Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алтыннан алқа таққан ана

Алтыннан алқа таққан ана

«Алып анадан туады» дейді қазақ. Ұрпағы жақсы болса ол ананың бала бойына ана сүтімен дарыта білген текті қасиетінің жемісі. Ананың міндеті тоғыз ай құрсағында көтеріп қана қоймай, өмірге әкелген ұрпағының бойына тал бесіктен бастап тәрбиенің дәнін сеуіп, үлкен азамат болып өмірден өз орнын табуға дейін жетелейді. Қазақ әйелінің айшықты келбеті даналығымен, ұлттың біртуар тұлғасына айналған ұлы ұрпағымен дараланады. Міне, біз жоғарыда айтқан ізгілік қасиеті Талайлы апамыздың бір бойына сыйып жатыр. Біз бүгін өніп өскен әулеттің отанасына айналған Талайлы Байарыстанова жайлы сөз қозғамақпыз.
Арал ауданына қарасты іргелі мекен, тұзшылар еліне айналған Жақсықылыш кентіне жұмыс сапарымен бардым. Ондағы мақсатым осында өмір кешіп жатқан халықтың арасынан елеулі еңбегімен, ілкімді ісімен танылған қарапайым адамдармен танысып, олардың өмір жолын көпке үлгі ету болды. Жақсықылыш кентінің тағы бір балама атауы «батыр аналар ауылы» деп те аталып жүр. Оған себеп салыстырмалы түрде алып қарағанда бұл ауылды мекендеген көпбалалы отбасының саны басым болғандығы. Осылайша ауылдың ардақтысына айналған Бердіәлиевтер әулетіне табан тіредім. Белгіленген мекен жайға 7 баланы өмірге әкеліп, 40 жыл мұғалімдік қызмет атқарып, еңбек демалысына шыққан Талайлы әжемді іздеп келген едім. Мені жүзінен мейірім шуағы төгілген, аузынан «айналайыны мен ақұдайы»  үзілмеген әжем жылы шыраймен қарсы алды. Аз-кем таныстықтан соң апам ағынан жарылып әңгіме тиегін ағытты.
– Өзім осы ауылда математиктер отбасында туып өстім. Бауырларымның бәрі дерлік шешуі қиын математика саласын шемішкедей шағатын, сол арқылы аудан атын асқақтатып жүрген жандар. Ағам Рысқұл Ойнаров үлкен академик, өткен жылы «Арал ауданының құрметті азаматы» атағын алды. Өзім Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы иститутты тәмамдаған соң ауылға келіп еңбек жолымды бастадым. Жолдасым Әлқуатпен 1973 жылы шаңырақ көтердік. Аллаға шүкір жолдасыммен тату-тәтті ғұмыр кешіп, өмірге 7 перзент әкелдім. Олардың алтауы ер бала. Және жалғыз қызым бар. Ауылдағы № 19 мектепте 40 жыл мұғалім болдым, - деген анамыз отбасы мен қызмет жолын ұштастыра білген адам.
«Ағаш жапырағымен, адам ұрпағымен көрікті» демекші, Талайлы ананың да ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет етіп жүр. Балаларының біразы теміржол саласында еңбек етуде. Ұлдарының бірі Бек – Екібастұзда зауыт директоры. Ал қызы Индира әскери салада қызмет істейді.
– Өмірге ұрпақ әкелген соң олардың бәрінің шамшырағын жағу керек. Ата-ана баланың бойына жақсы тәрбие сіңіргенде ғана өз мақсатына жетеді. Бұрынғылар не үшін «баламен жетісесің, жетілесің» деген. Ұрпағың – сенің айнаң. Сол сияқты біз де мектепте мұғалім болып өзгенің баласына білім мен тәрбиені қатар сіңірумен бірге өз балаларымыздың да жақсы адам болуына жол сілтей білдік. Өзім де ата мен ене бақтым. Енем 92 жасқа келіп, осыдан үш жыл бұрын қайтты. Тек жолдасым өмірден ерте кетті. Жеті баланың үшеуінің ғана отау құрып, отбасы болғанын қызықтай алды. Ал қалған төрт баланы аяқтандыру жалғыз өзімнің мойныма артылды. Қосағыңмен қол ұстасып, бар қызықты көргенге не жетсін. Бірақ Аланның ісіне амал бар ма? Тағдыр салған сынаққа сынбай, қалған төрт баланы үйлендіріп, қызды ұзатып, олардың бір-бір шаңырақ болуына бар күшімді салдым, – деді Талайлы ана.
Анамыз зейнет демалысына шыққан соң да қарап отырмай тігін мәшинесін ермек еткен. Осылайша ол құрақ көрпеден бастап басқа да үйге қажетті дүниелерді өз қолымен дайындап балаларына сыйлық ретінде жіберіп отырады.
– Қырық жыл деген қарап отырсақ бір адамның ғұмырындай белес. Жастық жігер, ақыл толысқандағы пайым-парасат, үлкейгендегі даналық бәрі сол мектеппен байланысып жатты. Сондықтан бір сәтте бәрінен қол үзіп кету өте қиын. Бұрынан өзім іс тігуге жақын болдым. Қазір ермегім осы машина. Балаларымның керегін түгендеп жүрген жайым бар. Ауылда 3 баламның шаңырағы бар. Солардың ортасында жүремін. Бойда қуатым болған соң немерелеріме қараймын. Келіндер жұмыста, үй тірлігіне жәрдемдесемін. «Ол – келін, сол істесін» деген түсінік жоқ менде, - дейді ол.
Отбасының берекелі тұрмыс кешуі – өзара сыйластықтың жемісі. Талайлы анамыз 25 немере мен 1 шөберенің ардақты әжесі. Сондай-ақ ауылдың тентегін тезге салып, жас отбасылардың шаңырағын шайқалтпай ұстау үшін ақылын айтып, дұрыс жол көрсетіп отыратын үлгілі ана.
Талайлы Байарыстанова анамыздың шаңырағында болып, оның өнегелі әңгімесін тыңдап, батасын алып қайттық. Әйелдік әдемілігін жоғалтпай, ақылы мен адамгершілігін бойға жиған анамыз биыл 70 жасқа толмақ. Апамыз бір сөзінде балаларының той жасап береміз деп қам қылып жатқанын да айтып қалды. Біз әдемі қарттық туралы айтамыз ғой. Әсілі сол сөздің тұжырымдамасын Талайлы анамыз жасап бергендей болды. Мектепте ұрпақ тәрбиесімен айналысып, үйде ата-енеге сүйкімді келін, жолдасына адал жар бола білген, өмірге перзент әкеліп, отанаға айналған анамызға ұзақ ғұмыр тілейміз.
Н. МАРАТҚЫЗЫ

21 қаңтар 2024 ж. 1 487 0