Майдангер жолы

Осы жылы Ұлы Жеңіске 77 жыл толады. Осыған орай майдангер болған Сұлтан Бекетов аға туралы айтпақпын. Сұлтан Бекетұлы 1914 жылы Ақшатау елді мекенінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген.
Отан қорғау жолында өз еріктерімен майданға аттанған ағаларымыз аз болмағанын тарихтан оқып білудеміз. Осындай отансүйгіштік, патриоттық сезіммен Сұлтан аға да майданға өз қалауымен 1942 жылы атанды. Алдыңғы шепте атой салып, талай шайқастарға қатысып, ерлік көрсетіпті. Оның ішінде атышулы Сталинград майданында кескілескен, жан алысып-жан беріскен соғыстың бірінде құлақ-тілден айырылып, контузия алып,1944 жылы елге оралады. Келген соң да қарап отырмай, күйзелген халық шаруашылығына етене араласып еңбек етті. Көп жылдан кейін құлақ-тіл қалпына келіп, жаңа өмір басталғандай Қызылжар елді мекенінде сатушы болып та жұмыстарды абыроймен атқара білген.
Мен 1966 жылы қаладағы Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектепке еңбек пәні мұғалімі және оқу шеберханасының меңгерушісі болып қабылдандым. Сол кезде Сұлтекең де сол мектеп директорының шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары екен. Сол кезде еңбек сабағынан беретін мұғалімдерге мектептің ұсталық жұмысы да қоса міндеттелетін. Ұсталық жұмыстарымен шаруашылықтармен байланысты болатын жерлері көп болатын. Жақсыменен жанассаң, жақсы іс көреді екенсің. Сұлтан аға да туған інісіндей бауырлап алғанын несіне жасырайын.
«Соғысқа кетер алдында төрт сағат оқып, төрт кластық білім дәрежесін алдым» дейтін. Сол төрт сағат оқыған оқушыға мүлдем ұқсамайтын. Оның сауаттылығы жоғары оқу орнын тәмамдаған адамдармен ерекшеленіп тұратын. Алланың берген таланты іспетті. Ол кезде қалада басқа ұлт өкілдері көп болатын. Сол өкілдердің бірі кезіге қалғанда, азғантай орысшасымен-ақ тез түсіндіретін.
«Сендер орысшаны әдемілеп жеткізем дегенше, менің шолақ орысшам тез жетеді ғой», – деп қалжыңдап отырушы еді. Шын мәнінде солай еді. Сұлтан аға қазақы қалжың, ағалық мейірім, үлкендік нақыл сөздерге бай адам еді. Көп жерде сол кісіден сабақ алатынбыз. Арал өңірінде өмір сүрген атақты билер мен шешендер, батырлар мен ақындардың ата-тегін терең білген, шежірешіл аға болатын.
Қарға тамырлы қазақпыз ғой. Кездесіп, тілге келген адамға өзінің Төртқара руынан екенін айта келе, «Сол адамды не балдыз, не нағашы, не жиен, не құда, не туыс етіп алып, бірігіп кете беретін. Бір сөзбен айтқанда, ол кісіде жаттық жоқ болатын.
Төрт кластық біліммен мектептің дүние-мүліктерінің есеп-қисабымен қатар, аудандық білім бөліміне келетін. Мыңдаған тонна көмірді, соншама тонна ағаштың грамына дейін шашау шығармай, әрқайсысы өз орнында болатын. Шаруашылық жұмыстардың басшысы ретінде қарауындағы техникалық қызметкердің жай-күйін білумен қатар, оларға қолдан келген қамқорлығын аяған емес. Ал мектептің тазалығы ең жоғарғы орында болатын. «Ағаның үйі ақ жайлау» дегендей, мектеп ұжымдары үшін ағаның үйінің әр уақытта дастарқаны әзір болатын.
Сағидан апа керемет адам болатын. Ол кісіге бәрі туған-туыстай, ешкімді жатырқамайды. Кең пейілді, ақ жүректі, аналық мейірімі төгіліп тұратын, үлкен жүректі абыз ана болатын. Әрине, ол кісімен талай тұз-дәмдес болған соң айтып отырмыз.

Жұмысына байланысы болған соң, жұмыс соңында бірге қайтамыз. Бірде жұмыстан кештеу қайтып бара жатқанбыз. Қасымыздан өтіп бара жатқан жігітке «Әй, көзәйнек» деп айқайлап жіберді де, өксіп жылап отыра қалды. Ол кезде Қазыбектің қайтыс болғанына төрт жылға жуық болған еді.
"Құдайым-ау, мына жігіттің жүрісі, тұлғасы Қазыбегіме ұқсап кетті ғой. Құлынымды сағынып кеттім-ау" дегенде, мен де жылап та, жұбатып та жатырмын. Байлауы жоқ баянсыз өмір бір күні өтер де кетер. Көрген қызық, сүрген өмір көзді ашып жұмғандай-ақ қысқалығын қайтерсің?! «Өттің дүние осылай» деп бір жамбасқа қисая кетесің. Көнсең де, көнбесең де өмірдің заңы осылай» деп түйіндеп жатамыз.
Өмір деген аққан судай тез екен. Міне, сексеннің сеңгірі де келді. Бұл өмірде қандай жетістікке жетіп, қиындық көрсек те, халқымыздың бір ауыз сөзімен түйіндейміз. «Бай болып көргеніміз жоқ, кедей болып өлгеніміз жоқ» дегендей өмір жалғасуа. Жақсы адамның шерепеті, оның адами қасиетін қатар жұмыстас болып жүргенде білінетіні белгілі. Сұлтан ағамен ширек ғасырдан астам уақыт білім беру саласына өз үлестерімізді туған бауырдай аға-інілі болғаныма шын ниетіммен ризамын. Ағамыз 1987 жылы көзінің тірісінде көзінің қан қысымынан екі көзден айырылып қалды. Сөйтіп сол жылы зейнетке шықты. 1994 жылы өмірден озды.
Кездескенде қуанамыз бәріміз,
Қоштасуға қиналады жанымыз.
Кездесу мен қоштасудың арасын,
Жалғастырып тұрады екен сағыныш, – деп ақындарымыз жырлағандай, Сұлтан аға мен Сағидан апа туралы біздегі сағыныш сырлары – осы.
Аманжол Жолмағамбетов,
ардагер ұстаз