Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер мүрдесі туған жерге жеткізілді

Майдангер мүрдесі туған жерге жеткізілді

Биыл сұрапыл соғыстың аяқталғанына 76 жыл толды. Сонау жылдары ауданымыздан Ұлы Отан соғысына 12 мыңға жуық азамат аттанып, соның  6 мыңы ғана туған елге оралды. Олар Ұлы Жеңіске үлес қосып, жанқиярлық ерліктің үлгісін көрсетті. Сол соғыста жат жерде көз жұмған сарбаздардың сүйектері әлі де табылып жатыр. Ресей Федерациясы Ленинград облысы Киров ауданының аумағында Отан қорғау жолында қаза тапқан қатардағы жауынгер, Арал ауданы, Қаратерең  ауылының тумасы Емберген Асайыновтың сүйегі туған жеріне жеткізілді.
Емберген Асайынов 1900 жылы Арал ауданы, Қасқақұлан елді мекенінде дүниеге келген. 1942 жылы аудандық әскери комиссариаттың шақыртуымен әскерге аттанады. 327-атқыштар дивизиясының құрамында Синявина маңындағы және Ленинградты азат етудегі түрлі қиян-кескі ұрыстарға қатысқан Е.Асайынов 1943 жылдың тамызында майдан даласында қаза тапқан.
2019 жылы ресейлік «Опоро» іздеу тобы "Майдан жолы" Павлодар іздестіру-зерттеу жасағы екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 4 сарбаздың мүрдесі және медальондары табылғанын, соның ішінде жерлесіміз Емберген Асайыновтың бар екенін ұрпағына хабарлайды. Елдегі пандемияға байланысты майдангердің денесі туған жеріне осы жылдың маусым айында ғана  жеткізілді.
Майданда шейіт болған жауынгердің сүйегі туған жері Қаратерең ауылдық округіне әкелініп, қайта жерленді. Осылайша шайқас даласында жамбасы жат жерге тиген жанға араға қаншама жыл салып туған жердің топырағы бұйырды. Жерлеу рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлердің жанкешті ерлігі жас буын үшін өшпес өнеге екендігін айта келе, оның өмір жолына тоқталып өтті.
– Соғыс жылдарында Отан қорғау жолында жан беріп-жан алысқан ұрыста ерлікпен қаза тапқан атамның өнегеге толы өмір жолын мақтан етемін. Осы тұрғыда біздің баянды болашағымыз үшін майдан даласында жанын пида еткен майдангер атамның сүйегін туған жерге әкелуге ықпал етіп,  үлкен көмегін көрсеткен жергілікті атқарушы билік тарапына, Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары А.Жақыповқа, "Майдан жолы" Павлодар іздестіру-зерттеу жасағы қоғамдық бірлестігі  командирінің орынбасары Асхат Мұқанов пен қатардағы жауынгер Сансызбай Исабековке, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлеріне және жерлестерін ұлықтаған ауыл тұрғындарына алғысым шексіз, – деді үлкен тебіреніспен немересі Серік Ембергенов.
Қазақ халқының қаһарман перзенттері Ұлы Отан соғысының қан майдандарында ерліктің ғажайып үлгісін көрсетті. Жеңімпаз жауынгерлердің  биік тұлғасы да, ғажайып ерлігі де туған халқымен мәңгі жасайтын болады.

К.КӨЗДІБАЕВА 
03 шілде 2021 ж. 537 0