Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Сыр мен жыр

Сыр мен жыр

«Өнер орталығында» көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Барыс», «Құрмет» ордендерінің иегері Ұлықбек Есдәулеттің «Сыр мен жыр» атты шығармашылық кеші өтті.
Кештің ашылуында театр артистері ақынның «Біз – Түркілерміз!» өлеңіне әзірленген әдеби-музыкалық қойылымды  көрермен назарына ұсынды.
– Біз – түркілерміз,
Көк тәңірден көңілге нұр тілерміз,
Көк аспандай әлі де күркірерміз.
Көк бөрілі көк байрақ көкке шықса,
Қай дұшпанның алдында іркілерміз?
Біз – түркілерміз, түркілерміз! – деп Алаштың айбынын танытқан отты,  рухты жыр шумақтары тыңдаушысын тебірентпеуі мүмкін емес.
Кеш иесіне аймақ жұртшылығы атынан құрмет білдірген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қазақ поэзиясында өзіндік қол­таңбасы бар ақынның шығармашылығына тоқталып, сөздің киесі қонған Сыр елі – жыр елі үшін мұндай жүздесудің рухани маңыз­дылығын атап өтті. – Биыл наурыз айында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтайдың келесі 5-ші отырысын Сыр бойында, бір ғасыр бұрын Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынды. Алқалы жиында қабылданған тарихи шешім аймақ жұртшылығының мерейін асқақтатты. Президентіміз халқымыздың «қазақ» деген байырғы атауы қайтарылған, тарихи әділдік орнаған Қызылордадағы маңыз­ды оқиғалар ел жадында сақталуға тиіс екенін атап өтті. Бұл – біз үшін зор мәртебе, Пре­зидентіміздің өңірімізде атқарылып жатқан жұмыстарға берген оң бағасы деп білеміз.
Бүгінгі шығармашылық кеш – осы атаулы датаға арналған шаралардың бірегейі. Ойлы да сыршыл, қиялы ұшқыр, лирик ақын Ұлықбек Есдәулет – тарих тереңіне бойлап, тамырын қа­ламмен аршып, ұлт мұрасын биік көтерген ерекше дарын иесі, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, ақын Шәһизада Әбдікәрімов Ұлықбек Есдәулеттің қайсыбір шығармасы болсын, түп-төркінінде ұлттық мүддеге сай өмірлік құндылықтар тұратынын, сондықтан да халықтың жүрегіне жақын екенін айтты. Сөзін қорыта келе, бүгінгі қоғамдағы ақын болмысына қатысты өзіндік ой-пайымын өлең шумақтарымен өрнектеді.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ерлан Жүніс кеш иесі Ұлықбек Есдәулеттің ізінен ерген жас ақындарға ағалық қамқорлығы мен қолдауы ерекше екенін айтып, ізгі тілегін жыр жолдарымен жеткізді.
Өмір жолына қысқаша тоқталсақ, Ұлықбек Оразбайұлы 1954 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген. Орта білім алған соң С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, М.Горький атын­дағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстың поэзия бөлімін бітірген. Гума­нитарлық ғылымдар академиясының құрметті академигі.
Ең алғашқы «Қанат қақты» жыр жинағы 1974 жылы жарыққа шықса, одан кейін «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Ұлыстың ұлы күні», «Ақ керуен», «Жаратылыс», «Жүректегі жарылыстар», «Алтай асулары», «Заман-ай», «Киіз кітап», «Ахиллестің өкшесі» өлеңдер жинағының, сонымен қатар, қазақ тіліндегі 5 томдық шығармалар жинағының авторы. Үнді, түрік, фин, африка, алжир, украин, әзербайжан, қырғыз, абхаз, моңғол, саха-якут және басқа халықтардың ақындарының өлеңдерін, М.Лер­монтов, А.Блок, Д.Кедрин, Н.Рубцов шығармаларын қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ, ақын шығармалары шет тілдеріне аударылған. Айта кетейік, Ұ.Есдәулеттің сөзіне жазылған Т.Мұхамеджановтың «Заман-ай» әні сол кезеңде «Семей-Невада» қозғалысының әнұранына айналып, елдің рухын көтерген еді.
Кеште сөз алған ақын Ұлықбек Есдәулет Сыр халқының қазақтың қара өлеңіне деген ықылас, құрметіне алғысын білдірді.
– Сыр өңірі, Қызылорда туралы айтсақ, көңіліміз тарихтың тереңіне бойлап кетеді. Шәкәрім атамыздың: «Сыр – Алаштың анасы» деген сөзі  бүгінде елдің аузында жүр. Ал енді мұсылманның аңыздарына баратын болсақ, жәннаттан төрт өзен ағып шығады, сол төрт өзеннің біреуі – «Сейхун» деп аталады дейді. «Сейхун» деп отырғанымыз осы – Сыр өзені. Сондықтан сөз өнері, жыраулық, шайырлық, әншілік, күйшілік осы өлкеден басталса, соның бәрі тегін емес. Жалпы түрік дүниесінің рухы мәңгілік өмірді іздеген Қорқыт атадан бастау алады. Ал Қорқыт бабамыздың қобызының сарыны үзілмей, әлі күнге осы Сырдың бойында, сайын даланың самалымен күйін тартып тұрғаны ғанибет емес пе?!
Қазақтың намысының, ар-ожданының,  арман-мұратының биіктігі осы рухани жолдан басталады. Бүгінде осы топырақтан айтулы ақындар, батырлар шығып жатса, соның бәрі Жиенбай жырау бастаған Сыр сүлейлерінің, Жалаңтөс баһадүр, Жанқожа  бастаған қаһармандардан қалған қасиет десек болады, – деді Ұлықбек Оразбайұлы.
Кеш барысында Ұ.Есдәулеттің сөзіне жа­зыл­ған Т.Мұхамеджановтың  «Ақ желкен», «Беу балалық», «Құс жолы», Е.Әбдіхалықова­ның «Көздеріңе ғашықпын», И.Крутойдың «Ақ бесік» әндерін, парсы әні «Перизатты» Сыр өнерпаздары әуелете шырқап, көрерменге керемет әсер сыйлады.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz
Фото: облыс әкімдігі
06 шілде 2025 ж. 42 0