Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін құттықтады
Құрметті мәдениет және өнер саласының ардагерлері!
Қадірлі сала қызметкерлері!
Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Мәдениет – ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмысы, ақыл-ой, парасаты. Ал өнер – халықтың қазынасы, ұлттың құндылығы.
Талай дарын иелерінің бесігін тербеткен дарқан даламыз қасиет пен тектілік мекені. Соның ішінде, өнер өлкесінің өр биігіне айналған қасиетті Арал теңізінің толқыны талай-талай өнер иелерін лек-легімен дүниеге әкелген құтты мекен.
«Өнер мен дәулет қонған жер» деп жерлес ақынымыз Әбілхан Маханов жырлап өткендей, Сыр сүлейі Нұртуған, Нұрмағанбет, Жаңаберген, Кәрібоз, төкпе күйдің төресі Қазанғап, "қазақтың Корчагині" атанған Зейнолла Шүкіров, қазақ әдебиетінің абызы, заманымыздың заңғар жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов сынды небір дарындарымыз осы өңірде туып-өсті.
Бүгінде айдынды өлке мәдениетінің мәуелі көшін жыр дүлдүлдерінің асыл қазыналарынан сусындап өскен, өнердегі өресі биік күйші-композитор, ақын-жырау Мұрат Сыдықов ағамыз бен мәдениет саласының үздігі, өнер анасы Базар Қостаева апамыз бастап тұр десек артық емес.
Бүгінде өңір өркениетінің дамуында мәдениет қызметкерлеріне артылар жүк ауыр. Өздеріңізге мәлім, әлемдік пандемияға байланысты елімізде екінші жыл қатарынан барлық мәдени, спорттық іс-шаралар уақытша тоқтатылды. Дегенмен, мәдениет саласының майталмандары бұл қиындықтарға қарамастан жұмыстың жаңа форматына көшіп, онлайн режимде де мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келеді.
Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде ауданымыз ұлтымыздың мәдениеті мен өнерін насихаттауда біршама мәдени нысандармен толықты. Бүгінде ауданымыздағы 72 мәдени нысанда 164 мәдени штат халыққа рухани қызмет көрсетіп келеді. Осы орайда, ұлттық өнердің қанат жайып, ұрпақтан- ұрпаққа жалғасуында – баршаңыздың үлестеріңіз зор, еңбектеріңіз ерен.
Бүгінгі мереке күні мәдениетіміз бен өміршең өнерімізді өрістетіп жүрген барша аға буын өкілдеріне, сала мамандарына айтар алғысым шексіз.
Құрметті мәдениет, өнер саласының қызметкерлері мен ардагерлері!
Бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, өңір мәдениеті мен өнерін өрістету, ұлттық мәдени мұрамызды әлемге таныту жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін!
Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, өнер нәрімен сусындатып жүре беріңіздер! Әрдайым абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз үстем, өнердегі жұлдыздарыңыз жарық болсын демекпін!
Ізгі ниетпен, Мұхтар ОРАЗБАЕВ,
Арал ауданының әкімі