Кенттегі аналармен өткен келелі кездесу

Жақсықылыш кентіндегі белсенді аналардың басын құраған семинар-тренингке әр салада табысты еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан аналар, отбасы мен қоғам өмірін ұштастыра жүріп, жетістікке жеткен әйелдер және өмір табалдырғының белесін жаңа ғана аттаған жас келіндер қатысты. Басқосуда «Әйелдер құқығы мен теңдік» тақырыбы негізге алынды. Кәсіпкер, «Нәзік әлем» қыз-келіншектер клубының негізін қалаушылардың бірі, «IQ» оқу орталаығының директоры Анар Биғалиқызының тренерлігімен өткен басқосу ең алдымен сергіті ойынымен басталды. Әрі қарай жанып тұрған сіріңке сөніп біткенше әрбір әйел өзі туралы қысқаша таныстырып берді.
Қазақ отбасында әйел адамның қай кезде де болмысы биік, беделі асқақ болды. Соның арқасында қазақтың қаншама дана тұлғалары өмірге келді. Себебі әке отбасының асырушысы болса, ана ұрпақтың тәрбиешісі. Қазақта «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» деген халық даналығының астары «әуелі әлдеймен баласын уатқан ананың аузынан тәлімді өсиет шықса ғана ұрпақ ұлы тұлғаға айналады» дегенді меңзейді. Басқосуда кенттегі әйелдер арасындағы мәселе, отбасы құндылығы, тұрмыстық зорлық-зомбылық жайы да сөз болды. Өмірге ұрпақ әкеліп, байтеректей тамырын тереңге жайған аналар жас келіншектерге отбасын сақтау, ата-енені құрметтеу, ерді қадірлеу, балаға өнеге көрсете білу төңірегінде өз тәжірибесімен бөліссе, жас келіншектер отбасылық өмірдегі өз ұстанымдарын айтып, жастар арасындағы ене мен келін ортасындағы түсініспеушіліктің себептеріне тоқталды.
– Кенттегі әрбір шаңырақтың ұйытқысына айналып отырған әйелдер бірімізге әпке, бірімізге сіңіл, біріміздің қызымыз. Сондықтан жас келіндердің жаңа отбасына бейімделіп, ұрпағымен өніп өскен әулетке айналуына қолдау көрсету алдыңғы буын бізге артылған жүк деп ойлаймын. Бүгінгі басқосу бізге көп дүние берді, - деген Жақсықылыш кентінің әйелдері кеңесінің төрайымы Гүлбаршын Әлімбетова өз пікірін ортаға салды.
Кеш соңында кенттегі әйелдер ісімен тыңғылықты айналысып жүрген белсенді аналарға «Арал-Ару-ана» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лаура Қолғанатқызының алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ өнерпаз аналар «Бақытты әйел» әнін бірге шырқады.
Н. БАҚЫРАН