Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

Биыл қазақ әдебиетінің алып тұлғасы, проза классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толып отыр. Бұл мерейтой ел әдебиетінің тарихында ғана емес, жалпы әлем мәдениетінде ерекше орын алады. Заңғар жазушының есімі рухани болмысын терең зерттеп, ұлт тағдыры мен адамның ішкі әлемін эпикалық деңгейде суреттеген шебер ретінде мәңгі есте қалды. Оның шығармашылығы арқылы ұлттық әдебиет әлемдік кеңістікке қанат жайып, қазақтың болмысын шет елдерге танытады.
Әбе әлемін ҚР Еңбек Ері, Кеңестік Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы дегендей әдеттегі теңеулер ауанына сыйғызып қана қоя салу қисынсыз болар. Атақты «Қан мен тер», «Курляндия», «Соңғы парыз» кітаптарын көзіқарақты оқырман басына жастап оқып, әлдеқашан сүйікті жазушысына айналдырған. Қарағаштай қалың қазақ қоғамы ғана емес әлем жұртшылығына да аты мәлім. Қажырлы еңбек, арлы қаламымен жазған шығармалары шетел тілдерінде сөйлеп, талайды тамсантты. Қазақ деген тағдырлы халықтың басынан өткен аумалы-төкпелі заманның суретін кестелі тіл, кемел ойымен сала білді. Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафин сынды әдебиет алыптарынан кейін жарқырап көрінетін биік тұлға, парасатты жазушы осы – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Ұлтының қасиетті құндылықтарын қызғыштай қорғап, ел атынан пәтуалы сөз айтқан абыз ақсақалдың еңбек-ерлігі ұмытылмайды.
Қаламгер есімін ұлықтау мақсатында 25 қазан күні Алматы қаласында Қазақ ПЕН клубының ұйымдастыруымен Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Онда сөз алған Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын оқыды. Облыс әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққан «Біздің Әбе» естелік кітабының тұсаукесері өткізіліп, қатысушыларға таратылды.
Конференцияда шетелдік және отандық ғалымдардың баяндамалары оқылып, жазушының қаламгерлік қыры кеңінен ашылды. Ұлт қайраткерінің есімін ұлықтауға арналған іс-шараға Сыр өңірінен және туған жері Арал ауданынан Аманжол Оңғарбев бастаған арнайы делегация қатысты
100 жылдыққа арналған шаралар легі екі күнге жалғасты. Ертеңіне Достық үйінде Жазушылар Одағының бастамасымен «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Конференцияға Франция, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Литва және т.б шетелдік жазушылар мен еліміздің зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері бас қосты.
Тағылымды шараны Жазушылар Одағының төрағасы М.Құлкенов жүргізді. Алғашқы сөз алған Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Құттықтау хатын оқып, жазушыны ұлықтауға арналған конференция жұмысына табыс тіледі.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары А.Қалдыбеков, ТҮРКСОЙ ұйымының төрағасы С.Раев, Халық жазушысы С.Елубай, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Н.Оразалин, халық әртісі А.Әшімов, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Көшербаев, Қырғыз Республикасының ақыны М.Азаматов, жазушының қызы Ш.Нұрпейісова классик жазушының сан түрлі тұлғалық қырларына тоқталып, шығармашылығы туралы тұшымды ойлар айтты.
Конференциядан кейін абыз ақсақалдың рухына арналған салтанатты ас берілді.
Айта кетейік, туған жері Сыр өңірінде жазушы есімін ұлықтау шаралары жыл бойы жалғаса бермек. Атап айтқанда, барлық орта мектептер мен арнаулы оқу орындарында апталықтар, кітапханалар мен музейлерде көрмелер, шығармашылық кештер өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында тақырыптық айдарлар ашылған.
Ал Арал ауданында «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумы ұйымдастырылып, «Беларан төбе» шыңында рухына ас берілді. Республикалық «Теңіз текті тұлға» атты жазушы-қаламгерлер арасындағы шығармашылық байқауы да өз мәресіне жақын қалды. Оған қоса, халық жазушысының өмір жолы мен шығармашылығына арнап Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада «Кітап және қаламгер» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция көптің көңілінен шықты.
Қазақ ПЕН клубымен бірге Әбең туралы естелік-жинақтар кітабы шығарылды. Жыл соңына дейін Қызылорда қаласы мен Арал ауданында «Әлем таныған Әбе» атты кешенді шаралар жоспарланған.

Айдар САЙЛАУОВ,
Арал-Алматы-Арал
29 қазан 2024 ж. 186 0