Шаһизада Әбдікәрімовтің мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті
Бүгін «Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен ақын, қаламгер, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Шаһизада Әбдікәрімовтің 70 жасқа толуына арналған «Поэзия гладиаторы» атты шығармашылық кеш өтті. Оған ҚР Құрылтай депутаттары Серік Қожаниязов, Шахмардан Байманов,Нұркен Бақытбекұлы, Ирина Тен, Мағжан Ералиев, Қырғызстаннан және еліміздің өңірлерінен келген қонақтар, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен ел
ағалары қатысты.
Кеш ақынның шығармашылық жолы мен телевизия саласындағы еңбегін қамтыған бейнероликпен басталды.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде Шаһизада Өтетілеуұлының ұйымдастырушылық қабілетімен ұштасқан парасатын, отандық тележурналистиканың дамуына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.-Өткен ғасырдың 90-шы жылдары Байқоңыр қалалық «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, ғарыш айлағында тұңғыш ана тілімізде жарық көрген «Ақжол» газетінің негізін қалады.
Сол кезеңде Байқоңырдан қажетті жабдықтардыжеткізіп, өз қолымен іргетасын қалаған «Қоғам ТВ» телеарнасы бүгінде Сыр жұртшылығының сүйікті арнасына айналды.
Шаһизада Өтетілеуұлы қай кезеңде де қоғамшыл бағытынан айнымайтын ақын ретінде туған жерінің рухын асқақтатып, халқына қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Сізді адамзат ғұмырының жемісті шағы - 70 жасқа толған мерейтойыңызбен барша Сыр жұртшылығының атынан шын жүректен құттықтаймын!
Әрі қарай да еліміздің рухани дамуына өз үлесіңізді қосып, отаншыл жүрегіңізден отты жырлар туа берсін»,- деді Мұрат Ергешбаев.
Мерейтой иесіне Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың арнайы құттықтауы, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды. Иығына шапан жабылып, темір тұлпардың кілті берілді.
Жиында ардагер Сәби Аңсат, ақын, аудармашы, Байбота Серікбай, ақын, мемлекет қайраткері Қазыбек Иса , ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай, Қырғыз Республикасының мәдениет қайраткері Қарбалас Бакиров, ақын Бүркіт Базарбаев және аудармашы Махаббат Молдалиева сөз сөйледі.
Ақынның өзі сахнаға шығып, әр жылдары жазылған жырларын оқыды. Бұл өлеңдерде қоғамдағы сан алуан тақырып қамтылған. Адам болмысы, тіршілік түйткілдері, туған жер туралы көркем кестеленген өлеңдер жырсүйер қауымның ықыласына бөленді.
Сондай-ақ мерейтой иесінің сөзіне жазылған әндер орындалды. Сырдың жас ақындары да поэзия кешіне келген көрерменге өз өлеңдерін ұсынды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі












