Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ер есімі ел есінде

Ер есімі ел есінде

Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы небір зұлматты жылдар мен қаншама қырғындарды көзбен көріп, бастан кешірді. Солардың ішінде «Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен» ең бір қайғылы кезең Ұлы Отан соғысы десек болады. Сол майданның аяқталғанына биыл 75 жыл толып отыр. Осы соғыста жан алысып, жан беріскен, ел үшін жанын құрбан еткен есіл ерлердің ерлік істері халық жадында мәңгілік сақталары сөзсіз. Сол сұрапыл соғысқа қатысып, азабынан бақилық болған ардагерлерімізге тағзым етіп, оларды естен шығармау біздің, кейінгі ұрпақтың айнымас парызы болмақ.
Ұлы Отан соғысының жылнамасында талай-талай қазақ жауынгерлерінің ерлік істері жазылып жатқанымен, әлі де ерлік өнегесі жазылмағандары қаншама. Солардың бірі – отты жылдарда жауды сонау Белоруссия шекарасынан бастап Берлинге дейін қуып барған жауынгер Жақсығұл Жалғасбаев еді. Халық жүрегінен орын алған Жақсығұл ағамыз қасиетті мекен – Арал ауданының Ақшатау елді мекенінің Шабан түбегінде 1925 жылы дүниеге келген. Алапат соғыс басталғанда ол небәрі 15 жаста екен. Сұм соғыстың салқыны бұл жанұяға да келіп, 1942 жылы туған ағасы Смағұл Жалғасбаев соғысқа аттанады. 1943 жылдың басында «Соғысқа кірейік деп тұрмыз» деген бір жапырақ хаттан басқа ол кісіден дерек болмады, хабар-ошарсыз кетті. Ағасы соғысққа аттанған кезде Ертас інісі іште қалған бала еді. Бар өмірін жарынан қалған жалғыз тұяғы – Ертасты бауырларымен бірге тәрбиелеп өсірген Рабиға жеңгесі 1980 жылы өмірден өткенінше жан жары Смағұлды күтумен өтті. Көп жылдар бойы Арал, Қазалы аудандарының ішкі істер органдарында жұмыс істеген полиция майоры Ертас Смағұлов та 2004 жылы өмірден озды. «Осы қырық үйлі «Шабан» түбектен 47 адам соғысқа аттанған екен, содан жаралымыз бар, сауымыз бар 17-міз тірі келіппіз ғой. Ал Арал ауданынан 11 мыңнан астам адам соғысқа аттанса, оның 6 мыңнан астамы елге оралмаған екен», – деп әңгімелеп отыратын Жәкең ағамыз. 18 жасқа толар-толмасында Жақсығұл ағамызға да әскери комиссариаттан шақыру қағазы келіп, 1943 жылдың көктемінде соғысқа аттанады. Соғыстан кейін ауданда белді қызметтер атқарған Сағи Абатов атамызбен бірге Аралдың вокзалынан 213 жас сарбаз бір мезгілде аттанған екен. Ең алдымен 1943 жылдың қараша айына дейін бұрынғы Ақмола қаласындағы №39- шы запастағы әскери полкте оқу-жаттығуда болып, 1944 жылдан ІІІ Беларусь, кейіннен І Беларусь майданында №171-ші гвардиялық атқыштар полкінің құрамында Белоруссияны, Вильнюсты, Витебск, Великие Луки, Орш, Ржепті, Шығыс Пруссияның Гданск, Кенисберг қалаларын азат етіп, жеңіс күнін Берлинде тойлайды. Алғашқысында майданға атқыш (стрелок) ретінде винтовкамен кірсе, кейіннен танкіге қарсы атылатын станок пулеметінің нысанашысы (наводчик) болады. 1944 жылы сол аяғынан, ал 1945 жылы басынан жараланып, контузия алады. Жарақаттары жазылғаннан кейін, өз батальонына қайтадан қосылып отырған. Ағамыз Кеңес Армиясы қатарындағы 5 жылдың 2 жылын қан майданда, қалған 3 жылын соғыстан кейінгі армия тіршілігінде өткізеді. Сөйтіп, КСРО Министрлер Кеңесінің 1948 жылғы 13 қаңтарындағы қаулысына сәйкес 164-гвардиялық атқыштар полкінің құрамында Германияда жүргенінде армиядан босатылып, 1948 жылы наурыз айында елге оралады. Оның омырауындағы «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кенисбергті азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен бірге «Үздік пулеметші», «Гвардия» белгілері сол жылдардың куәсі іспетті еді. Мен үшін ең қымбат награда деп ағамыз Жоғары қолбасшы И.В.Сталиннің 1944 жылы Великие Луки қаласы үшін болған қырғын шайқастан кейін берген «Алғыс хатын» көрсететін. «Мен Карлхорстегі екі қабатты шағын үйде Жеңіс Актісіне қол қойылу сәтінде қандыкөйлек қаруластарыммен бірге құрметті қарауылда тұрғанымды әркез мақтан етемін» дейтін. Жақсығұл Жалғасбаев ағамыз қан майданнан келгеннен кейін бейбіт еңбекке белсене араласты. Соғысқа дейін балықшылықтан бастаған еңбек жолын кейіннен ауылдық пошта бөлімшесінің меңгерушісі, Райым, Шөмішкөл балық колхоздары төрағаларының орынбасары, бас есепшінің орынбасары, кадр жөніндегі инспекторы болып жүріп, ширек ғасырдан астам уақыт бойы осы колхоздардағы партия ұйымының хатшысы қызметтерін атқарды. Үзбестен ауылдық кеңестің депутаты, аудандық, облыстық партия конференцияларының делегаты, аудандық партия комитетінің тексеру комиссиясының мүшесі болып бірнеше рет сайланды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан қол үзбей, ауылдағы ардагерлер кеңесіне жетекшілік жасады. Майдандағы ерліктері үшін берілген марапаттарына бейбітшілік заманындағы қажырлы еңбегі үшін берілген «І дәрежелі Отан соғысы ордені», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Еңбек ардагері» медальдары мен «Еңбегі сіңген колхозшы» белгісі, республика, облыс, аудандық партия, Кеңес органдарының, ВСЦПС-тің Құрмет грамоталары, Жеңіс мерекелеріне орай берілген жеті естелік медалі оның ерен еңбегін паш етсе керек. Ағамыз 70-ке қараған шағында 1994 жылдың мамыр айында Жеңістің 49- шы көктемінде өмірден озды. Биыл ағамыз тірі болғанда Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен қоса 95 жасқа келген туған күнін тойлар едік. Амал нешік, оған Алла жеткізбеді. «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, «Батыр Ана» атанған жеңгеміз Күлханыс екеуінен өрбіген 6 ұл, 5 қыздан тараған ұрпағы Жәкеңнің өрелі істерін алға қарай жалғастыруда. «Жақсыны жақсы табыстырады» дегендей, он жеті жасында ағамызбен бас қосқан Күлханыс жеңгеміз өзінің ұрпағынан 31 немере, 30 шөбере сүйіп, жан жары жеткізген бақытты жеңістің жемісін биыл 85 жыл көріп отыр. Белгілі журналист-жазушы Айжарық Сәдібековтің «Жұмыр жерде біз бармыз», «Аққұмның ақ түндері» кітаптарына енген, «Қараша үйдің келіні» деректі хикаясына бас кейіпкер болған жеңгеміз әлі де тың, келіндеріне, абысын-ажындарына басшылық жасап, ұлдары мен қыздарының, немерелерінің үйлеріне кезек қыдырып, шөберелеріне асыл әже атанып отыр. Ағамыздың жоғары білім алған барлық ұлқыздары еліміздің халық шаруашылығының әр түрлі саласында абыройлы қызмет жасаса, немерелері де өсіп-өніп, алды басшылық қызметтерінде жүр. Бүгінде кешегі қар жастанып, мұз төсенген ардагерлер әбден азайды. Біздің ауылдық округте бірде-бір соғыс ардагері қалған жоқ. Солардың әлі де болса бағаланбаған ерлігі болса, оны жарыққа шығару – бүгінгі ұрпақтың парызы. Бейбітшілік заманда өмір сүруімізге бар саналы өмірін сарп еткен аяулы ағамыз Жақсығұл Жалғасбаевтың атына өзі еңбек еткен Қызылжар ауылындағы өмірінің соңына дейін тұрған үйіне құрмет тақтасын орнатса, Қызылжар ауылынан, болмаса Арал қаласынан оның атына көше берілсе, соғыс ардагерлерінің алдындағы өтелген бір парызымыз болар еді. «Асқар таулар алыстаған сайын асқақтай түседі» демекші, соғыс және еңбек ардагері Жақсығұл Жалғасбаевтың жарқын бейнесі балалары мен немерелерінің, ауылдастарының жадында жатталып, жүрек түкпірінде мәңгілік сақтала бермек. Темірхан Райымбердиев, Маханбетжан Әміреев, Қызылжар елді мекені
15 наурыз 2020 ж. 1 608 0