Арал өңіріндегі ірі тұлғалар
Өз заманында қатарларынан асып туған небір батырлар, билер өткен. Солардың бірі емес, бірегейі болған әкелі-балалы Байжан мен Сартай билер. Бұл есімдер 300-жылдан кейін де ұмытылған емес. Қандай да бір саяси кезеңдерде де бұл билердің халқына жасаған қызметі, елдің елдігін сақтауға белсене араласқан игілікті істерін халық жадынан шығара алмады. Бұл деген сөз солардың ерлік істерінің мәңгілікке ұласқаны деп танып білуіміз қажет. Ұрпақтары мен елі барда ел тұтқасын ұстаған бабаларымыздың елдік ісі жалғасын тауып жатыр.Байжан би Қосқұлақұлының, Байжанұлы Сартайдың есімі XVIІ–XIX ғасырларда қазақ даласын аралаған әскери қызметтегі зерттеушілер, Ресейдің шығыстанушы-ғалымдары мен қазақ жерін аралаған шетелдік саяхатшылардың, Ресей ғалымы М.Тевкелевтің күнделіктері мен жазбаларында жиі ұшырасады. Демек, олар патша шенеуніктерінің назарына түсіп жазбаларында қалған. Әрине, ол жазбалардан ірі тұлғалардың толық бет-бейнесін анықтап, тануға мүмкіндік бермегенімен, ірі тұлғалардың өмір сүрген уақыты, шыққан тегі және басқа да оқиғаларды білуімізге септігі тиері сөзсіз.
Расында солай. Аңыз әңгімелер сол шындықтың, тарихтың басы болса мұраған деректері мен екеуі біріккенде толыққанды тарих болмақ. Біз бүгін әңгіме етіп арғы бабаларымыздың іргелі ісін шама-шарқынша таппақпыз.
Әлімнің Жақайым руының Ақбурасынан Асан батыр туады. Асан батыр баласыныңатын Асан қойыпты. Сол кіші Асаннан – бәйбіше Асан, Дәулет асан, Тоқал Асан тарайды. Тоқал Асаннан Қосқұлақ тарайды. Қосқұлақтан – Алтынбай, Байжан өсіп-өнеді. Арғы-бергі бабалардан жеткен шежіре сілтемі осылай дейді.
Байжан бидің есімінің көзге шалынғаны қазақ-орыс қатынастарында 6 наурыз 1732 жылғы дерегінде кездеседі. М.Тевкелев күнделігінде: ...Тевкелев өзіне келген старшиналармен қатар өзі жақтырмайтын бірнеше старшиналардың келе жатқанын– Баби би, Ақша, Байжан би және Сартай батырлардың есімдерін атаған.Бір атаның буынын орта есеппен 27–29 жас деп есептесек, сонда Байжан би Қосқұлақұлы шамамен 1689–1691 жылы туып, 1756–1757 жылдары қайтыс болады. Ал баласы Сартай батыр шамамен 1717–1718 жылдары өмірге келіп, 1817–1818 жылдарда өмірден озған.
Орынбор экспедициясына қатысушы ағылшын суретшісі (саяхатшы) Джон Кэстль 1736 жылдың қысында Ресейге бара жатып Орал тауында Башқұрт татарларына тоналып, қамауда жатқан қазақ жігітін өзінің 1736 жылдың наурыз айында босатқанын айтады. Осындағы Байжан бай деп отырғаны Әлімнің бетке ұстар билерінің бірі Байжан болатын.
Әкелі-балалы Байжан би мен Сартай батырдың есімдері көптеген құжаттар мен кітаптарда қатар айтылған. Алайда, Әбілхайыр хан өлімінің тұсында Байжан бидің есімі кездеспейді. Демек, бұл тұста Байжан би баласымен қатарлас биліктен шеттеген, болмаса дүниеден озған болады. Бұл салыстырмалы түрдегі болжамымыз.
Сартай би, кейде батыр деп те аталып жүрген Сартайдың өмірдегі жолы да сан-салалы, салмақты болып келген. Аңыз-әңгімелер және ақын Нұрмағанбет Қосжанұлының (1897–1937) «Сартай батыр» атты («Мың бала») дастаны ел ішіне кезінде кең таралғанымен, 1930 жылдардағы көтерілістер, 1932–33 жылдардағы ашаршылық, қудалау, оған қосылған 1937–1938 жылдардың зобалаң бәрін астан-кестен қылып қазақ елінің басына қараңғы бұлт төгілген уақытта адамдар басын қайттап, қолжазбаны сақтауға мұршасы да болмаған. Алайда, ел ішіндегі көзі қарақты қариялар дастанды жаттап алып, ел ішінде ағайын-туыстар арасында айтып отырған. Кейін ұзақ дастанды білетіндер қатары азайып, дастан ұмытылған. Сол үзілгенді жалғаған белгілі журналист Өмірзақ Жолымбетов 1998 жылы «Сартай батыр» дастанын өз оқырмандарымен қауыштырды.
Ақын Нұрмағанбет өз дастанында:
...Сартай өтті би болып,
Қалдырып елге дабысын, – деп жырлайды.
Дастанда, сондай-ақ Сартайдың 15 жасында мың баланы ертіп Әбілхайыр ханның қосынына барғаны жырланады.
...Ізіне ерген мың бала,
Аға болсаң бүгінде.
Пана болған түбінде.
Отырғызбас тақырға, – дейді келе, дастан авторы одан қарай Сартайды былайша суреттейді:
...Сартай бала ашулы,
Тастай түйіп қабағын,
Тіреді жерге табанын,
Оқ кеткенде кірістен,
Ентігіп қатты танауын.
Тепкіден шыққан сұр жебе
Бойлап еніп жартылай,
Жер-астын етті тамамы.
Нұрмағанбет Қосжанұлының аталған дастанынан оқиғаныңаға батырлардай жоңғар-ойраттарға қарсы қазақ қосындарының ұрысы, сол ұрыста мың баланы бастап барған Сартайдың аға батырлардай қомданып, жаудың әскерін жеңудегі ерлік ісі ғана дастанға арқау болған. Мың бала қатысқан ұрыс болған өңір «Мың бала» деп аталған көрінеді.
Аңыз ізімен жазылған дастан Сартай туралы осылайша жырланса, біз енді мұрағат құжаттарымен сирек кездесетін кітаптардағы Сартай туралы деректерді сөйлетіп көрелік.
Сартай Байжанұлы хақындағы алғашқы деректер 1732-1817 жылдарды қамтиды. Бұдан біз С.Байжанұлының ел билігіне араласуының деректерін аңғарамыз. Осы жерде ауызша әңгімелер негізінде жазылған Сартай дастанындағы 15 жасында мың баланы бастап ұрысқа түскен оқиғасымен сәйкес келеді. Екінші бір мәліметтерді, нақтыласақ, 1785 жылдың 21 шілдесінде 50-ден астам қазақ билерінің Екатерина II-ге Нұралы ханды тақтан түсіру жөніндегі өтінішке қол қойғандар басында Сартай бидің есімі тұр. Бұл хатты бекіткендер Кіші жүзге пір атанған Әбдіжәлел Қосымқожаұлы мен Сырым батыр. Мұнан кейінгі 1786, 1787 жылдарда орыс-қазақ қатынастары туралы жазылған қатынас құжаттарында осы жылғы ант беру қағазына басқа билермен қатар Шекті руының 10 000 үйі үшін Сартай бидің және Нұрбай бидің 8000 үй үшін ант бергені жазылған.
1765 жылы өмірге келіп, 1858 жылы дүние салған шежірені зерттеу тәсілімен есептесек, Нұрбай 1714-1715 жылы туған болатын.
1786-1787 жылдары Түркия Ресеймен соғысып жатқан кезі. Олар Кіші жүздегі билер мен батырларға арнайы хат жазыпты. Батыр әскерлерге, билер, ауыл ақсақалдары Сартай биге, Сырым батырға, Садырбек, Барақ, Жан батырларға Алла қолдасын. Сіздер де, біздер де мұсылманбыз, сіздер тарапынан көмек керек» деген мағынада хат жазған. Осындағы Сартай батыр әңгімелеп отырған Сартай билеріңіз. Орыс құжаттарында көбіне-көп қазақ есімдерін дұрыс жаза алмайды.
Үшінші бір құжатта барон Игельстром өзінің патшайым II Екатеринаға жазған мәлімдемесінде: «...басқаларға қарағанда өздері артықшылық халде боларлықтай қызмет жүктеу қажет» деп өз ойын білдірген. 1787-1789 жылдар аралығында сайланған тексеру, басқару старшиналығына Әлім әулетінен Сартай би, Қаракөбек, Мұратбектер тағайындалған.
Төртінші құжатта Ералы сұлтанның 4 қаңтар 1794 жылы хатында Сартай батырдың ресейлік Хусейн татар басқарған керуенді тонағаны айтылыпты. Осыдан-ақ Сартай Байжанұлы Ресейдішын мәнінде қолдамағаны көрініп-ақ тұр.
1817 жылдың 16 тамызында Кіші және Орта орданың билерінің мәлімдеме хатында Шорғазы Айшуақұлы өздеріне хан етуді ұсынып, ол турасында дәйекті деректерді алға тартқан жүзден астам билер қол қойған. 21-ретте «мен, би, Сартай Байжанұлы өзімнің мөрімді бастым» деген сөздер бар. Демек зерттеушілер жазып жүргендей, Сартай би Байжанұлы 1785 жылы қайтыс болмаған. Ең қызығы, осы құжатта Жабы Сартайұлы деген кісі де қол қойған. Мүмкін біз әңгімелеп отырған Сартай би баласы, болмаса аттасы болар. Сартайдың баласы Матқабылдан Бисен, Меңдіқара, Арал, Сәт, Жұма туады. Меңдіқарадан – Боранбай, одан Әйтен (1888 жылы) туған.
Сартай батырдың Қалмаққырылған деп атау алған Бөленті, Білеуті өзені маңындағы ірі соғысқа және шешуші ұрыстарға қатысқан деген деректер де кездеседі.
Ел аузында бірде би, енді бірде батыр атанған өз кезінде айтулы тұлғаларының бірі болған Сартайдыңөсиеті бойынша ол Кіші жүзге пір атанған Қосымқожа қабірінің маңына жерленген. Қосымқожамен сырлас дос болған Дәулет бақсы да осы қорымда, батыстағы үйтам Сартайдікі екен.
Бүгінде ел азаматтары бас болып, Қосымқожаның тікелек ұрпағы Айнақожа Алдамбергенұлы, Сартайдан тараған Қарасай, басқа да азаматтардың қолдауымен Қосымқожа қорымы қоршалып, қамқорлыққа алынған. Оларға біз Алла риза болсын демекпіз.
Сыр сүлейлерінің ірі тұлғасы, дарабоз ақын Қарасақал Ерімбет (1844–1916) өзінің КөнекҚыпшақбай атты толғауында:
...Сәлем айт Төрежанға, Ақмолламен
Би өткен Сартай, Қылыш, Қарадостай, – деп жерге қосса, біз де би өткен Сартай атты деп өз білгенімізді бүгінгі ұрпақтарға тарата жаздық.
Сартай Байжанұлының есімі А.И.Левшин, А.И.Тевкелев, М.И.Вятькин, Мейер, тағы басқалардың кітаптары мен жазбаларында айтылған. Сонымен қатар би (батыр) есімі ұлттық және Қызылорда облысының энциклопедиялары, басқа да жинақтарға енген.
Ел азаматтары мен Арал ауданының әкімі Нәжмәдин Түрікбенұлы Мұсабаевтың қолдауы және би ұрпақтары Күләй Әйтенқызы, Күшікбай Тобжанов, басқа да азаматтардың бастамаларын халық қолдап, бүгінде Арал қаласында әкелі-балалы Байжан мен Сартай биге ескерткіш қойылмақ. Аралдықтардың игілікті де ізгілікті істерін есітіп, қуанып, мен де баба рухына тағзым ретінде осы мақаланы жазып отырмын.
Арал ауданының әкімі Н.Мұсабаев көпті көрген, ел мақсатына сай жұмыс істеп жүрген әкімдердің бірі. Қазалыда аудан әкімі кезінде бірнеше көрнекті билерге ескерткіш ашып, Қазалы тарихын жазды. Жаңақорғанда да игілікті ісін қалдырды. Бұл мақсатта жұмысын біздер де қолдап, ел бірлігі мен тірлігі бір болып, әрқашан да ел рухы көтеріліп, биіктей түссін деп тілеймін.
Тынышбек ДАЙРАБАЕВ,
зерттеуші ғалым,
Алматы қаласы










