Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайырлы істе береке бар

Қайырлы істе береке бар

Жақсылық жасау – қазақтың қанына сіңген қасиет. Қашанда игі істің басынан табыла білген халқымыз мұқтаж жанға қарайласып, жетім мен жесірді панасына ала білді. Мұндай игі істер бүгінге дейін өз жалғасын тауып келеді. Сексеуіл кентіндегі «ГП Қызылорда бөлімшесі» филиалы Сексеуіл локомотив пайдалану депосының қызметкерлері «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның ұйымдастыруымен қолға алынған «2020 игі істер» бастамасы аясында кенттегі Рыскүл Сүйеуова әжеге қайырлы іс қылды. Ұлы Отан соғысының ардагері Таужан атаны мерекемен құттықтады.
Назерке Маратқызы

Ел ішіндегі әрбір іске үлес қосып жүрген Сексеуіл локомотив пайдалану депосының қызметкерлері ел басына түскен ауыр сында қиындыққа душар болып отырған отбасына қолдау көрсетті. Елімізде төтенше жағдай жарияланып, біраз жұмыстар тоқтады. Көбі қашықтықтан жұмыс істеуге көшті. Әрине бұл жағдай өз салқынын да тигізуде. Әсіресе кент тұрғыны Рыскүл әжейдің отбасы үшін қиындығын әкелуде. Рыскүл ана өзі 2-топтағы мүгедек. Өзінен бөлек, ұлы Артықалы Сүйеуов, қызы Күләш Түменбаева да – 2-ші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Олар бұған дейін аздыкөпті еңбек етіп, нәпақа тауып жүрген-ді. Қазір отбасы қиын жағдайда. Осыны ескерген Сексеуіл локомотив пайдалану депосының қызметкерлері қолғабыс жасады. Олар Рыскүл апаның шаңырағына арнайы барып, жағдайын біліп, азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Сондай-ақ үйдің іші мен ауласына тазалық жұмыстарын жүргізуге көмектесті.
– Елдің ішінде жүргендіктен, мұндағы тұрғындардың әл-ауқатымен жақсы таныспыз. Сондықтан да қолдан келгенше көмек көрсетуге тырысамыз. Бүгін де мүмкіндігі шектеулі жандарға көмегімізді көрсеттік. Біз мұндай істерді мақтан үшін емес, өзге де азаматтарға үлгі болсын деп жасаймыз, – дейді Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының орынбасары Еркебұлан Аяғанов. Өздеріне жасалған қамқорлыққа Рыскүл әже де риза болып, батасын берді.
– Біздің отбасымызға арнайы келіп, қамқорлық жасап отырған балаларыма алғысымды білдіремін. Осындай игі іске бастамашы болып отырған ұжым басшысы Жангелдин Төрединовке дән ризамын. Әрда - йым еңбектері жемісті болып, халық игілігі үшін қызмет ете берсін. Бүгін қазаным дәмге толып, үй ішім мен аулам біраз ретке келіп қалды. Ел ішінде осындай қайыр қолды азаматтардың болғаны қуантады, – деді әжей.
Бұдан бөлек, аталған саланың қызметкерлері ГП Қызылорда бөлімшесінің зейнеткері, Сексеуіл кентінің тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Таужан Жанасов атаның да шаңырағында болып, мерекемен құттықтады. Таужан атаның иығына шапан жауып, мерекелік сый жасады.
Қайырымдылық жасап, елдің басына түскен сын сағатта жоғына болысу адамзаттың адамдық асыл қасиетін көрсетеді. Сексеуіл локомотив пайдалану депосының қызметкерлері де осылайша ауыртпашылықты бірге еңсеруге үлес қосып отыр. Мұндай бастамалар әрі қарай да жалғасын табатындығына кәміл сенеміз.
27 наурыз 2020 ж. 729 0