Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қош, Аралдың асыл перзенті

Қош, Аралдың асыл перзенті

Талай дарын иелерінің бесігін тербеткен дархан даламыз қасиет пен тектілік мекені. Соның ішінде өнер өлкесінің өр биігіне айналған қасиетті Арал теңізінің толқыны қаншама өнер иелерін лек-легімен дүниеге әкелгені белгілі.

Теңіздің тазалығын, шағаланың шалқар үнін жанына серік еткен дарындарымыз осы өңірде туып-өсті. Бүгінде солардың бірі де бірегейі, қазақ әдебиетінің абызы, шығармаларына дәуір шындығын арқау еткен қарымды қалам иесі, заманымыздың заңғар жазушысы, публицист, екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз» ордендерінің иегері, қоғам қайраткері, теңізді өлкенің төл перзенті – Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 98 жасында бақиға аттанып отыр.
Шетсіз, шексіз ғаламның ғажайып көріністерін қалам ұшына сыйдырып, көз алдындағыны сұлу сөзбен шебер суреттеуге бейім болып туылған дала дарынының қазақ әдебиетінің алтын қорына қосқан еңбегі өлшеусіз. Халқымыздың сол алтын қор әдебиеті бүгінде қара жамылды. Орны толмас қайғының қамытын киген көк теңіз де бүгін толқыныс құшағында. Шерменде кеткен шерлі мұң сол теңізге тіл бітіргендей. Қайтеміз, алды құз, арты жар баянсыз тірліктің татырар дәм-тұзы «Әбең» үшін осы жерден түгесілді.
Әбдіжәміл Нұрпейісов 1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының Арал ауданы, Құланды поселкесіндегі Үшкөң ауылында дүниеге келген. Ол – қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері. Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 1942 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін әскерге шақырылып, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты.
 XX ғасырда қазақ әдебиетіне мол үлес қосқан суреткер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған. Ол – СССР Мемлекеттік сыйлығының иегері. Әбдіжәміл Нұрпейісов – әдебиетіміздің мақтанышына айналған алыбымыз, қазіргі қазақ әдебиетінің асқаралы биігі десек те болады. Жазушы ұлттық әдебиетті дамытудағы айрықша еңбегі үшін, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. Мұндай жоғары дәрежелі атақты беру жарлығына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Қазақ әдебиетінің қара нары атанып, қара сөзбен талай жүректердің қылын тербеген қоғам қайраткеріне 2019 жылдың 26 қазанында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаулысы негізінде қаламгерге деген көрсетілген бұл құрметтің беделдісі әрі биігі еді.
Расында, Ә.Нұрпейісов есімі халықаралық әдебиетте алпысыншы жылдардың басында жаңғыра бастады. Қазақ әдебиетіне тыңнан түрен салып, қазақ көркемсөзінің мәртебелі мінберіне шыққан заманымыздың заңғар жазушысы «Курляндия», «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары арқылы әлем алыптарымен иық теңестірді. Жанкешті шығармашылық еңбекпен әдебиет деп аталатын алып тұғырға көтерілген қаламгердің шығармаларына әр қазақ жүрегінің төрінен орын берді десек те болады.
Әлем әдебиетіне жол тартқан «Абай жолы» романы бір кездері барша қазаққа зор мақтаныш болса, сол биіктен түспей келе жатқан «Қан мен тер» романы да қазақ әдебиетіндегі қалың қауымның көз майын тауысып оқитын құнды дүниесіне айналды. Өз кезегінде Әбдіжәміл атамыз жеткен бұл биік қалың оқырманнан алған лайықты баға болса керек. Қазақ қаламгерлері «Әбе» деп ерекше құрметтеген, ғұмыр бойы «Әдебиет – ардың ісі» деген ұстаныммен өмір сүрген  Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдеби туындылары туған халқымен бірге жасай береді.
«... Өсу жас кезде де, есейген шақта да үзілмейді екен. Шынын айтсам, кәсіби шеберлік жағынан бір ықпал, жүріс-тұрысы жағынан бір ықпал, ойымен, парқымен бір ықпал ететін адамдар өмірде көп болды. Бәрі алақанына салды, баладай әлдиледі» дейді Әбдіжәміл Нұрпейісов өз естелігінде. Енді өзіңізді кеудесінде өсіріп, құшағында түлеткен Жер-Ана әлдилесін. Қош, қазақтың қайсар ұлы, әдебиет мирасқорларының мәртебелі мақтанышы!

«Толқын» газетінің ұжымы
07 ақпан 2022 ж. 921 0