Көлеңкедегі тағдыр
– Әй, амансыңдар ма, қыздар? Қалай, жақсы демалып келдіңдер ме? Бала-шаға, жан-жақтарың аман ба? – деп көтеріңкі дауыспен ішке енген Сағираның үні жұмысқа селқос кірісіп, ұйқысын аша алмай отырған әйелдердің бәрін бірден сергітіп жіберді.Таңғы уақыт. Балық өнімдерін дайындайтын кәсіпорынның іші әдеттегідей ығы-жығы. Бірі жұмыс киімін киіп жатса, енді бірі қолындағы шайын асығыс ішіп, үшіншісі үйіндегі бала-шағасының жайын айтып отыр. Терезеден түскен бозғылт күн сәулесі бөлменің ішін әрең жарықтандырып тұр. Әйелдердің жүздерінен шаршау байқалады. Көпшілігі таң сәріден тұрып, үйдің тіршілігін тындырып, жұмысқа асыққан.
– Ой, тәте, бүкіл әлем төңкеріліп жатса да, сіз әйтеуір көңілді жүресіз, – деді арғы шетте отырған қараторы келіншек. – Қайдан жақсы болсын? Ұн тағы да қымбаттай түсті. Жақында балалардың оқуы басталады. Базарда оқу формасын айтпағанда, оқу құралдарының өзі ыршып тұр. Жалақы мардымсыз. Былай тартсақ – былай, былай тартсақ – былай жетпейді. Қай жағымызды ойларымызды білмейміз.
– Әй, қыз-ау, шүкір де, – деді Сағира күлімсіреп. – Денең сау, балаларың аман. Қайтеміз енді? Қымбаттаса, оны да көреміз. Әйтеуір жоқ болып қалмаса болды. Баяғыда жоқшылық болған кезде де өмір сүрдік қой. Өлген жоқпыз.
Ол сөз арасында сөмкесін ашып, жұмыс киімдерін шығара бастады. Үстіндегі сыртқы киімін шешіп, жұмысқа арналған халатын киді. Балықтың иісі сіңіп қалған алжапқышын беліне бекемдеп байлады.
– Тәте, сізге рахат қой, – деді бидай өңді, арықша келген жас келіншек. – Өз тапқаныңызды өзіңізге жаратасыз. Қыдырасыз. Балаларыңыз да азамат болып кеткен. Өз-өздерімен. Мазаңызды алатын күйеу жоқ.
Ол соңғы сөзді айтқанда дауысы өзгеріп кетті.
– Біздікі кеше тағы ішіп келіп, шатақ шығарды. Соның нәтижесі бүгін бетімде тұр, – деді ол көзінің тұсындағы көгерген дақты саусағымен нұсқап.
Бөлме іші бір сәтке тына қалды.
Сағира қолындағы алжапқышын байлап болғанымен, жұмысқа кірісіп кетпеді. Жас әйелдің бетіне үнсіз қарады. Әлгі әйелдің көзінде ашу да, өкініш те, шарасыздық та бар еді. Күйеуінен көрген қорлықты ешкімге білдіргісі келмейтіндей. Бірақ ішіндегі шерін де біреу тыңдаса екен дегендей.
Сағира күрсініп қойды.
– Қыздар-ау... – деді ол баяу ғана. – Мен жадырап, жарқырап жүргенге керемет өмір кешті деп ойлайсыңдар ма? Тағдырдың кермегін біз де таттық. Тек әркімнің қайғысы әртүрлі болады. Біреудің жарасы сыртында көрінеді, біреудің жарасы ішінде жатады.
Әйелдер Сағираға бұрылып қарады. Көбі оны үнемі күліп жүретін, еш нәрсеге алаңдамайтын, сөзге шешен, көңілді әйел деп білетін. Оның өмірінде мұншалықты ауыр кезеңдер болғанын ешкім толық білмейтін.
Сағира алдына үйілген майшабақтарды біртіндеп тазалай бастады.
– Менің екі апам, бір сіңілім бар, – деп бастады ол. – Әкем мен ес білмейтін кезімде бақилық болған. Сондықтан әке деген адамның аялы алақанын, жылы құшағын сезінген емеспін. Әкемнің қандай адам болғанын да дұрыстап білмей өстім. Кейде ауылдағы қатарластарым әкелерінің арқасына мініп ойнап жүргенде, мен сырттай қарап тұратынмын. Сондай сәттерде жүрегімнің бір түкпірі әлденені іздейтін.
– Бізді анамыз бақты. Ол кісі бір өзі төрт қызды өсірді. Қиындықтың неше түрін көрді. Бірақ бізге білдірмеуге тырысатын. Таң атпай тұрып жұмыс істейтін, кешке дейін тыным таппайтын. Біз ұйықтап жатқанда да үй шаруасымен жүретін.
Сағира бір сәт балықтан қолын тоқтатты.
– Мен он сегізге келіп, мектеп бітірген кезімде анамды айналдырған дерт алып тынды. Анамның жылын берген соң үй іші мүлде босап қалғандай болды. Әпкелерімнің алды тұрмыс құрған. Сіңілім екеуміз ғана қалдық. Бір үйде екі жетім қыздай үнсіз отырып қалдық.
Оның дауысы бәсеңдей түсті.
– Сол кезде балаларымның әкесі үйге кісі жіберіп, құда түсті. Сендер айтқандай алып ұшқан махаббат болған жоқ. Бірақ ол да жетім өскен бала еді. Екеуміз бір-бірімізге сүйеніш болармыз деп ойладық. Мен де ертеңгі күнімді ойладым. Әйел адамға арқа сүйер азаматы болғаны жақсы ғой.
– Ол еңбекқор еді. Мал тапты. Мен үйде отырып, тапқанын ұқсатып, тіршілігімізді жасадым. Бірімізге біріміз жаман болған жоқпыз. Көп нәрсеге қолымыз жетпесе де, көңіліміз тоқ еді.
Сағираның жүзіне жылы жымиыс үйірілді.
– Алдымен ұлымыз дүниеге келді. Оның дүниеге келген күні әлі есімде. Кішкентай ғана сәбиді құшағыма ұстап отырып, өзімді дүниедегі ең бақытты әйел сезіндім. Кейін қызымыз өмірге келді. Екі баламыздың ортасында жүріп, бақыт деген осы шығар деп ойладым.
Жұмыс істеп отырған әйелдердің бәрі үнсіз тыңдап отырды.
– Бірақ адамның жоспарын тағдырдың жоспары бұзады екен, – деді Сағира.
Ол терең дем алды.
– Бір күні жолдасым жұмыстан кешігіп келе жатты. Қыс мезгілі еді. Қыста күн ерте батады ғой. Ол кездері қазіргідей көшелердің бәрі жарық шамдарға толы емес. Дала қараңғы болатын.
– Жолдасым келе жатқанда жолдың бір тұсында төбелесіп жатқан бір топ адамға тап болады. Не болғанын өзі де түсінбей қалған шығар. Бір-бірімен арпалысып жатқан адамдардың арасынан біреуі пышақ шығарып, жолдасыма сұғып алған.
Бөлме ішіндегі тыныштық қоюлана түсті.
– Ол қатты жараланған. Қансырап ұзақ жатып қалған. Айнала қараңғы. Қасында көмектесетін адам болмаған. Ақыры тілге келместен жан тапсырған.
Сағира осы жерге келгенде сөзін әрең жалғастырды.
– Мен ол кезде бар болғаны жиырма үш жаста едім.
Жанындағы әйелдердің бірі еріксіз:
– Жиырма үш пе? – деп сыбырлап жіберді.
Сағира басын изеді.
– Иә. Жиырма үш жасымда жесір қалдым. Құшағымда екі жасар ұлым, төрт айлық қызым бар еді. Кеше ғана «балаларымызды қалай өсіреміз, ертең қандай үй саламыз?» деп жүрген адамым жоқ. Бір түннің ішінде өмірімнің бәрі өзгеріп сала берді.
Ол үнсіз қалды.
Сол сәтте Сағираның көз алдынан баяғы күндердің елесі өткен болар. Жас келіншек кезі. Құшағындағы сәбиі. Үйге кіріп келетін жарының қадамдары. Балалардың күлкісі. Енді сол үйде үнсіздік қалған.
– Қылмыскерлер сол күйі табылған жоқ, – деді ол біраздан кейін. – Бірақ менің оларды іздеп, соттың артынан жүруге шамам да, уақытым да болмады. Екі баланы қалай асыраймын деп басымды қатырдым. Біреуге өкпе айтуға, біреуді кінәлауға уақыт жоқ еді.
– Өмірімнің ең қиын кезеңі сол кезден басталды.
Сағира балаларын әпкелеріне қалдырып, жұмыс іздеді. Қолынан келгеннің бәрін істеді. Бір жерде ыдыс жуды, бір жерде еден сүртті, бір жерде үй жинады. Қолына түскен жұмыстың бірін де менсінбеді. Себебі үйде оны күтіп отырған екі бала бар еді.
– Кейде кешке үйге келгенде аяғымды баса алмай қалатынмын. Бірақ балаларымның жүзіне қарағанда шаршағанымның бәрі ұмытылатын. «Бүгін тамақ ішті ме екен? Ертең не беремін?» деген ой ғана болатын.
Уақыт өтіп жатты.
Балалары мектепке барды. Біртіндеп өз-өздерімен бола бастады. Сағира да өміріне қайтадан үмітпен қарай бастаған.
Алайда тағдыр оған тағы бір ауыр сынақ дайындап қойған еді.
– Бір айналдырғанды шыр айналдырады демекші, екінші әпкем мен жездем жол апатынан қайтыс болды.
Әйелдердің жүзіндегі таңданыс қайтадан мұңға айналды.
– Артында төрт баласы қалды. Төртеуі де әлі кішкентай. Оның үлкенінің туабітті кемістігі бар еді. Оған ерекше күтім қажет болатын. Шыны керек, жездемнің туыстарының ешқайсысы балаларды өз қамқорлығына алғысы келмеді. Үлкен апамның күйеуі де жайлы адам емес еді. Жер айтып бармасын. Ол кісі төрт баланы үйге кіргізуге үзілді-кесілді қарсы болды. Үлкен апамның да қолынан ештеңе келмеді.
Сағира балықты тазалап отырып, күрсінді.
– Амал жоқ, төрт жетімді де бауырыма бастым.
Бөлмеде отырғандар бір-біріне қарасты.
– Өзімнің екі балам бар. Енді алты бала бір үйде тұрдық. Бірақ мен оларды бөле алмадым. «Мынау – менің балам, мынау – әпкемнің баласы» деп қарап отыруға жүрегім дауаламады. Барлығы бір үйде өсті. Бір дастарқаннан нан жеді. Бір-біріне бауыр болды. Ол кезде менің ойлайтын жалғыз нәрсем – балаларды аш қалдырмау еді.
Сағираның күндері жұмыс пен үйдің арасында өтіп жатты.
Күндіз бір мекеменің еденін жуатын. Кешкісін екі-үш сағат бір әжейдің үйін жинайтын. Одан кейін үйге келіп, балаларға тамақ дайындайтын. Бірінің сабағын тексеріп, бірінің киімін жуып, ертеңгі күнге қамданатын.
Түннің бір уағына дейін көз ілмейтін.
– Кейде өзіме қарайтын айнаға да қарамайтынмын, – деді Сағира күлімсіреп. – Шашым өсіп кеткен бе, киімімнің сәні бар ма, жоқ па – оған қарайтын уақыт жоқ. Балалардың қарны тоқ болса, үсті бүтін болса, соған шүкір дедім.
Әсіресе туабітті кемістігі бар жиеніне ерекше күтім қажет еді.
– Оны қарау оңай болмады. Кейде түнімен ұйықтамайтын. Бір жері ауырып қалса, не болғанын түсіндіре алмайтын. Сондай кезде қасында отырып таң аттыратынмын. Бірақ оны аяп жылап отыруға да уақыт жоқ. Ертеңіне жұмысқа баруым керек.
Сағираның өмірі осылай жылжып жатты.
Елдің тұрмысы да оңай емес еді. Тоқырау жылдары басталды. Дүкендердің сөрелері босап, қарапайым заттың өзін табу қиынға айналды.
– Сондай кездерде ала дорбамды асынып, пойыз жағалап кететінмін, – деді ол. – Бірде бір зат, бірде басқа зат алып барып сататынмын. Кейде қолымда бар-жоғы бірнеше тиын ғана қалатын. Бірақ соған да қуанып, «бүгін балаларға нан алып барамын» деп үйге қайтатынмын. Адамның басы Алланың добы деп бекер айтпапты. Басқа түссе, бәріне де көнеді екенсің. Басында «мен бұған қалай шыдаймын?» деп ойлайсың. Кейін бірте-бірте үйренесің. Жағдайға қарай бейімделесің. Тек берілмеу керек.
Ол терең тыныс алды.
– Тіпті уақыттың қалай зыр етіп өте шыққанын байқамай қалыппын. Кеше ғана кішкентай болған балалар есейді. Бірі мектеп бітірді. Бірі оқуға түсті. Бірі жұмыс істеді. Кейін олар шаңырақ көтерді. Әрқайсысы өз өмірін құрды. Қазір сол балалардың бәрі өсті. Өз қолдары өз ауыздарына жетті. Бәрі бір-бір шаңырақ болды. Кезінде бір нанды бөліп жеген балалар қазір өз балаларын тәрбиелеп отыр.
Сағираның жүзінен мақтаныш байқалды.
– Сонда мен «бар бейнетімнің өтеуі осы екен ғой» деп ойлаймын. Мен олардан ештеңе күткен жоқпын. Тек адам болып өссе екен дедім. Қазір амандығын көрсем, соның өзі маған жетеді.
Осы кезде жас келіншектердің бірі шыдамай:
– Мә, тәте, онда сізге жұмыс істеп не керек? Сол балаларыңыздың тапқанын ішіп-жеп, үйде жатпайсыз ба? – деді.
Сағира күліп жіберді.
– Қой, қалай жатамын? Қол-аяғым сау. Ақыл-ойым дұрыс. Әзірге қартайып тұрған жоқпын. Сондықтан еңбек еткенім дұрыс деп ойлаймын. Адам баласы тек біреуге қарап өмір сүру үшін жаралмаған. Қолыңнан іс келсе, еңбек ет. Еңбектің қадірін біл. Өз наныңды өзің тапқанның да бір рахаты бар.
Жас келіншектер үнсіз тыңдады.
– Сендер де қыздар, – деді Сағира. – Жас күндегі болмашы қиындыққа бола сына бермеңдер. Жолдастарыңа «анау жетпейді, мынау жетпейді» деп арыз айта бермеңдер. Әрине, ер адам да әйелін ренжітпеуі керек. Отбасында сыйластық болуы тиіс. Бірақ тұрмыста қиындық болмай тұрмайды.
Ол жанындағы әйелдің көгерген жүзіне көз тастады.
– Ал сен, қызым, өзіңді де қорлатпа. Шыдаудың да шегі бар. Бірақ ашумен шешім қабылдама. Отбасыны сақтаудың жолы болса, ақылмен ізде. Ең бастысы, балаларыңның алдында бір-біріңді қорламаңдар.
Сағира біраз үнсіз қалды.
– Өмірдің қызығы да сол жетпей тұрған нәрселерінде сияқты. Бәрі дайын, бәрі жетіп тұрса, адамды жалқаулық басып кетуі мүмкін. Қиындық адамды шыңдайды. Жастық шақта бейнет берсе, қартайғанда зейнетін көресіңдер. Менің де өмірімде бәрі жетпеді. Бірақ сол жетпеген нәрселердің арқасында мен көп нәрсені үйрендім. Сабырды үйрендім. Еңбекті үйрендім. Адамды бағалауды үйрендім. Біреудің қайғысына сырттай қарап баға бермеуді үйрендім.
Сөзін түйіндеген Сағира:
– Ал енді, қыздар, әңгімені қойып, жұмысымызға кірісейік. Балық бізді күтіп тұр, – деп күліп жіберді.
Содан соң «әләуләйлім» деп әндетіп, шаруасына кірісіп кетті. Жаңа ғана өмірдің қиындығына өкпелеп отырған әйелдер де біртіндеп жұмысқа кірісті. Бірақ олардың ешқайсысы бұрынғыдай емес еді. Әрқайсысының ойында Сағираның сөзі қалып қойған.
Олар Сағираға таңғалған жанарларымен ұзақ қарап отырды. Біреуі оның көңілді мінезіне таңғалса, енді бірі жиырма үш жасында жесір қалып, екі баламен жалғыз қалған әйелдің кейін тағы төрт жетімді бауырына басып өсіргеніне таңғалды. Біреуі «осынша қиындыққа қалай шыдаған?» деп ойлады. Енді бірі өзінің болмашы мәселелеріне шағымданғанына ұялды.
Сағираны кейде көп адам ашық ауыз, аузында сөзі тұрмайтын әйел деп санайтын. Расында да, ол әңгіме арасында білгенін айтып қоятын. Бірақ оның бойында өсекшілік жоқ еді. Біреудің сөзін екіншісіне тасып, біреудің сыртынан жамандық айту дегенді білмейтін. Ол бар болғаны аңқылдақ еді.
Арамдық ойламайтын. Адамға тез сенетін. Жақсылықты көп күтетін. Өзі көргенін, білгенін әңгіме арасында жайып салатын. Алайда оның ашық мінезінің ар жағында ешкім көре бермейтін үлкен өмір жатты. Жиырма үш жасында жесір қалған жас келіншек. Екі кішкентай баламен жалғыз қалған ана. Кейін әпкесінен айырылып, тағы төрт жетімді бауырына басқан жан. Күндіз-түні еңбек етіп, балаларын жеткізген қайсар әйел. Ол өзінің қайғысын елге айтып, аяушылық сұраған жоқ. Керісінше, өмірдің әрбір сынағын үнсіз көтеріп, балаларын адам етті.
Сағираның тағдырына қарап отырып, адам өмірінің сыртқы көрінісіне қарап баға берудің қаншалықты қиын екенін түсінуге болады. Кейде үнемі күліп жүретін адамның жүрегінде қанша мұң жатқанын ешкім білмейді.
Н. МАРАТҚЫЗЫ










