Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Билер кеңесі мүшелерімен кездесу өтті

Билер кеңесі мүшелерімен кездесу өтті

Арал аудандық сотында аудандық билер кеңесі мүшелерімен кездесу шарасы өтті. Шараға аудандық сот төрағасы К.Садуақасова, судья Б.Керуенбаев және аудандық билер кеңесінің мүшелері қатысты.Шара сот төрағасының билер кеңесі мүшелеріне жаңадан тағайындалған судья Б.Керуенбаевты таныстыруынан бастау алды. Билер кеңесі мүшелері судьяны жаңа қызметімен құттықтап, баталарын беріп қызметіне сәттілік тіледі.
Төраға меймандарды сот жұмысымен таныстырып, медиация кабинетін,  Жетес би атындағы сот мәжілісі залын көрсетіп, мақтан тұтар мол мұрасы бар Жетес би бабамыздың ұлағатты сөздерін, дауда айтқан әділ кесімдерін  насихаттап, өткеннің елдігімізге пайдалы жақтарын игілікке айналдырсақ ешқандай даудың арыға бармайтынын тілге тиек етті.
Бұдан соң төраға жұмыс бағытына көшіп, билер кеңесінің қызметін дамытусол бұрыңғысынша күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып қала беретінін, себебі қара қылды қақ жарған бабаларымыздың жолын ұстанатын ақсақалдарымыздың өмірлік тәжірибесі мен тәрбиелік мәні зор, көпшіліктің көкейінен шығатын аталы сөздерінің көптеген жанжалдарды соттан тыс шешуге ықпал ететінін айтып, осы бағыттағы жұмыстарды жетілдіру мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ, сот ғимаратындағы үш сот мәжілісі залдарын үш бидің есімдерімен атау туралы ойын ортаға салды.
Билер кеңесінің мүшелерімен сан ғасырлар бойына қазақ халқының қоғамдық өмірінде әділеттілікті сақтау мен құқықтық қатынастарды дамытуда, құқықтық-саяси сана мен мәдениеттің дамуына от ауызды, орақ тілді билердің белсенді ықпал еткені айтылып, үш сот мәжілісі залдарын үш бидің есімдерімен атау туралы бастаманы құптап, қолдайтындарын білдірді.
Шара соңында сот төрағасы бірлік пен татулықтың сақталуына үлес қосып келе жатқан билер кеңесінің мүшелерін алдағы халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықтады.

Арал аудандық сотының
баспасөз қызметі
27 қыркүйек 2023 ж. 332 0