Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Менің әкем – майдангер

Менің әкем – майдангер

Адамзат тарихында ең қаһарлы болған екінші дүниежүзілік соғыс бүкіл әлемге қасапсыз қайғы-қасірет әкелді. Соғыс. Естіген құлаққа салмағы ауыр, ызғары қатты бұл сөздің дүние жүзіне әкелген қасіреті қаншама. Бейбіт елдің берекесін қашырып, ынтымағын ойсыратқан да осы – соғыс. Соғыс зардабын, қайғы-қасіретін, жан жарасын ешкім де ұмыта алмайды.Биыл Ұлы Жеңіске 76 жыл толды. Осы тұста біздің әкеміздің де Отан қорғау жолында от пен оқтың ортасындағы жанкештілігін, ел мен жерді азат ету үшін жаумен күрескен ерлік жолдарын оқырманға жеткізгім келді.       
                                      
Менің әкем Мыңғышпан Көздібаев елі мен жері үшін қолына қару алып, майдан даласына аттанғандардың бірі. Ол 1942  жылы 30  маусымда әскер қатарына алынды. Сол жылы 53-атқыштар полкінде оқ пен оттың ортасында жүріп, жаумен қиян-кескі шабуылға қатысты. Соғыс жылдарында қатардағы жауынгер ретінде неміс фашистерінің соққысына тойтарыс  беруге өзіндік үлесін қосты. Кезекті бір ұрыста сол жақ көзінен ауыр жарақат алады. Дәрігерлер жарақаттың ауырлығын ескеріп, елге қайтаруға шешім шығарады. Соғыстың қиындығына  сынбай, теперішіне төтеп берген қайсар жан  жаудың көзін жоймай елге  қайтпайтынын кесіп айтты...
Жеңімпаз  әкеміз  елге  оралған соң, анам Жамалмен отбасын құрып, бес баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Асыл әкем жанұяның қамын  ойлап, балаларының, жарының жағдайын жасады. Асқар тауымызға, қамқоршымызға айналған  әкемізден соғыс жайлы  естеліктерін айтып беруін  сұрайтынбыз. Соғыс туралы әңгіме болса, қинала сөз сабақтайтын әкем:
– Мәскеу түбіндегі қиян-кескі шайқастан бастап, Польшаны басып өтіп, Берлинге дейін бардық. Жараланған кезім де  болды. Қасымдағы майдандас достарымның  ажал құшқанын көру қандай  қасірет, – деп ауыр күрсінетін еді.
Асқар таудай  әкем екі  қасиетті  берік  ұстаныпты. Бірі – отансүйгіштік, екіншісі – намысқойлық. Ер азамат ретінде ар-намыстың тазалығын абырой ретінде санаған. Ол соғыстан кейінгі халықтың экономикалық жағынан қиын жылдары мал шаруашылығы саласында адал еңбек етіп, ауылдың өсіп-өркендеуіне де өзіндік үлесін қосты.   Амал нешік, ол соғыс салған дерттің салдарынан 1971 жылдың 21 наурызында бұл фәнимен қош айтысты. Біздер, бүгінде бір қауым елге айналған ұрпағы осындай қамқор жан, аяулы әкемізді мақтан етеміз. «Таулар алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, соғыс ардагері, әкем Мыңғышпан Көздібаевтың жарқын бейнесі, өнегелі өмір жолы  ұрпағының жадында жатталып, жүрек түкпірінде сақтала бермек.
Тұңғыш Президент– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыру және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімін ұлықтау мақсатында Аманөткел елді мекеніндегі бір көшеге майдангер әкеміз Мыңғышпан Көздібаевтың есімін беру туралы мәселе көтерілген болатын. Бұл біздің көңілімізге қуаныш ұялатты. Осы мәселе оң шешімін тапса екен деген перзенттік тілегім бар. Бұл сұрапыл соғыс жылдары КСРО және неміс басқыншылары арасындағы соғыстағықан майданда жанқиярлықпен ерлік көрсетіп, бірнеше медальдармен марапатталған аяулы әкемізге деген құрметтің бір парасы іспетті.

Үрсұлу Мыңғышпанқызы
21 маусым 2021 ж. 835 0