Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Халық даналығы: «Қызды төрге отырғыз, төреңдей күт»

Халық даналығы: «Қызды төрге отырғыз, төреңдей күт»

Халық даналығында «Қыз өссе – елдің көркі» деген сөз бар. Қыз бала өмірге келсе, бақ келді, шаттық келді деп ерекше қуанып, қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін болған. Содан да болар «Қызды төрге отырғыз, төреңдей күт» дейтін халық қыздарын бақыт құсына балап, ерекше аялап, әлпештеп өсірген. Бүгінгі айдарымызда қыз балаға құрмет, қыз баланы төрге шығару салты туралы әңгімелемекпіз. egemen.kz
Суретте: Қызын төрге шығарған қазақ отбасы, XIX ғасыр аяғы
Ертеде қыз балаға құрметпен қарағаны сонша, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізет сақтаған екен. Ер-тұрманы күмістен әдіптелген сұлу жорғаларды қыздары мен қарындастарына мінгізіп, киімнің таңдаулысы мен әшекей бұйымдардың қымбатын қыздарына ұсынған. Тіпті жаңа түскен жеңгелері де қайын сіңлілерін атымен шақырмай, «Еркем», «Шырайлым» деп еркелеткен.
Әйгілі жазушы Ғабит Мүсіреп өзінің бір сөзінде «Қазақ қызы ұзатылғанша негізінде екі-ақ түрлі жұмыс істейді: көлден су әкеледі, шай құяды. Жұмыстың басқа түріне қайын ененің қолында жаттығады», деп қыз балаға ауыр жұмыс істетпей, әлпештеп өсіргені туралы айтады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Тәттігүл Қартаева қазақ отбасында сақталған ізгі дәстүр – қыз баланы төрге шығару туралы құнды ойларымен бөлісті. Зерттеушінің айтуынша, қазақтар арасында әйелдерге деген өзгеше, ерекше көзқарас қалыптасқан.
«Қазақ қоғамында қазақ әйелінің әлеуметтік еркіндігі «қыз салтанаты», «әйел салтанатынан» көрінеді. Ақжүніс, Баян, Қыз Жібек, Құртқа, Назым, Еңлік, Айманның  шынайы махабаттары мен сұлулығы қазақ эпосының ғана емес, шығыс халқының эпосының лирикалық образына айналды. Қыз-келіншектер бой түзеп, сән-салтанатпен жүрді. Көш кезінде ауылдың сыйлы бәйбішесі, ерке, сұлу қыздары көштің алдына жүре берген. Себебі ер адамдар, ауыл ақсақалдары көштен бірнеше шақырым озып кеткен, кейде әңгіме-дүкен құрып, жолда кідіріп, көштен кеш қалып, артынан көш уақытша тоқтаған кезінде қуып жеткен», дейді Т.Қартаева.
Бала кезден махаббат пен мейірімге қанып өскен қыз баласынан болашақта туған елі мен жерін сүйетін,  өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жақсы көретін қамқор ана,  қайратты жан, нәзік ару шығатыны сөзсіз. Дәл осы себепті қыз тәрбиесінде оның жақсы болып өсуі үшін өскен ортасы мен бірге жүретін құрбы-құрдастарының, дос-жарандарының дұрыс болуын қадағалаған. Қазақтың «Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол», «Қызға қырық үйден тыйым» деген нақыл сөздері сол өмір тәжірибесінен алынғандығын көреміз.
Тарихшы Тәттігүл Қартаеваның айтуынша, белгілі әскери зерттеуші Әбубәкір Диваев 1880 жылдары Сыр бойына жасаған экспедициясы кезінде отбасылық тәлім-тәрбиеге қатысты ырым-тыйымдардың бірқатарын Перовск уезінің қазағы Мұхамедәли Шахмұратовтан жазып алған. Зерттеушінің «Приметы...» атты кітабында (1896) қыз бала тәрбиесі мен тыйым жүйесіне қатысты мәлімет былай деп келтіріледі:
«Қыз бала босағаға отырмайды, яғни алдыңғы бұрышқа, әдетте «ақсүйек» сұлтан тегінен шыққан адамдар мен қарттар отыратын құрметті орынға отырады. Бойжеткен қызға әулеттің ұлмен бірге тең құқықты мүшесі ретінде қарайды және соған орай, оған құрмет жасайды. Жалпы алғанда, оны құрметтейді. Қазақтар өздерінің бойжеткен қызға деген құрметін айқын көрсететін ырым қалыптастырған, бұл – құрмет жөніндегі ереже, сонымен бірге өмірде басшылыққа алынатын кең таралған тұжырымға айналған, мұны орындамаған үй қожасын бақытсыздық, жоғарыдан жаза күтеді».
Сөзімізді түйіндей келе, қыз бала тәрбиесі үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Яғни, болашақ жас ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, өнегелі, өнерлі етіп тәрбиелеу – қазіргі отбасына үлкен міндет. Бүгінгі қазақ отбасы тәрбиенің негізі ретінде ұлттық салт-дәстүрлерді негізге алатын болса, ұтылмайтыны анық.
Ая ӨМІРТАЙ.
23 қазан 2019 ж. 1 166 0