Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Тәртіпшіл һәм қоғамшыл

Тәртіпшіл һәм қоғамшыл

Адамзаттың қоғамдағы орнын анықтайтын өлшем не десек, бұған көзі тірісінде академик М.Қозыбаев жауап беріпті: "Біреулер ол өлшемді жасымен мөлшерлейді, ал екіншісі істеген қызметінің лауазымымен межелейді, үшіншісі бір жерде ұзақ істеген қызмет мерзімімен бағалайды. Меніңше, ол өлшем – пенде ата-анасынан, қоғамнан алған тәжірибесінен өсіріп көңіліне жадына, жанына ғана емес маңына, қоғамға жақсылық себуінде... Арды, ұятты, намысты, парасатты бойына дамытуды, еліне арнап қарымды, қажырлы еңбекті ағытуда, ата салтын дамытуды" деген екен. Академик аға айтқандай, қоғамға, еліне, жеріне еселі еңбек етіп жүрген азаматтарымыз аз емес. Солардың бірі – ауданға танымал ар-ұятты, намыс-парасатты бойына сіңіре білген, қажырлы қайырымды еңбегімен ел құрметіне бөленген, мінсіз қызметі үшін бірнеше төсбелгінің және "Құрметті ардагер" медалінің иегері, Самбо күресінен үш дүркін облыс чемпионы, Таңатов көшесінің көше комитетінің төрағасы Бекмұрат Жалымбетов туралы айтпақпын.
Бекмұрат Елемесұлы 1967 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Әкесі Елемес Жалымбетов 1926 жылы туылған. 1943 жылы Отан соғысына аттанып, Семей қаласында сержанттар курсын тәмәмдаған, қан майдандағы ерлігі үшін "Қызыл жұлдыз" орденімен және басқа да медальдармен марапатталған. Соғыстан 1950 жылы елге оралған. Зейнеткерлікке шыққанша Арал қаласында орналасқан "Чайка" әскери бөлімінде абыройлы еңбек еткен, абыройлы, айтары бар ақсақал болған екен. Анасы Ырзалиева Мадина 1935 жылы туылған. Алты перзенттерін дүниеге әкеліп, ошағы оттан түспеген, ауылына сыйлы, алтын құрсақты ана болған деседі.
Бекмұрат 1984 жылы №220 орта мектебін бітірді. 1985-1987 жылдар аралығында Волгоград облысы, Камышин қаласында әскери борышын өтеді. 1988-1991 жылдары Арал аудандық 11Б-де қатардағы Ішкі істер Министрлігінің орта арнаулы заңгерлер дайындайтын аймақтық полиция инспекторлар саласы бойынша оқуға курсант болып қабылданып, 1994 жылы бітіріп, Лейтенант шенін алып шыққан. Сол жылдан бастап аудандық ІІБ-нің аймақтық полиция қызметкері болып тағайындалды. 2002 жылдан бастап Қаратерең және Жаңақұрылыс елді мекендерінде тұрақты 10 жыл аймақтық полиция қызметкері болып, сол елді мекендердің тұрғындарымен етене араласып, тәртіпсіздікті бірінші орынға қоя біліп, елдің бір баласындай болып, абыройлы еңбек етті.
Бекмұрат Жалымбетов спортты жан серігім деп түсінген азамат. Сол үшін де үлкен жетістікке қол жеткізді. Самбо күресінен облыстық екі дүркін, аймақтық облысаралық жарыста чемпион атанған. 1989-90 жылдары Самбо күресінен облыс құрама командасының мүшесі болды. Бір сөзбен спорт түрінен де облысқа еңбегі сіңген полиция қызметкері десек те жарасады.
Бекмұрат ініміздің еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Үш мәрте "Мінсіз қызметі үшін" төсбелгісімен, "Отличник полицей" төсбелгісімен, "Құрметті ардагер" медальдары омырауында жарқырауда. Сала басшылығынан алған басқа да марапаттар өз алдына бір төбе десе болады.
Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: "Ерлікті адам жасайын деп жасамайды. Сол сәттегі ерік, жігер, бойдағы күшті рух туғызады. Бейбіт өмірде де кішігірім ерліктер жасауға болады. Ол үшін оның бойында туған елі мен жеріне деген ерекше сезім, өз ісіне шексіз адалдық керек" деген екен. Сол батыр бабамыз айтқандай, тәртіп сақшыларының да кез-келген уақытта қауіпті жағдаймен бетпе-бет кездесіп қалатыны болады. Осындай оқиғалардың бірін айтып беруді Бекмұрат інімізден сұраған едік.
– Бірде сонау 2000 жылдары жаз айларында күндізгі кезекшілік нарядқа шыққан болатынбыз. Қасымда Әділхан Қанатбаев болатын. Күндізгі сағат 12-лер шамасында қаладағы Буденный көшесіндегі бір үйде отбасылық жанжал шығып жатыр деген хабар жетті. Тездетіп біз де жеттік. Барсақ бір қолында пышағы, екінші қолымен шешесінің мойнынан қылғындырып, пышақты кеңірдегіне тақап отыр екен. Жүйке ауруымен ауыратын 1966 жылғы жігіт екенін білдік. Мені көргеннен "Сасықбайдың әруағын әкеліп беріңдер болмаса, шешемді мауыздап тастаймын" дейді. Науқастың жағдайы ауыр, қатты көтеріліп тұрғаны белгілі болып тұр. Енді тездетіп бір шара қолданбаса болмайды, әрбір минут қымбат. Қосымша наряд шақырып та қойдым. Үйдегі қыздар шырылдап айқайлап жатыр.
– Көшеде жазықсыз бишара мастарды ұстағанда мықтысыңдар, енді неге тұрсыңдар, бірдеңе істемейсіңдер ме? – деп жатыр.
– Көріп тұрсыңдар ғой, артық қимыл жасасақ, шешелеріңді пышақпен мойнын орып тастайын, – деп тұр. Қосымша наряд шақырдым деп тыныштандырып жатырмын. Кананов Мараттар, іле-шала жедел жәрдем де келді. Бізге науқастың талабы, барлығың далаға шығыңдар, кетіңдер қақпаның есігін жауып аламын. Әуелі шешеңді босат, сонан соң шығамыз. Сасықбайдың әруағын әкеліп береміз деп те алдарқатып жатырмын. Сол кезде шешесін аулаға сүйреп шығарды. Бізге шығыңдар деп жатыр. Қалай болғанда да бір амал таптым. Науқасқа пышағыңды таста, әйтпесе артыңдағы полицейдің қаруы бар, атып тастайды дегенімде артына жалтақтап қарай бергенде, атылып барып, қос қолыммен қолындағы пышақты жұлып алып үлгердім. Екінші қолын қайырып жерге жатқызып, екі қолын ременмен байлап тастадым. Сөйтіп, жедел жәрдемге мінгізіп жүйке аурулар емханасына апарып тастадық. Артынан ойлап қарасам, сол кездегі спортпен айналысып, Самбо күресінен жеткен жетістігімнің арқасы деп ойлаймын. Басқа да осындай оқиғалармен бетпе-бет кездескен уақыттар да аз болған жоқ, – деп ағынан жарылды кейіпкер.
Бекмұрат Елемесұлы 2012 жылы құрметті демалысқа шықты. Демалысқа шықтым деп қарап қалған жоқ... Көп жылдар бойы өзі тұратын Таңатов көшесінің көше комитетінің төрағасы қызметін абыроймен атқаруда. Көше тұрғындарының өтініш-тілектерін тиісті орындарға жеткізумен қатар, олардың оң нәтижелері де болған. Атап айтсақ: Қала әкімшілігімен бірлесіп, ақылдасып Қарамолда көшесі мен Таңатов көшелері аралығындағы орналасқан көне Арай балабақшасының тозығы жетуіне байланысты екі қабатты ғимараттың тұрғындарға қауіп төндіруімен қатар, қылмыс жасалу орнына айналу қаупін ескере отырып, ғимаратты бұзуға атсалысты. Орталық аурухананың кәріз жүйесінен аққан лас суды малдарымыз ішуде. Тас моланы қоршаған кезде қақпасымен салу жөнінде айтып, орындаған. Және де басқа қоғамдық жұмыстарға қатысып жүрген қоғамшыл азамат екенін білеміз.
Бекмұрат інім жар таңдауда да маңдайлы болды. 1990 жылы қырдың сұлу шынарындай ару қызы Гүлмира Әлмұрзақызымен бас қосып, отау құрды. "Алғаның жақсы болса, бұл дүниенің шырағы" деп бабаларымыз айтқандай, Гүлмира ұлттың салт-дәстүрді берік ұстаған, инабаттылығы көркіне сай, ұрпақтарының ардақты анасы. Ана сүтімен дарыған жайсаң мінезі, әйелге тән үлгі алар қасиеттері, жан тазалығы бір өзіне жарасып тұрғандай. Қонақтардан босағасы босамаған, туған-туыс, жекжаттарды жақындастырып, ошағы оттан түспеген, келіндерінің тәлімгер ұстазы, еліне сыйлы аяулы ана десе жарасады. Гүлмира нарық заманымен ілесіп, кәсіпкерлікті дөңгелетуде.
Жақсы отбасы – бақыттың отаны. Ерлі-зайыптылардың жарастығы бақыт ағашы болса, балалары оның жемісі. Бекмұрат пен Гүлмирадан осы екі қайнардан қанып ішіп, мейірге шөлдемей өскен ұл-қыздары бір-бір шаңырақтың иесі болып жүрген жайсаң жандар екенін білеміз.
Тұла бойы тұңғышы Нұрболат Бекмұратұлы 1991 жылы дүниеге келген. Білімді, білікті кәсіпкер. Келіншегі Мәдина Жананқызы ибалы, инабатты келін болуымен қатар, кәсіпкерлікті дөңгелетуде.
Нұрмұхаммед Бекмұратұлы әке жолын қуып, Арал аудандық ІІБ-де қызметте полицей. Келіншегі Әсел Сағымбайқызы көрегенді, салиқалы келін болуымен қатар, жеке кәсіпкер.
Қызы Ақгүл Бекмұратқызы 2002 жылы туылған, жоғары білімді қаладағы №13 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі. Бекмұрат пен Гүлмира Әлимансұр, Әлихан атты немерелерінің шат күлкісіне бөленуде.
Бақытты шаңырақ дегеніміз жалтыраған сәнді сарай емес, жан-жарының, жақын жоралары мен сүйікті балаларының күлкісі, ырысы мен ынтымағы демекші, туған-туыстарымен, құда-жекжаттарымен тамыры тереңге кеткен, шаңырақтарын кәсіпкерлер ұстаханасына айналдырған, ырысы мен ынтымағы жарасқан Бекмұрат інімнің отбасына амандық, зор денсаулық тілей отырып, кәсіптеріңнен береке таба беріңдер деген ағалық тілегімді жеткізгім келеді.
Аманжол ЖОЛМАҒАМБЕТОВ
25 маусым 2025 ж. 52 0