Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер атына көше берілді

Майдангер атына көше берілді

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айқындалған басымдықтарды жүзеге асыру және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімін ұлықтау мақсатында қаладағы №4 мөлтек ауданда жаңа ашылған көшенің біріне соғыс және еңбек ардагері Арықбай Жиеналиевтің есімі берілді. Көшеге атау беру салтанатының ашылу рәсіміне ардагердің ұрпағы мен ардагерлер, көше тұрғындары қатысып, майдангер туралы естеліктерімен бөлісті.
         Ұлы Отан соғысының ардагері Арықбай Жиеналиев  1922  жылы Арал ауданы, Жақсықылыш кентінде дүниеге келген. Соғысқа дейінгі жылдары Аралсульфат комбинатында еңбек еткен. 1941 жылы әскер қатарына алынып, майданға аттанады. Ол Сталинград, Орлов, Днепр қалалары үшін болған ұрыстарға қатысып, майдан даласындағы жанқиярлық ерлігі үшін "Қызыл жұлдыз" орденімен, "Сталинградты қорғағаны үшін" медалімен марапатталады.  Соғыстан кейінгі жылдары елге оралған соң Аралсульфат комбинатында және автобаза мекемесінде абыройлы еңбек етіп, "Социалистік жарыстың үздігі" атанады, елдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосады.
    Халықтың ынтымағын сақтауда да ақылын аямаған Арықбай ақсақал отбасында жары Ақбұрыш апа екеуі жеті баланы дүниеге әкеліп, ұл-қыздарына ұнамды тәрбие берді, халыққа қызмет етуді үйретті. Ардагер 1969 жылы 47 жасында өмірден ерте өтті. Перзенттеріне әкенің орнын жоқтатпай, олардың болашағы үшін тынымсыз еңбек еткен жары 86 жасында дүни салды. Бүгінде ата-ана тәлімінен өнеге алған ұрпағы өсіп-өніп, түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына өзіндік үлес қосып келеді.
Салтанатты шарада ауданның құрметті азаматы, ардагер журналист Шәкірат Дәрмағамбетов және ардагерлер Сүлеймен Төлегенов, Баймырза Жұбаниязов құттықтау сөз сөйлеп, майдангер Арықбай Жиеналиевтің Отан қорғау жолындағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі  рәтті еңбек жолы туралы әсерлі әңгімелеп берді. Осынау мазмұнды шарада соғыс және еңбек ардагері Арықбай Жиеналиевтің ескерткіш тақтасы мен көшенің лентасын қию рәсімін қала әкімінің орынбасары Әлімжан Сейітов пен абыз ақсақал Шәкірат Дәрмағамбетов жасады.
 Көшенің ашылу салтанатында Арықбай ақсақалдың көзін көрген замандастары естеліктер айтса, баласы Бақыт Жиеналиев майдангер әкесіне құрмет танытқан барша ел азаматтарына, аудандық мәслихат пен аудан әкімдігіне шынайы алғысын жеткізді. Шара соңында жиналған қауым майдангердің рухына бағышталған астан дәм ауыз тиді.

К. МАХСҰТҚЫЗЫ
10 шілде 2021 ж. 535 0