Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғыста қаза болған аралдық жауынгердің сүйегі туған жерге жеткізілді

Соғыста қаза болған аралдық жауынгердің сүйегі туған жерге жеткізілді

Kyzylorda-news.kz. Сұрапыл соғыс аяқталғалы 75 жыл болса да, жат жерде сарбаздарымыздың сүйектері әлі табылып жатыр. Ресей Федерациясының Тверь облысы Зубцовский ауданының аумағында Қазақ КСРО-ның тумасы, қызыл әскер сапында Отан қорғау жолында қаза тапқан жерлесіміз Келис Жиенбаевтың сүйегі бүгін туған жеріне әкелінді.
Қазақстанның Ресей федерациясындағы елшілігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша Келис Жиенбаев 1917 жылы туған. Қазақ КСР Арал аудандық әскери комиссариатына шақырылып, Батыс майданының 31-ші армиясының 180-ші атқыштар дивизиясында соғысқан. Сарбаздың мүрдесін 2019 жылдың желтоқсанында Тверь облысы Зубцов ауданы Михеево ауылының маңында «Витязь» Мәскеу іздеу жасағының жауынгерлері тапты. «Витязь» іздеу жасағының командирі Дмитрий Федосовтың айтуынша, Жиенбаев Келис 1942 жылы тамызда Михеево ауылы үшін ауыр шабуыл кезінде қайтыс болған.
Майданда шейіт болған азаматтың сүйегі бүгін туған ауылы Бекбауыл ауылдық округіне қарасты Құмбазар елді мекенінде қайта жерленді. Осылайша шайқас даласында жамбасы жат жерге тиген аралдық жауынгерге араға 70 жыл салып туған жердің топырағы бұйырды.
Ардагер сарбазды жерлеу рәсіміне Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник А.Жақыпов, №66597 әскери бөлімінің командирінің орынбасары, подполковник Т.Байгебаев пен аудан әкімінің кеңесшісі Б.Махатов және К.Жиенбаевтың немере інісі Т.Омар мен ауылдастары қатысты. Ардагерлеріміздің майдан даласындағы ерен ерліктері бүгінгі ұрпақ үшін өшпес өнеге.


27 тамыз 2020 ж. 832 0