Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр өңірінде «Еңбегімен ер атанған тұлға» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті

Сыр өңірінде «Еңбегімен ер атанған тұлға» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті

Елге сіңірген еңбегімен халық жадында қалған ардақты азаматтарды ұлықтау - өскелең ұрпаққа үлгі, тарихқа тағзым.
Осы мақсатта бүгін Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетовтің 95 жылдығына арналған «Еңбегімен ер атанған тұлға» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Жиынды Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет жүргізіп, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың атынан құттықтау лебізін жеткізді.

Жиында сөз алған Мейрамбек Зинабдинұлы конференцияның маңыздылығына тоқталып:
- Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Биімбетұлы Бәйімбетов сынды Сыр елінің ардақты қайраткер ұлының жақсы да жасампаз істері, өмір жолы, азаматтық бейнесі, іскерлік қабілеті артында қалған өнегелі мұрасы бүгінгі ұрпақтың рухын көтеріп, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы өрелі істерімізді молайтуға қызмет етеді. Орынбасар Биімбетұлының артында ұрпақ үшін мәңгі өшпес өнегелі ізі қалды. Оларды жастарға үлгі ету - бүгіннің басты парызы, - деді.

Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар, белсенді жастар, БАҚ өкілдері, қайраткердің ұрпақтары мен замандастары қатысты.

Жиын барысында қайраткердің еңбекпен өрілген өмір жолы, ел дамуына қосқан сүбелі үлесі жайлы мазмұнды баяндамалар жасалды. Атап айтқанда, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Жолтай Жұмат-Әлмашұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Нұртөре Жүсіп, академик, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Қылышбай Бисенов, еңбек ардагері, Шиелі ауданының құрметті азаматы Рахым Мауяев өз естеліктерін ортаға салып, тұлғалық болмысына тоқталды.

Конференция аясында Орынбасар Биімбетұлының ауыл шаруашылығын өркендетудегі еңбегі мен мәдениет пен руханиятқа қосқан үлесін қамтитын бейнебаян көрсетілді.
Жиын соңында қатысушылар қайраткердің ерен еңбегі бүгінгі ұрпақ үшін тағылымды өнеге екендігіне тоқталып, оның жарқын істері жастарға үлгі болып қала беретіні атап өтілді.
Іс-шарадан кейін ас беріліп, марқұмның рухына құран бағышталып, дұға оқылды.
23 тамыз 2025 ж. 122 0