Белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев өмірден озды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев бақилық болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Өте жақын адамдардан естіп отырмын бұл хабарды. Қайран Ағам-ай! Сене алмай отырмын! Өткен түнде жүректен дүние салды.Төбемнен жай түскендей болып отырмын! Иманы саламат болсын, қайтейін...», - деді қазаны растаған ақын Бауыржан Қарағызұлы ҚазАқпарат тілшісіне. Рахымжан Отарбаев 1956 жылы 19 қазанда Атырау облысы, Құрманғазы ауданында туған. 1977 жылы Орал педагогика институтын бітірген. Әр жылдарда «Орал өңірі» газетінде тілші, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қазақ телерадио комитетінде редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын» альманахында бөлім меңгерушісі, Қырғызстанда Қазақстан елшілігінің атташесі, Маңғыстау облыстық радиотелевидение компаниясының төрағасы, Атырау облыстық драма театрының директоры, ҚР Президенті Әкімшілігінде сектор меңгерушісі қызметтерінде болған. Жазушының әр жылдары «Шер», «Жұлдыздар құлаған жер», «Жайық жыры», «Қараша қаздар қайтқанда», «Дауысыңды естідім», «Отверженный мир» атты прозалық жинақтары және таңдамалы шығармаларының 2 томдығы жарық көрген. Қытайдың «Ұлттар» баспасынан қытай, қазақ тілінде 2 томдығы, Ресейдің «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде бір томдығы және қырғыз тілінде кітаптары жарық көрген. Жекелеген шығармалары түрік, араб, ағылшын тілдерінде басылған. «Бейбарыс сұлтан», «Бас», «Нашақор жайлы новелла», «Нұржауған-ғұмыр», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқай» сынды пьесалары республикалық және шетел театрларында сахналанған. Махамбет сыйлығының лауреаты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Халықаралық Айтматов академиясының академигі.