Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Музейдегі ерлік хаты

Музейдегі ерлік хаты

         Ұлы Жеңіс бізге оңайлықпен келмегені белгілі, талай боздақтар қапияда қан жұтып, аңыраған анасын, асыл жарын, көз қарашықтарындай ұл-қыздарын артқа тастап, ұрыс даласында Отаны үшін қан төкті. Соның бірі елге ерлігін еселеп, Жеңіс туын көтеріп қайтса, қаншама боздақ неміс фашистерінің қолынан қаза тапты. Қаншама от өшті, қаншама шаңырақ қара жамылды, ұрпақ жетім қалды. Қаншама ата-ана өмірінің соңына дейін жол торып, қыр басында қалды...
         Соның бірі – үлкен бабам Есмағамбетпен бірге майданға аттанған Әбілхайыр атам. Атамның ерен ерлігі мен соғыс өрті өршіп тұрған Ресей, Украина мемлекеттеріндегі жорықтарда «Ұлтым – қазақ, намысым – байрақ» деп ұрандата жауға шапқан естелік ерліктерін отбасымда әкемнің айтуымен талай естігенмін. Атасының ерлігін балаларына насихаттап, «бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын біліңдер, біз қуанып өмір сүрсін деп, білім, ғылым үйреніп игерсін деп, әлем балаларымен терезесі тең болсын деп қазақтың қара балдары зұлмат соғысты басынан кешірді, адал ас ішіп, нан қадірін біліңдер» деп, ысырапшылдықа бой алдырмауға шақыратын.
         Ұстаздарым биыл Жеңістің 75 жылдық мерейтойы екенін айтып, оның мән-мағынасын түсіндіргенде, әкемнің сөзі аңыз емес, шындық екеніне тағы да  көзім жетті. Осы сұрапыл күндерді зерделеу мақсатында туған жерім – Арал қаласындағы «Тағзым» алаңындағы балаларын майданнан күткен «Абыз ана» монументіне барып, жан сырын ішіне бүккен кейуананың көзінен бұл соғыстың дәмінің ащысын, сардар ұлын бір көруге зар болып талай таңдар зарлап жылаған мұңды үнін есіттім. Қолына алған кесесіндегі бір тамшы суды баласының аузына тамыза алмай жырақта қалып, үміт пен шер толған күйзелген ананың бейнесін көрдім. Әлі де үмітпен күтіп тұрғандай, әлі де келіп қалды ма деп артыма мен де қарайладым. Өкінішті, бірақ мен де анадан сүйінші сұрай алмадым...
          «Тағзым» алаңында мәрмәр тастарға қашалған алтын әріппен Аралдан шыққан Кеңес Одағының батырлары мақтаныштарымыз Александр Мин мен Мақаш Балмағамбетовтің есімдері үлкен жұлдыз ішіне жазылып әспеттелсе, 6000 боздақ есімі «Ана» монументін жартылай қоршаған қақпа тәріздес қорғанға жазылыпты, ішінен әкемнің айтуы бойынша үлкен атам Бекенов Әбілхайыр атамды іздеп таптым. Иә, осы сәт қандай күйде болдым десеңізші, қуаныш бойымды билеп, аспанға секірдім. Ал кейін жетім қалған аталарымның сағынышын ойлап, қазір атамекенінен, Отанынан жырақта қай жерде жатыр екен деп ойлап жабырқап қалдым. Өскесін, міндетті түрде жатқан жерін іздеп тауып, туған жер топырағын салып, мезірет етемін.
         Ана бейнесіне тағзым еткен соң, аудандық тарихи-өлкетану музейіне жол тарттым. Музей – халық құндылығының шежіресі сақталатын мекен. Іші бірнеше бөлмеден тұрады екен, бірі – археология залы болса, бірі – этнография, бірі әдебиет пен мәдениет залына арналыпты. Тәуелсіздігімізді паш ететін үлкен зал қандай шежіреге толы десеңізші. «Рухани жаңғыру» деп осыны айтса керек, жәдігерлер мен экспонаттар көздің жауын алады. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған жылдар санат-санатымен, қол жеткен жетістіктер қаз-қатар тізбектелген. Ал Жеңістің 75 жылдығына арналған көрме тіптен ерекше. Жаужүрек батырларымыздың өмірдеректері мен бейнелік суреттері арнайы тұғырға орналастырылып, ашылмалы кітап парақтарына салынған. Әлі  талай келер ұрпаққа  мол мұра болатыны сөзсіз. Зұлмат жылдардан сыр шертетін патефон, дауыс күшейткіш, Кеңес әскері сарбазының жауынгерлік жейдесі, каска, су құюға арналған ыдысы, мылтық, гранаталары мен медальдар мен сарғайған хаттар – өткен күннен қалған естеліктер. Музейдің ғылыми қызметкері Зухра Кимбаева апай сұрапыл күндерден келген хаттар мен «Аралдан майданға» ұранымен жұмыс жүргізген аралдықтардың тыл еңбегі жайында көптеген мағлұмат берді. Хаттар үш бұрышты, мұқалып көнергенімен, мәтіні қанық сиямен жазылып, өшпеген. Әр хат жеке-жеке бір-бір тарих, бірі ата-анасына, балаларына сағынышын білдірсе, бірі ұрыс даласындағы ерлігін паш еткен, ал бірі – қара қағаз. Ең ауыр хат осы болса керек. Мұнда сарбаздың аты-жөні, қай жерден әскерге алынғаны, жетістік, марапаты және қай жерде мерт болып, көз жұмғаны жазылған. Міне, осы хатты оқып, талай ананың көз жасы төгілді десейші... Есіме тағы да «Тағзым» алаңындағы балаларын әскерден күткен ана бейнесі түсіп кетті.
         Тарихи деректерде Арал ауданынан 11045 сарбаз аттанып, оның 6000-ы елге оралмаған. Соғыс жылдарында Аралда орналасқан кеме жөндеу зауыты қайта бейімделіп, әскери тапсырыстарды орындай бастады, оның ішінде қажетті техникалық бөлшектер, яғни теңіз флотының  әскери кемелері мен танктеріне таптырмас бөлшектерді жасады. Жұмысшылар да еңбек уақытымен санаспай, тәулігіне 16 сағатқа дейін жұмыс істеді. Соғыс өрті өршіп тұрған мекендерде орналасқан Севастополь балық консерві зауыты, Мәскеудегі малдәрігерлік академиясы лезде Аралға көшіріліп, 1941 жылы Аралдан соғыс госпиталі ашылып, Отан үшін тынымсыз еңбек етті.   Әкелеріміз соғыс даласына аттанғаннан кейін, елде қалған аналарымыз да, кәмелетке толмаған балалар да табанды еңбек етіп, соғыс даласындағы жауынгерлерге  жүн қолғап, тоқыма жейде, шұлықтар тоқып аттандырып отырды. Азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ару аналарымыздан жасақталған «Лебедь» кемесі теңіз айдынына шығып, балық аулап, оны өңдеп, сүрлеп, қақтап Арал портынан эшелондарға тиеп отырды. Осы жұмыстың басы-қасында күні кешеге дейін көзі тірі болған, аңыз адам,  «Лебедь» кемесінің капитаны Мереке Кенжалиеваны айтуға болады.
         Иә, бұл – менің бір күндік өлке тарихына сапарымда көзбен көріп, құлақпен естіген мағлұматтарым. Әлі де ашылмаған қаншама соғыс құпиялары бар десеңші. Ендігі сапарымды мұрағатта жалғастырып, ашылмаған сырларды зерделегім келеді. Мен «Тағзым» алаңындағы кейуана бейнесін енді түсінгендей болдым. Ағаларымыз жастарды саябақты аралап, демала жүріп өткен күннен қалған отты жылдардағы жанқиярлық ерлікті ұмытпай, жадында сақтау мақсатында жасағанын білдім. Ендеше, жас ұрпақ қала көркіне айналған сәулетті ескерткіштерді бұзбай, сындырмай, ауласын ластамай қастерлейік! Бұл – біздің парызымыз.
Ақбибі Әуесхан.
№262 мектеп-гимназиясының оқушысы
12 наурыз 2020 ж. 958 0