Соғыстың соңғы солдаты

Германияны өз жерінде тұншықтыруға үлес қосқан сексеуілдік ақсақал бүгінде 95 жастың төріне шықты. Жастық шағы соғыспен тұспа-тұс келген қарт майдангер зұлмат жылдар зобалаңын күрсіне еске алды.
Таужан Жанасов 1925 жылы сол кездегі бөлініс бойынша 6 ауылда (№84 разъезде) дүниеге келген. Фашистік Германия тыныш жатқан елдің шырқын бұзып, Кеңес еліне қарсы соғыс ашқан жылы ол 16 жастағы жас бала еді. Елдегі қару ұстауға жарайтындар ұрыс даласына аттанып жатты. Өрімдей жас осылайша 17 жасында Кеңес Армиясы қатарына шақыртылып, алғашқы бір ай бойы Ақмоладағы оқу-жаттығу алаңында күн-түн демей әскери дайындықтан өтті. Одан соң майданның алғы шебіне жіберіледі.
Ол 1-Украина майданында, соңынан 4-Украина майданында жаяу әскер қатарында болып, Жеңіс тойын Германияда тойлады. Соғыс біткен соң да Германия жерінде 1945 жылдың тамызына дейін болады. Кеудесінде жарқыраған орден-медальдар оның Отан үшін жасаған ерліктеріне айқын дәлел бола алады. Сондай-ақ, І-ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдары жаугершікке толы жорық жолдарынан сыр шертіп тұрғандай.
Жиырмасында соғыстан оралған Таужан Жанасов елге келісімен Сексеуіл стансасы депосында машинист болып еңбек етті. Кейін депода кәсіподақ ұйымының төрағасы болып қызмет атқарып, 1980 жылы зейнетке шықты. Бүгінде кенттің қадірлі ақсақалынан тараған ұрпағы өсіп-өніп, бір қауым елге айналып отыр. Бүгінгі күні 5 бала тәрбиелеп, 25 немере және 25 шөбере сүйіп отыр. Ұлы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында қарт жауынгерге қажымас күш-қуат тілейміз.
«Толқын» ақпарат