Елінің Әбілтай атты ардақтысы еді

Қазақта «Адам болатын бала алысқа қарайды» деген аталы сөз бар. Өткен ата-баба жолын зерделеп, өзінен кейінгі ұрпаққа олардың тарихтағы орнын дәріптеуді мақсат еткенінің өзі - ерекше атап айтуға тұрарлық дүние. Қазақтың жер қорғау, ел азаттығын сақтау жолындағы сыртқы жаулармен өткізген талай қан майданында аты ұранға айналып, жауынгерлер жанына жігер берген көреген қолбасшы, әулие Құл батыр Қартайұлының өмір жолын жас буынға танытуда көп еңбек сіңірді. Бабаның басына алты құлақты кесене тұрғызып, алыс-жақындағы ағайынның басын қосып, ас беруді ұйымдастыруды өз мойнына алған азамат. Арал қаласының қақ ортасындағы «Тәуелсіздік» алаңы- осы аймақтан шыққан атақты би, батыр, ақын-жыраулардың ұлағатты есімдері мәрмәр тасқа қашалып жазылған, ұрпақтар қастерлеген киелі де қасиетті орын. Сол кездегі аудан әкімі Нәжмадин Мұсабаевқа кіріп, Құл батыр бабаның ел мен жердің тұтастығы жолындағы теңдессіз ерлік істерін тарихи деректермен дәлелдеп, мәрмәр тақтаға мәңгілікке атын жаздырту туралы пікірін айтқан. Құл батыр баба тақтаға аты жазылатын батырлардың ең үлкені әрі Шектінің алғашқы ұраны болғандықтан, оның есімі тақтаға бірінші болып жазылды.
Ағамыз 2009 жылдан бастап бабаның басына кесене салу, ас беруді ұйымдастыруды қолға алып, жалғыз өзі көпке бергісіз істер атқарды. Шалқарға келіп, комиссия құрып, счет ашып, бар мәселені көпшілікпен ақылдасып шешті. Ұтымды ұйымдастырылған жұмыс қай уақытта да нәтижелі ғой. Батыр бабаға берілген ас өте жоғары деңгейде өтті. Елдің ықыласы да ерекше білініп тұрды. Сол күні табиғат та бар мейірімін төгіп, ауа-райы асқа жиылған жұртшылыққа да, бәйгеге түскен сәйгүліктерге де аса қолайлы болды. Түрлі пікірдегі азаматтардың ынтасын мұндай өрелі істерге жұмылдыруға кез келген адамның жетесі жете бермейді. Бұл да болса ағамыздың ерекше қасиеттерінің бірі еді. Ағамыз зейнеткерлікке шыққанда да қарап отырмай, аудан көлеміндегі түйткілді мәселелерді шешуде өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп отырды. Аудан басшыларымен тіл табысып, қажетті уақыттарда ұсыныстарын айтып, еліміздің сындарлы саясатының жергілікті жерде жүзеге асуына тілектестігін білдіріп жүрді.
Әбілтай ағамыз, жеңгеміз Күлән екеуі үлгілі отбасылық өмір сүрді. Ұл-қыздарына жақсы тәлім-тәрбие берді, қатарларынан қалдырмай оқытты. Үлкен өмірге жолдама берді. Күлән жеңгеміз өмірден ерте өткенімен, ағамыз оның орнын жоқтатпай, алтын асықтай 7 баланы әкелік мейіріммен аялап өсірді. Немере, шөберелерінің қызығына кенелді. Ол ешкімді барлығына, байлығына, мансабына, қарап бөлмей, алаламай, әр адамды қадірлеп, жақсы қарым-қатынаста болды. Ағайынның ауызбіршілігін, татулығын сақтауды ең биік азаматтық борышым деп санады. Өмір бойы елін, туысын, достарын, ойлап өтті, елінің құрметті азаматы атанды. Қазір бұлар әрқайсысы бір рулы ел болып отыр. Өмірінің жалғасы- ұл-қыздары Тәуелсіз Қазақстан атты Республиканың жарқын болашағы жолында мамандықтары бойынша жемісті еңбек етіп келеді. Өмір осылай жалғаса береді. Елдің Әбілтай атты ардақты азаматының есімі халқының жадында мәңгі сақталады.
Бағжан Жоламанов Жиенбайұлы (нағашысы)
Шалқар қаласы
Зейнеткер ұстаз. Халық ағарту қызметінің үздігі, ардагер, спортшы.
18 шілде 2019 жыл.