Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз батырдың ұрпағымыз

Біз батырдың ұрпағымыз

Ол кез әскер жасына толған азаматтарға күнде шақырту қағазы келіп жатқан қаншы шайқастың уақыты еді. 1923 жылы Арал ауданы, Райым ауылдық округінде дүниеге келген әкем Қуаныш Қыдырбайұлы Қыдырбаев та 1942 жылы он жасында Кеңес Армиясының қаратына шақырылады. 1942 жылдың наурызынан қыркүйек айына дейін Ашхабад жаяу әскер училищесінің курсанты ретінде кіші калибрлі зенит артиллериясының артиллерисі курсын бітіреді. Бұл соғыс жылдары «Артиллерия – соғыс тәңірісі» деп аталып кеткен соғыс техникасының әскери маманы болатын.
Міне сол жылдың қыркүйек айында номері 293 атқыштар дивизиясы, зенитті артиллерия батареясының 414 бөлімшесі құрамында орудномер болып майдан шебіне аттанады. 1943 жылдың басында 293 атқыштар дивизиясы 66 гвардиялық атқыштар дивизиясы болып қайта жасақталып, аталған жылдың ақпан айынан бастап 81 гвардиялық зенитті-артиллерия батареясында 37 мм зенитті зеңбіректің көздеушісі болып ұрыстарға қатысады.
Ал 1943-1947 жылдар аралығында 1622 зенитті-артиреллериялық полктің 37 мм зенитті зеңбіректің орудия командирі, 1365 зенитті-артиреллериялық полктің пулемет ротасында пулеметшілер командирі болып әскери қызметтер атқарады. Міне осындай ерлігімен, қайсарлығымен көзге түскен әкемізден сұрапыл соғыстың куәлары ретінде қалған естелік Ұлы Отан соғысы жылдарындағы «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «1941-1945жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдары ғана. Мұнан бөлек майдандағы қайсарлығы мен ерлігі үшін берілген ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысының ордені ерекше көзге түседі. Соғыстағы шешуші шайқастардың бірі Сталинград шайқасындағы кескілескен ұрыстардың бірінде қала маңындағы жау әскерінің тобын жойғаны және Келт ауданындағы жаудың қорғанысын бұзуды іске асыру кезінде жауынгерлік тапсырманы жанқиярлықпен орындағаны үшін Жоғары Бас Қолбасшы мен Әскери Кеңес атынан берілген "Алғыс", өзіне тапсырылған әскери техниканы үздік меңгеріп қана қоймай оны ұтымды пайдаланғаны үшін 1944 жылдың 19 желтоқсанында №16 бұйрықпен марапатталған «Үздік артиллерист» белгісі, бейбіт күнде берілген ССРО Қарулы Күштеріне 60, 70, жыл және «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 30 жыл» медальдары біз үшін үлкен мақтаныш. Бізді батырдың ұрпағы ететін де сол марапаттар тәрізденеді.
Бейбіт өмірдің қадірін барынша сезінгендіктен бе, әкем бізге жалпы соғыс туралы, оның бүге-шүгесіне дейін қазбалап көп айтпайтын. Әлде ол әңгімелердің тыңдауға ауыр, көзбен көрмегендерге түсініксіз болар деп ойлаған шығар. Тек "Соғыс кезінде кешкісін шаршап, шалдығып бір елді мекенге жетіп, жердегі қақ боп жатқан суды іше салып, ертеңгісін сол суды қараса, ол көлшікте неміс те, жылқы да өліп жататын. Өлген жылқының да етін асып жеген кездер болған" деп айтқаны ғана есімізде қалыпты. Қандай қиындық көрсе де қайсарлығына сызат түсірмеген азамат еді. Дегенмен сол сұрапыл соғыста көргендерінен түйгендерін үйретуге, ұрпағының адал азамат болып тәрбиеленуіне барын салды. Соғысқа дейінгі орта білімі 7 жыл болса да, бейбіт өмірде өздігінен білім нәрімен сусындады, том-том кітаптарды парақтап, оқып отыратын.
1945 жыл. Жеңіс жылы. Берлинге ту тiгіліп, соғыс бітті деген қуанышты хабар жан-жақты жадыратып жатқанмен, соғыс әкем үшін әлі аяқталмаған екен. Жеңіс жылы жауынгерлердің алды елге оралғанда, әкем әскери қызметін атқарып жүрген әскери бөлімді ешқандай ескертусіз Украина жерінде Бандеровшылармен соғысуға алып кетеді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледi» деген осы болар. Украина жерінде тағы да 2 жыл әскери қызметте болып, бір отаудың жалғыз ұлы болған өрімдей жас жігіт 6 жыл бойы сұрапыл соғыстың ортасында, өлім мен өмірдің арасынан елге 1947 жылы аман есен оралады.
Соғыстан Жеңiспен оралған ол бiрден еңбекке араласты. Ауыртпалығы мол жылдары еңбек ету ел үшін де маңызды еді. Мойнақ Балықшылар Тұтыну Одағының Аралдағы базасының өкілі, қалалық тұрмыс комбинатының экспедиторы, су құбыры басқармасында шаруашылық меңгерушісі, №112 ЖМК–да слесарь–механик, автомеханик болып қызмет атқарды. Еңбегі еленіп, көптеген марапаттар алды.
Өмірі қашанда біз үшін өнеге толы әкеміз 1993 жылы 70 жасында өмірден озды. Соғыстан кейін отбасын құрып, 6 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірген батыр атамыздың ұрпағы алып бәйтеректей өркен жайып, өсіп-өнген отбасылар. Олар 9 мамыр күнi атасының ерлігін ұлықтап, әр жыл сайын құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырды.

Гүлнар ҚЫДЫРБАЕВА,
Арал қаласы
07 мамыр 2021 ж. 637 0