Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлерге құрмет көрсетті

Ардагерлерге құрмет көрсетті

Биыл Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толды. Біз үшін Жеңіс күнінің маңызы ерекше. Әсіресе ұрпағына бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерді ардақтау – перзенттік борыш. Осы мақсатта Сексеуіл кентінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры компаниялар тобының Ұлы Отан соғысы ардагерлері және Ұлы Отан соғысы кезінде тыл жұмыстарын жасаған ардагерлерге «Жеңіс» әлеуметтік-қайырымдылық жобасы аясында көмек көрсетті.
  Арал ауданы бойынша аталған жобаны жүзеге асыру Сексеуіл локомотив пайдалану депосына міндеттелді. Аудандық ардагерлер ұйымы мен ішкі саясат бөлімінің қолдауымен әлеметтік-қайырымдылық шарасы   өз деңгейінде жүзеге асырды.  Теміржолшы жастар азық-түлік қоры салынған жиынтықтарды Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тылдағы еңбеккерлердің үйлеріне жеткізіп берді. Ең әуелі Сексеуіл кентінің тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Таужан Жанасов ақсақалға барып, жағдайын біліп, майдангер қарттың  батасын алды.  Мұнан соң соғыс жалыны шарпыған шақта қаршадай бозбала мен бойжеткен болса да, ел басына төнген тауқыметті көтеруге үлес қосып, тылда еңбек еткен жандардың отбасында арнайы болды.
 – Бізге бейбіт өмір сыйлаған бабаларымыздың ерлік ісі кейінгі ұрпаққа өнеге. Сол жандардың қайсарлығы мен табандылығының арқасында біз тыныш заманда өз Отанымызда өмір сүріп жатырмыз. Сексеуіл кентінде майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің саны жыл санап азайып келеді. Қазір жалғыз соғыс ардагері мен Қабылқожа Сарманов, Үржан Наурызбаева, Тазагүл Бармақбаева, Молдабай Ахметов, Еңсепбай Буранбаев, Балжан Дүсбаева сынды тылда еңбек еткен қариялар ғана қалды. Оларға құрмет көрсетіп батасын алу бізді қанаттандырады, – дейді жоба бойынша жауапты маман Еркебұлан Аяғанов.
– Атаулы көмек жылына 4 рет жүргізілетін болады.  Мұндай шара –бүгінгі қоғамды отаншылдық рухына тәрбиелеуге, рухани құндылықтарды насихаттауға, тарихқа және ардагерлердің ерліктеріне сыйластық көзқарасты қалыптастыруға бағытталған тамаша бастама. Әсіресе жастар үшін ауадай қажет,– деген  Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кішкене Айбосынов ерекше тебіреніспен ортаға салды. 
Биыл аудан аумағындағы Ұлы Отан соғысына қатысқан және тылда еңбек еткен ардагерлерге құрмет көрсетіп жүрген теміржолшы жастардың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Олар бұған дейін де түрлі қайырымдылық шарасын өткізіп, кент аумағындағы мұқтаж жандарға қолдау көрсетті. Ел басына түскен сын сағатта да жұмылып жұдырық болған мекеме қызметкерлерінің еңбегі ерен.  
Н. Марат
06 мамыр 2020 ж. 1 669 0