Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » 23 жастағы жесір

23 жастағы жесір

– Әй, амансыңдар ма? Қалай, жақсы демалып келдіңдер ме? Бала-шаға, жан-жақтарың аман ба? – деп көтеріңкі күйде ішке енген Сағираның дауысы жұмысқа сел-соқ, ұйқысын аша алмай отырған көпті селк еткізді.
– Ой, тәте, бүкіл әлем төңкеріліп жатса да сіз әйтеуір көңілді жүресіз. Қайдан жақсы болсын. Ұн тағы да қымбаттай түсті. Жақында балалардың оқуы басталады. Базарда оқу формасын айтпағанда , оқу құралдарының өзі ыршып тұр. Жалақы мардымсыз. Былай тартсақ былай, былай тартсақ былай жетпейді, – деді арғы шетте отырған қараторы келіншек ренішті үнмен.
– Әй, қыз-ау, шүкір де, денің сау, балаларың аман. Қайтеміз енді, қымбаттаса оны көреміз. Әйтеуір жоқ болып қалмаса болды. Баяғыда жоқ болған кезде де өмір сүрдік. Өлген жоқпыз. Сағира жайлап сөмкесінен жұмыс киімдерін ала бастады. Бұлар балық өнімдерін дайындайтын кәсіпорында балық тазалаушы болып жұмыс істейтін.
– Тәте, сізге рахат, иә, – деді бидай өңді, арықша келген қыз. Өз тапқаныңызды өзіңізге жаратасыз. Қыдырасыз. Балаларыңыз азамат болып кеткен. Өз-өздерімен. Мазаңызды алатын күйеу жоқ. Біздікі кеше тағы ішіп келіп шатақ шығарды. Соның нәтижесі бүгін бетімде тұр,– деп көз тұсындағы көгерген дақтарды нұсқады. Сағира сәл үнсіз тұрып қалды.
– Қыздар-ау! Мен жадырап, жарқырап жүргенге керемет өмір кешкен деп ойлайсыңдар ма?! Тағдырдың кермегін біз де таттық.
Үстіне жұмыс халатын киіп, алжапқышының белін бекемдеп буған Сағира өзінің жұмыс орнына жайғасты. Алдында үйілген майшабақ балықтарды тазалап отырып, әңгімесін бастады.
– Менің екі апам, бір сіңілім бар. Әкем мен ес білмейтін кезімде бақилық болған. Сондықтан әке деген адамның аялы алқаны мен жылы құшағын сезінген емеспін. Бізді анамыз бақты. Мен 18-ге келіп мектеп бітірген шақта анамды айналдырған дерт алып тынды. Ол кезде әпкелерімнің алды тұрмыс құрған-ды. Сіңілім екеуміз ғана қалдық. Анамның жылынан соң балаларымның әкесі үйге кісі жіберіп, құда түсті. Сендер айтқандай алып ұшқан махаббатымыз болмаса да, арқа сүйер азамат болады-ау деген ердің мен де етегінен ұстадым. Ол да жетім бала болатын. Не керек, бірімізге біріміз сүйеніш болдық. Ол еңбек етіп, мал тапты. Мен үйде отырып соны ұқсаттым. Ұлымыз өмірге келді. Кейін қызды болдық. Бақытты, жайбарақат күн кешіп жатқанбыз. Бірде жолдасым кештетіп жұмыстан келе жатқан. Қыс мезгілінде күн ұясына ерте батады ғой. Дала қараңғы болып кеткен. Ол кезде қазіргідей көшелер де жарық шамдармен қамтылмаған кез. Кенет жолдасым төбелесіп жатқан тобырдың ортасына тап болған. Солардың бірі пышақ сұғып алады. Содан ауыр жараланған ол қансырап ұзақ жатып қалады. Ақыры тілге келмей ажал құшты. Мен ол кезде бар болғаны 23 жаста едім. 2 жастағы ұл мен 4 айлық қызымды құшақтап жалғыз қалдым...
Сағираның жайдары жүзіне мұң үйіріліп, сәл үнсіз қалды. Өткен өмірін тізбектеу кімге оңай тиген. Әрі сүрлеуі көп соқпақ жол болса. Жанындағы келіншектер де үнсіз. Бәрі аянышты жанармен Сағираға қадалып қалған. Әрісі не боларын ешкім де болжап отырған жоқ. Сағира әңгімесін әрі қарай жалғастырды:
– Содан не керек, қылмыскерлер сол күйі табылған жоқ. Олармен әуре болатын менде де маза болған жоқ. Өмірімнің қиындықтары басталды. Балаларымды апаларымның үйіне қалдырып, түрлі жұмыстар істедім. Иек артар ешкімім болған жоқ. Балаларым өсіп, мектепке барып, өз-өздерімен бола бастап, мен де серпіліп қалғанмын. "Бір айналдырғанды шыр айналдырады" демекші, екінші әпкем мен жездем жол апатынан қайтыс болды. Артында 4 баласы қалды. Оның үлкені туабітті кемтар еді. Шыны керек, жездемнің туыстарының ешбірі балаларды қамқорлығына алғысы келген жоқ. Үлкен апамның күйеуі нашарлау кісі еді. Жер айтып бармасын. Ол содан бата алмады. Амал жоқ, төрт жетімді мен бауырыма бастым. Өзімнің екі балам бар. Бәрін бір үйде бауыр қылып, бар тапқанымды соларға тамақ етіп беріп отырдым. Менде ол кезде жан-жағыма қарауға мүмкіндік болған жоқ. Күндіз кешке дейін бір мекеменің еденін жуып, кешке екі-үш сағат бір әжейдің үйін жинап, қалай болғанда да балаларды аш қалдырмауды ойладым. Оның үстіне апамның үлкен ұлы туабітті кемтар еді ғой. Оған асқан күтім керек. Тоқырау жылдары ала дорбамды асынып, пойыз жағалап кеттім. Адамның басы Алланың добы деп бекер айтпапты, басқа түссе бәріне де көнеді екенсің. Соған қарай бейімделесің. Тіпті уақыттың қалай зыр етіп өте шыққанын да аңғармай қалыппын. Қазір сол балалар өсті, өз қолдары өз ауыздарына жетті. Бәрі бір-бір шаңырақ болды.
– Мә, тәте, онда сізге жұмыс істеп не керек? Сол балаларыңыздың тапқанын ішіп-жеп жатпайыз ба? – деді қыздардың бірі.
– Қой, қалай жатамын? Қол-аяғым сау, ақыл-ойым дұрыс, әзірге қартайып тұрған жоқпын. Сондықтан еңбек еткенім дұрыс деп ойлаймын. Сендер де қыздар, жас күндегі болмашы қиындыққа сына бермеңдер. Жолдастарыңа анау жетпейді, мынау жетпейді деп арыз айтпаңдар. Өмір осы жетімсіздігімен қызық сияқты. Бәрі жетіп тұрса адамдарды жалқаулық басып, қоғамда бей-берекетсіздік орнап кетер еді. Сондықтан жастық шақта бейнет берсе, қартайғанда зейнетін көресіңдер.
Сөзін түйіндеген Сағира «әләуләйлім» деп әндетіп шаруасына кірісіп кетті. Мұның әңгімесін тыңдап отырған өзінен әлдеқайда жасы кіші келіншектердің бәрі таңғалған жанарларын одан айыра алмай ұзақ отырды.
Сағираны кейде көбі ашық ауыз, аузында сөз тұрмайтын әйел деп санайтын. Бірақ оның кісінің айтқанын екіншісіне жеткізетін өсекшілдігі жоқ еді. Тек ешкімге арамдық ойламайтын аңқылдақ, ақжарқын мінезінен әңгіме арасында бар білгенін жайып салатыны рас. Ол да әдейі емес. Тағдырдың батпандай жүгін көтеріп, қиындығына сынбаған қайсар аналар қоғамда көп-ақ. Олардың сырт келбетіне қарап баға беру тіпті қиын. Адамның кейпі алдамшы. Ал ішкі жан дүниесі мен санасында не жатқанын топшылау мүмкін емес.

Н. МАРАТҚЫЗЫ
06 қаңтар 2023 ж. 739 0