Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ҰРАН

ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ҰРАН

Адамзат тарихындағы қасіретке толы зұлмат соғыстың аяқталғанына биыл – 74 жыл. Осыған орай, аудандық мәдениет үйінде «Ерлік  – елге мұра, ұрпаққа ұран» атты салтанатты шара өтті.
 
    «Бүгін 9 май, Ұлы Жеңіс! ҚаҺарман батырларымыздың жанымен, қанымен, ерлігімен, жауды жеңіп, Ұлы  Жеңіс тұғырына жеңістің жалауын тіккен күн.  Бұл  жеңістің  ерлігі  елге мұра, ұрпаққа –ұран!..»,- деп шымылдығын түрген шарада көрермен қауым назарына лед экран арқылы соғыс жылдарындағы сюжеттер мен оқиғалар тізбегі ұсынылды. Ұлы Отан соғысының құрбандары мен майдангерлер рухына тағзым етіліп, бір минут үнсіздік жарияланды.
 
    Мұнан соң, сахна  төрінде сонау жылдардағы қанды қырғын әкелген қасірет, баласынан айырылған ана, жарын күткен жесір, әкесіз қалған баланың жан тебрентерлік көріністері, сонда да болса көзсіз ерліктер мен қайсарлық елімізге жеңіс әкелгендігі ерекше сомдалды.
 
    Мұнан соң, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев баршаны Ұлы Жеңіс  мерекесімен құттықтап,
    - Отан үшін оққа кеудесін тосқан әкелеріміздің ерлігін ұмытпау, бүгінгі бейбіт өмірді ұрпаққа аманат ету біздің перзенттік парызымыз. Осы орайда, ауданымыздан Ұлы Отан Соғысына 12 мыңға жуық адам аттанып, оның 6 мыңы туған өлкеге оралса, майдан даласында  ерліктің нағыз үлгісін көрсеткен 3 аралдық жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды. Қазіргі таңда ардагерлер қатары сиреп, аудан бойынша Ұлы Отан соғысының ардагері Тұрсынбаев Берден, Жанасов Талжан ағаларымыз бен жанқиярлықтың үлгісіндей болған 819  тыл еңбеккерлері ортамызда»,- деп айрықша тоқталып өтті.
 
    Одан әрі концерттік бағдарламамен жалғасын тапқан мерекелік шарада республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегер өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, жыршы-термешілер шоғыры жырдан шашу шашты, ұлттық биіміз бен күйіміз де сәнімен орындалды. Шараның сонында, көрермен қауым жеңіс жырын қосыла шырқап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
http://aral.gov.kz/kz/
10 мамыр 2019 ж. 2 677 0