Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының туған күні

Бүгін қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының туған күні

Бүгін даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бауыржан Момышұлының (1910-1982) туған күні. Қазақтың біртуар азаматы 1910 жылдың 24-желтоқсанында Жамбыл облысы Жуалы ауданына қарасты Мыңбұлақ елдімекенінде дүниеге келген. 1921 жылы бастауыш мектепті Аса интернатына бітірген. 1924 жылдан бастап жеті жылдық мектепті Шымкент қаласында оқиды. Бұл сол өңірдегі 1924 жылы ашылған алғашқы жетіжылдық мектеп болатын. 1928 жылы мектепті үздік бітіріп, Орынбор қаласындағы Қазақ Педагогикалық институтына оқуға түседі. Кейіннен тұрмыс жағдайына байланысты бұл оқу орнын аяқтай алмаған.  1936 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. Соғыс басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанған. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальонының, полкінің командирі болған. 1944-1945 жылдары осы дивизияны басқарған. Оның соғыс кезіндегі ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігі, тапқырлығы мен жеке басының ерен ерлігі ерекше аталып, батырлық даңқы аңызға айналған. Бауыржан Момышұлы – көрнекті жазушы, шығармаларын қазақ және орыс тілінде жазған. Шетел тілдеріне аударылғандары да бар. Алғашқы кітабы 1954 жылы Калинин қаласының баспасында "История одной ночи" деген атпен басылды. Одан кейін "Наша семья" (1956), "За нами Москва" (1958), "Жауынгердің тұлғасы" (1958), "Москва үшін шайқас" (1959), "Генерал Панфилов" (1963, 1966),"Куба әсерлері" (1965), "Ұшқан ұя" (1974) тағы басқада әңгімелері мен повестер жинақтары шықты. Дүниеден озғаннан кейін 1990 жылы "Қанмен жазылған кітап" (орысшасы "Психология войны") атты кітабы жарық көрді. Соғыс кезінде дивизия басқарған екі қазақтың бірі болған Бауыржан Момышұлы Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және өзге де құрметті медальдармен марапатталған. 1990 жылы Кеңес Одағының Батыры деген атақ берілді. Бүгінде батыр ұлын қазақ халқы мақтан тұтады. 2010 жылы 100 жылдығына арналған мерейтой республика көлемінде аталып өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінде батыр есімі берілген көшелер, мектептер мен ғылым ордалары бар. «Отан үшін отқа түс күймейсің» деп айтып кеткен қазақтың даңқты батырының есімі уақыты өте асқақтамаса, төмендемесі ақиқат.
https://massaget.kz
13 мамыр 2019 ж. 1 393 0