Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыз тәрбиесі қырын кетпесін

Қыз тәрбиесі қырын кетпесін

Қазақ халқы қашанда қыз баласын ерекше қадірлеген. Оны болашақ ана, ұрпақ өрбітуші ретінде жоғары бағалап төрден орын ұсынған.Сондай-ақ ұлттың болмысын қалыптастыратын жан болғандықтан қыз тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған. Содан да болар халық арасында «қызға қырық үйден тию» деген мәтел жиі айтылады. Шынымен де қазақ қызының тәрбиесіне отбасы мүшесі ғана емес, бүтін бір ру, ел жауапты болған. Дәуірлер алмасып, заман ағымы өзгерген шақта біздің ұлттық құндылықтарымыз да жаңаша сипат ала бастады. Соның ішінде қыз баласының тәрбиесі де қырын кетіп жатқандығын жасыра алмаймыз.  
«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді», – дейді дана қазақ. Ұрпақ өрбітіп, келешек келбетін қалыптастыратын, ел мен елді жақындастырып, табыстыратын – жаны нәзік қыз баласы. Соны білген текті халқымыз қыздың тәлім-тәрбиесін, мінез-құлқы, жүріс-тұрысын баса назарда ұстаған. Көненің көзі, асылдың сынығындай қариялардан байырғы қазақ қоғамындағы қыз бен бүгінгі қыз тәрбиесіндегі алшақтық жөнінде жиі естиміз. Тарих парақтарына үңілгеннен кейін де сана сарабынан өткізіп, бұл алшақтыққа өзіміздің де куә болып жатқандығымыз аз емес. Аузын ашса зілі батпандай кесек сөздер мен балағат-былапыт төгілетін, бет жыртысып, шаш жұлысқан қара көздерді көргенде, «қазақ қызы» атауынан бұрын, қыз деген сөзді айтуға арланатынымыз жасырын емес. Ішіңді ашу-ыза кернеп, санаңды «Нені ескермедік? Нені жіберіп алдық?» деген ойлар шырмайды. Расымен де, текті елдің ұрпағы қыз тәрбиесінде нені ұмытты? Нені ескермеді? Талай жыл мемлекеттік қызметте болып, зейнет демалысына шыққан соң ұрпақ тәрбиесімен айналысып «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық қорының аудандағы төрайымы болып отырған Ханзада Әбілғазиева қазақ дәстүрінде қыз тәрбиесі туралы ойын ортаға салды.
– Қазақ халқы қыз баланың тәрбиесіне үлкен мән берген. Қызды әрқашан да қонақ деп, төрге отырғызған. Ол ешуақытта өз әке-шешесінің үйінде төменге отырмаған. Себебі қыз төрге отырса, байимыз, құтымыз өзімізде болады деген сенім болған. Қыз – жат жұрттық. Өскеннен кейін ұзатылып, басқа босағаға баратын болғаннан кейін, қызға, қыздың тәрбиесіне кішкентай кезінен үлкен мән берген. Тіпті, қазақ халқының ерекшелігі, қыз бала дүниеге келгенде-ақ жұмбақтап: «Шырақжағарым келді», – деп айтқан. Себебі адам о дүниеге өткеннен кейін, байырғы, исламға дейінгі дәстүр бойынша қырық күнге дейін сол үйдің әйелі, қыздары қайтыс болған ер адамның артынан шырақ жаққан. Халқымыз қыздың мінез-құлқымен қатар киім киісін де назардан тыс қалдырмаған. Қыздың болмысына, эстетикалық талғамына ықпалынан бөлек, қазақ қызы киген киімнің біз біле бермейтін басқа да мәні бар. Үш-төрт жасынан-ақ қыз балаға бала білезік соқтырып, қолына таққан. Құлағына сырға таққан. Басына тақия кигізіп, тақиясын әр түрлі күмістермен, моншақтармен әшекейлеген. Басына үкі таққан. Мұның барлығы – қыз баланы көз тиюден қорғау. Және кішкентай кезінен қыз баланың эстетикалық талғамын қалыптастырған. Жалпы, қазақ халқында киімнің, әшекей-бұйымның қымбатын қыздар киген, – дейді ол.
Шынында да қазақ қызын көркем сөзбен сипаттайтын қайсыбір көркем шығарманы оқысаң да ондағы қыздың сыртқы киім киісі мен ішкі мінезі әдемі үйлесім тауып сипатталады.  Бір өкініштісі қазір қыздардың киім киісі, жүріс тұрысы, сыртқы келбеттің бәрі де қазақы нақыштан алшақтап кеткен. Сондықтан қыз тәрбиесі бүгінгі қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Себебі, оң босағада отырып етегі түріліп опық жеген, қоғамдағы түрлі қайшылықтарға тап болған қыздар туралы жиі естіп жатамыз. Өзгесін айтпағанда өткен бір айдың өзінде еліміз бойынша 3 өңірде қоқысқа тасталған тастанды бала табылды. Бұл ұлттың қасіреті.
– Жалпы қыз баланың тәрбиесі үшін әрбіріміз жауаптымыз. Сондықтан өмірдің ағысында тосқауылға тап болмас үшін олардың бойына санала тәрбие сіңіруіміз керек. Бұл тұста аудандық жастар ресурстық орталғын студент қыздармен жиі кездесіп, семинар –тренинг сабақтар өткізіп тұрады. Жуырда ғана «Қыз бала-ұлттың ұяты» тақырыбында қыз балалармен кездесу өтті. Мұнда оларған өнегелі әңгімелер айтылып, құнды ақпараттар берілді. Мұдай қоғам үшін маңызды шаралар аудан жастары арасында жиі ұйымдастырылып тұрады, - дейді жастар ресурстық орталғының маманы Қалдыгүл Мырзағұлова.
Алып анадан туады. Кешегі дана тұлға Абайды анасы Ұлжан  дәретсіз емізбеген екен. Бұл тәрбиенің бастау бұлағы әр отбасында өмірге келген қыз балаға бесіктен бастап тазалық пен пәктікті сіңіріп, бой түзеп өсе бастағанда жақсы өнеге көрсететін ол- ана және жеңге. Қазақтың дәстүрлі қоғамында жеңге институты қыз тәрбиесінде маңызды рөл атқарған. Қыз бала анасы мен жеңгесінен жақсы өнеге алса жаман әдетке бармайтыны белгілі. Демек анасынан, жеңгелерінен үлгі-өнеге, тектілік тәлімін сіңіріп өскен қыз баласы өзге шаңыраққа бақ болып, құт болып қонып, жарының ойын, жүрегіндегісін көз-қабағынан таныған аяулы жар, кәусәр, тұма бұлақ болмысымен ұрпағын сусындатқан ардақты ана, қайын сіңлілеріне мінез-құлқымен аты ұлы, болмысы дара «қазақ әйелінің» бітімін насихаттаған өнегелі жеңге бола біліп, күллі елдің тәрбиесіне, тектілігіне үлес қосып, келешегінің іргетасына алтындай кірпіш болып қаланған. Содан болар, «Қазақ әйелі» деген ұғымның өзі биік, өзі дара.
Ертеңгі елдің ұрпағын өмірге әкеліп, оны тәрбиесеп өсіретін қыз бала. Сондықтан қазақ отбасында өмірге келден әрбір бұрымдыға оның ана жақсы тәлім-тәрбие берер болса ұлт үшін трагидиялық мәселе туындамас еді. «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деп көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар, өзінің емес, өзгенің өресін көтермелейтін қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтереді емес пе?! Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау қажет. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, болашақ ұрпақтың анасы екенін ұмытпаған абзал.
Н. Марат
11 қараша 2021 ж. 3 203 0