Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Соғыста қаза болған аралдық жауынгердің сүйегі туған жерге жеткізілді

Соғыста қаза болған аралдық жауынгердің сүйегі туған жерге жеткізілді

Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 76 жыл толды. Майдан сапында болған аралдық жауынгерлер де Ұлы Жеңіске зор үлес қосып, өшпес ерліктің үлгісін көрсетті. Арал ауданынан Ұлы Отан соғысына 12 мыңға жуық адам аттанып, оның 6 мыңы туған өлкеге оралған.
Сұрапыл соғыста жат жерде қалған қазақ сарбаздарының сүйектері әлі де табылып жатыр. Бүгін 1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарында Ресей Федерациясы, Ленинград облысының Киров ауданының аумағында қызыл әскер сапында Отан қорғау жолында қаза тапқан жерлесіміз Емберген Айсановтың сүйегі туған жеріне жеткізілді.
Емберген Айсанов 1900 жылы Арал ауданы, Қасқақұлан елді мекенінде дүниеге келген. 1942 жылы аудандық әскери комитеттің шақыртуымен әскерге аттанып, майдан өтінде 1943 із-түзсіз жоғалып кеткен.
Ресейдің «Опоро» іздеу тобы "Майдан жолы" Павлодар іздестіру - зерттеу жасағының бірлескен жұмыстарының нәтижесінде жерлес майдангеріміздің сүйегі табылды.
Майданда шейіт болған азаматтың сүйегі бүгін Қаратерең ауылдық округіне әкелініп, қайта жерленді.
Жерлеу рәсімінің алдында өткізілген митингке аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов қатысып, Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлердің жанкешті ерлігі жас ұрпақ үшін өшпес өнеге екендігін айтып, Емберген Айсановтың өмір жолы мен тарихи деректерге тоқталып өтті.
Ардагер сарбазды жерлеу рәсіміне Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, А.Жақыпов, "Майдан жолы" Павлодар іздестіру - зерттеу жасағы қоғамдық бірлестігінің командирінің орынбасары Мұқанов Асхат пен және қатардағы жауынгер Исабеков Сансызбай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Шайқас даласында жамбасы жат жерге тиген аралдық жауынгерге туған жердің топырағы бұйырды.










Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
25 маусым 2021 ж. 638 0