Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Билер кеңесі бабалар дәстүрін жаңғыртты

Билер кеңесі бабалар дәстүрін жаңғыртты

Бабаларымыздың игі дәстүрін қайта жаңғырту мақсатында еліміздің әр өңірінен Билер кеңесі құрылғаны белгілі.

Арал ауданыда бұл игі шарадан қалыс қалған жоқ. Қара қылды қақ жарған бабаларымыздың жолын ұстанатын Билер кеңесіне осы өңірдің сөздері өтімді, білімді, көпке сыйлы ардагер-ақсақалдары сайланды.

Міне, бүгінде осы Билер кеңесі тараптарды табыстыру жолындағы бабалар дәстүрін жаңғыртып отыр.
Атап айтар болсақ, Арал аудандық сотында 10 баланы өмірге әкеліп, оларды өсіріп жетілдірген 87 жастағы кейуананың өз баласын еріксіз үйінен  шығару және үйді өз атына аударып беру туралы азаматтық ісі қаралды. Талап қоюшының айтуынша, баласы ішімдік ішіп, мазасын алып анасын үйінен қуған. Осыған орай анасы туыстары мен көршілерінің үйін паналауға мәжбүр болған.
Істі сот талқылауына дайындау барысында, сотпен тараптарға олардың дауды татуластыру рәсімдері арқылы реттеу мүмкіндіктері мен құқықтары түсіндіріліп, тараптар Билер кеңесінің көмегіне жүгінген.
Өмірлік тәжірибесі мол, Билер кеңесінің мүшелері тәрбиелік мәні зор, көпшіліктің көкейінен шығатын аталы сөздерді айтып, отбасылық жанжалды шешуге көмектесті.  Баласына ақылдарын айтып, кеңестерін берді.
Осылайша, Билер кеңесінің көмегімен тараптар өзара бітімгершілікке келіп, тараптардың арасында татуласу келісімі жасалып, сот татуласу келісімін бекітіп, істі өндірістен тоқтатты.

Сот жұмысына разы болған кейуана сот ұжымына ризашылығын білдіріп, елге адал қызмет етудегі жұмыстарына сәттілік тілеп, батасын берді.


Арал аудандық сотының
баспасөз қызметі
01 тамыз 2019 ж. 1 392 0