Билер кеңесі бітімге бастайды

Елбасымыз «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жыл сайын 4 миллион азаматымыз сотта қаралатын іске қатысатынын, бұған қаншама күш пен қаражат жұмсалатынын, уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруға тиістігін атап өткен.
Міне, осы мәселеде елмен етене жұмыс жасайтын билер кеңесінің құрылып жатқанын көбі білетін болар. Тараптар мәселесін сотқа жеткізбей шешуді өздеріне міндет санайтын бұл жандардың басын қосатын билер кеңесінің кезекті жиыны аудандық сот ғимаратында өтті.
Оған аудандық соттың судьясы Г.Нұрымбетова, билер кеңесінің төрағасы Б.Бердалиев, хатшысы Ә.Үмбеталиев, мүшелері Ә.Садықбаев, А.Жолмағамбетов, Н.Оспанов, Ә.Әуезов, Ж.Жақып және аудан әкімшілігі заң бөлімінің маманы Н.Жиеналиев қатысты.
Билер кеңесінің жиынына аудандық соттың судьясы Г.Нұрымбетова төрағалық етіп, қазіргі қоғамдағы билердің атқаратын рөлін және оның маңыздылығына тоқталды. Мұнан соң аудандық билер кеңесінің төрағасы Б.Бердалиев қазақ қоғамында қалыптасқан дәстүрлі билер кеңесінің құрылғанын атап өтіп, кеңестің бекітілген ережесімен таныстырды. Сондай-ақ алдағы уақытта атқарылатын шараларды пысықтады.
Жиын барысында билер кеңесінің мүшелері билер кеңесінің төрағасына салаға қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзара пікір алмасты. Жиында жалпы қазіргі қоғам билер сотына зәру екендігін, азаматтық дау-дамайларды ымырамен шешуде медиациялық тәртіппен жұмыс жасаудың тиімділігі кеңінен сөз болды. Осылайша істі сотқа жеткізбей, өзара бітімгершілік жолмен шешуде қазіргі уақытта жұмыс жасайтын билер кеңесінің маңыздылығы айтылды.
«Толқын» ақпарат