Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Украинада табылған жауынгердің сүйегі туған ауылында жерленді - СҚО

Украинада табылған жауынгердің сүйегі туған ауылында жерленді - СҚО

Украинаның Киев облысында табылған майдангер Қайыржан Тікшекеевтің сүйегі туған жері Солтүстік Қазақстан облысы Дәуқара ауылында қайта жерленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қайыржан Тікшекеев Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткендердің санатында болды. Биыл наурыз айында жауынгердің туған- туыстарына Украинадан хабар жетті. Сондағы «Вертикаль» атты іздеу бөлімі Киев облысы Макаров ауданында бір топ майдангердің сүйегін тапқан.
Соның ішінде солтүстікқазақстандық жауынгер де болыпты. «Атамыздан 1941 жылы хабар үзілген екен. Қайыржан атамызды әжеміз өмір бойы іздеді. Туыстарымыз Мәскеуге де барды. Одан кейін әкем 2004 жылы марқұм болғанша іздеді. Оның аманаты маған қалды. Сексен жылға жуық іздедік. Украинадағы іздеуші топқа, «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігіне және Айыртау ауданының әкімдігіне, аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімге және ауылдастарыма, басқа да көмектескендерге алғысымды білдіремін», – деді жауынгердің немересі Марат Тікшекеев. Қайыржан Тікшекеев 1916 жылы Айыртау ауданы Дәуқара ауылында дүниеге келген. Ол 1940 жылы ақпанда әскерге алынып, алғашқылардың бірі болып соғысқа кіріседі. 1941 жылы Киевті қорғаған 28-ші атқыштар дивизиясының құрамында болған. Украинаны азат етуге қатысып, сол жерде мерт болған жауынгердің сүйегін туған елге жеткізуге қазақстандық «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі көмектесті. Дәуқара ауылында Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіштің жанында Қайыржан Тікшекеевтің сүйегін қайта жерлеуге арналған митинг өтті, боздақтар аруағына бағышталып құран оқылды. Жауынгер рухына тағзым ету мақсатында бір минут үнсіздік жарияланғаннан соң Қайыржан Тікшекеевтің сүйегі туған ауылындағы зиратқа жерленді.
inform.kz/

26 қазан 2020 ж. 558 0