11 ҚЫЗ немесе АУЗЫНА ҚҰДАЙ САЛҒАН…
Жетікөл - жақсы ауыл. Өзі қалаға жақын. Әрі кетсе 30 шақырым. Сырдария ауданына қарайтын ел ғой.Осында Амангүл әжем тұрады. 13 бала дүниеге әкелген Батыр ана, 60 шақты немере мен жиенге құшағы толған әже. Айтпақшы, дүниеге келген 13 баланың 11-і қыз.
- Құрсағыма біткені 16 бала болды. Үшеуі шетінеді, – дейді жасынан үй мен түздің шаруасынан қалмаған, әр сөзі нық, әлі де қуатты қарияңыз. – Биыл сексеннің алтауындамыз. Құдай өмір берген 13 ұл мен қызды өрбіттік қой. Шүкір. Сенің маған келгендегі мақсатыңды білдік. Иә, адам бойына жапырақ ет бітсе, оның еркек не әйел екеніне қарап қалған не бар?! Тек татар несібесін мол қылғай. Қатарынан 10 қызды тудық…
Қарияның мына әңгімесінен мен ішегімді тарта бергенмін. Әр әжімі әдемі көрінер әжем әңгімесін үзген жоқ.
- Қырық жасыма дейін ғой. Кіл қызды тапқаным. Ең үлкені Ләззат, одан соң Бағдат, Жанат, Манат, Алтын, Лиза, Күміс, Айман, Мархаббат, Қанағат, одан соң ұл келді, аты - Думан. Тағы қыз тудық, ол - Болғанай. Кенже ұл - Дулат. Қырық алтымда тудым. Бәрінің атын 93 жасаған енем қойды, бәрі бір бесікке тербеліп өсті. Оныншы қызды туғанда енем «осымен қанағат» деп атын Қанағат қойғаны есімде. Шалым Тұрсекең марқұм (Тұрсынәлі-авт) соған өй демепті-ау. «Менің азаматым!» дейтіндей еді. Қазір жастардың арасында мұндай шыдамдылық жоқ қой. Ұл тумаса, ұлы ойбайын салған талай отбасыны көрдік…
…Әжеміздің мына бір естелігі тым қызық. Амангүлдің өз енесі, яғни Тұрсынәлі ақсақалдың анасы бірнеше қыз тапқанмен, оның барлығы сәби кезінде шетінеген. Құтаймапты. Ұлдардан бөлек, жалғыз қыз ғана қалыпты. Ошаққа от жағып, қыздарын ойлап жылайтын шешесіне 12-13 жастағы бала Тұрсынәлі келіп: «Апа, жыламашы, мен саған есіктен төрге, төрден есікке дейін топырлатып қыз туатын келіншек әкеліп беремін» дейтін көрінеді. Қазақ мұндайда «Құдай аузына салғанын қарашы» дейтін еді ғой. Айтқанындай, келін болып түскен Амангүл бірнеше шаңырақтың үзігін жалғаған, бүгінде әр әулетке ұл-қыз сыйлаған 11 қызды дүниеге әкелген…
Кемпір етегіне оралып өскен ұлдың ең әлсіз тұсы да осы. Жөн қартайған, сөзі пәтуалы ақсақал мен әже көрсек, алдына жығыламыз. Мереке қарсаңында осындай дүние жазылды. Толығырақ тұшынайық десеңіз, сілтемені пікірлер алаңына жайғастырдық.
Ержан ҚОЖАС
Фото: Нұрболат Нұржаубай.










