы ма еді?» деп сөзін өзі жазып беріпті. Сол сәтте қазақ әнінің қоры «Нурикамал» туындысымен толықты.
Ханбибі Есенқарақызы басында жары Нурикамалға ғашық екенін білгенде «Менен қай жері артық?» деп ойлағанын жасырмайды.
«Нурикамал – өмірде бар лауазымды қызметтегі сұлу бойжеткен. Әуелі «Ол қандай адам, менен артық па?» деп ойладым. Әйелдің барлығында дерлік эгоистік сезім болады. Бірақ көбі жағдайдың байыбына бара бермейді» дейді Ханбибі Есенқарақызы бір сұхбатында. «Нурикамалмен танысқан соң жолдасымның талғамына риза болдым. Оған ғашық болмау мүмкін емес. Мен әнді Естайдың Қорланына теңедім» дейді ол.
Ал осынау махаббат оқиғасынан туған әннің басты кейіпкері Нурикамал кезінде Торғай және Ақмола облысының мәдениет басқармасында 20 жыл жетекшілік еткен. Кейін Шымкентке облыстық лауазымды қызметке шақырылған. Ән авторларымен сол Шымкентте табиғат аясындағы отырыста танысқан.
Ән дүниеге келгеннен кейін Фариза Оңғарсынова Нурикамалды қонаққа шақырған. Бұл Тұрдықылыш пен Ханбибінің үйі екен. Сол кезде ол алғаш рет өзіне арналған әнді тыңдайды. Кейін екі отбасы өмір бойына жақсы қарым-қатынаста болған.
Иә, фильмде бұл таныстық пен әннің шығу тарихына қатысты барлық көрініс бар. Муза іздеген композитор мен оның бір сәтте көзіне оттай басылған Нурикамалды кездестіруі және жаны қиналса да өлең шығарған Ханбибі Есенқарақызы.
Бұл киноны түсірген режиссердің айтқысы келгені не? Міне, дәл осы жерде көрерменнің пікірі екіге бөлінген. Бірі ақын қыздың, ақын ананың сезімінен өнерді биік қойғаны десе, енді біреулері күйеуінің әйеліне деген сатқындығын дәріптеу дейді.
Кеше ғана аудан жастарының қолдауымен қалалық мәдениет үйінде «Нрикамал» фильмі көрсетілді.
– Кино үзінділерін әлеуметтік желілерден көргенмін. Аралда көрсетіледі деген соң қызықтым. Меніңше фильмді ересек, ақыл тоқтатқан жандар көруі керек. Әйел адамның соншалықты мықты болғанын көру де оңай емес. Екінің бірі Ханбибідей бола алмайды. Өнер адамы десек те әдемі әйелге көзі түскен Тұрдықылыш мырзаның ісі жөнсіз деп санаймын. Жалпы фильмдегі актерлық құрам, рөлді ойнау шеберлігі жақсы. Десе де оның халыққа берері мен салған ойына баса назар аударған жөн, – дейді қала тұрғыны Қырмызы.
Мұндай пікірлер әлеуметтік желіде де тарап жатыр. Әйелдер қауымының ойынша, отбасылық араздықты тудыратын көрінісі бар фильмді көрсету дұрыс емес. Тіпті кей жерде Тұрдықылыш мырзаны ерлік жасаған кейіпкер ретінде көргендерін айтады. «Өзгені сүйген еркекті қалай ақтап аламыз», «қазіргі өзекті мәселенің бірі ғой, оны неге насихаттай береді», «әйелдер ондай қарым-қатынасқа лайық емес, неге көніп жүре беруі керек» дейтіндер де табылады.
Ал «Нурикамал» фильмінің көзі тірі кейіпкері, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызының ойы бөлек.
– «Нурикамалдың» Шымкентте өткен премьерасына қатыстым. Жалпы көп фильмдерге қарағанда дұрыс фильм сияқты көрінді. Елдің бәрі тек осы фильмді күтіп отырғандай түрлі пікір білдіріп жатыр. Маған да жан-жақтан телефон соғып жатқандар көп. Көбісі оң пікір айтады. Ал менің айтарым мынау, әр адам бұл фильмді өзінің таным-түсінігіне қарай қабылдайды. Фильмнің бағасын мен емес, халық береді, – дейді Х.Есенқарақызы.
Туындыдағы Ханбибі мен Нурикамалдың өзара әңгімесі де өмірден алынған. Оны Ханбибі апай жасырмайды. «Иә, «арамызда бір тентек жүре берсін» деп Нурикамалға ұсыныс айттым. Бірақ композитор өзі ғашық болды да, өзі қойды. Бұл ұсыныстан бас тартты. Жалпы, еркек адамдар ақылды әйелді ұнатпайды ғой...» деп жауап берді ол сұхбатында.
– Бұл әннің тереңдігін ешкім түсінбей жатыр. Бұл – бір Алланың берген махаббаты. Орысша айтқанда, «платоническая любовь» дер едім. Бұл жерде менен басқа ешкім қиналған жоқ. Композитор да орнында қалды. Кейіпкер де орнында қалды. Әннің сөзін жазып берген мен де өз орнымда отырмын. Сондықтан біздің ешкімге зиянымыз тиген жоқ. Үшеуміз де қалай бармыз, солай қалдық қой. «Нурикамал» – таза махаббаттан туған ән. Үш кейіпкердің жанының тазалығынан болар, оның көпке тарап кеткені. Әннің төңірегінде түрлі әңгімелер айтылып жатады. Бірақ, әннің еш жазығы жоқ қой. Кейде «осы кино неге шықты екен, сау басымды саудаға салдым ба?» деп те ойланамын. Бәлкім, кейбір көрермен фильмдегі оқиғаны көзге шөп салу деп қабылдап жатқан шығар. Бірақ, менің жолдасым Нурикамалдың қолынан ұстаған адам емес. Бұл тап-таза махаббаттан туған таза ән болып қана қалды, – деді ақын.
Режиссер Ернат Байұзақ та фильмді көрмей жатып сынап жатқан көрерменге жауап берді: «Қазір біз әлеуметтік желіден фильмге қатысты жылы пікірлерді де, хейтті де көріп отырмыз. Көрермен қандай пікір жазса да, фильмді көріп болған соң ғана жазса екен деген тілегім бар. Көрмей жатып, «бұл – нашар фильм» деп сырттай баға беру жаңсақ секілді.
«Адамның тағдыры адамға қашан да қызық. Бұл фильмде де өзгеге ұқсамайтын бір тағдыр жатыр. Қазір фильмді көрген оқырмандардың бірі Ханбибі апамыздың әрекетін даналық десе, енді бірі мықтылық деп бағалап жатыр. Менің ойымша, бұл – жай ғана бір адамның тағдыры. Сол кезде қандай шешім қабылдаса да, қандай сезімде болса да, оның бәрі Ханбибі апамыздың ішінде қалды. Осы фильм арқылы көрерменнің көкірегіне ой салып жатсақ, онда ол біздің мақсатымыздың орындалғаны» дейді ол.
Иә, әрбір фильмді қазақ киносының қорына енген алтын туынды десек, «Нурикамал» да жоғары бағалануға лайық.
Г. САҚТАПОВА