Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Медиация мақсаты - бітімгершілік»

«Медиация мақсаты - бітімгершілік»

Елімізде  дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде  Қазақстан Республикасының «Медиация туралы»  Заңы қолданылып келеді.
Аталған Заң жеке және заңды тұлғалар қатысатын  азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан, сондай ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және де сотқа дейінгі дауларды шешуге, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар бойынша қолданылады. Әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделеріне қатысты, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын дауларға, сыбайлас жемқорлық қылмыстар, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы істер бойынша қолданылмайды. Сондай-ақ медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеп, жүргізу қағидаттары  мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін анықтайды.
«Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға»  деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден- бір жолы болмақ, яғни  тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз рәсімі. Медиация деген сөздің  мағынасын  екі  жақты татуластыру рәсімі  деп түсіндіруге болады.
Медиация институты қазақ қоғамына жат емес. Ұлтымыздың тарихында билер институты болған. Азаматтар арасында туындаған дау-дамайларды билер, шешендер немесе беделі бар жергілікті ақсақалдар әділ шешіп отырған. Билердің негізгі шешетін мәселесі келген шығынды қалпына келтіріліп дауласушыларды бітімге жеткізу болып табылған.
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі.  Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға улкен назар аударғаны баршамызға белгілі. Медиация туралы заңымыздың  аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы екендігін түсінгеніміз абзал.
Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды. Келісімде медиация тараптары, даудың (дау-шардың) нысанасы, медиатор (медиаторлар) туралы деректер, сондай-ақ тараптар келіскен келісімнің шарттары, оларды орындау тәсілдері мен мерзімдері және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдары қамтылуға тиіс. Дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға тиіс. Азаматтық істі сотта қарағанға дейін жасалған дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім тараптардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған мәмілені білдіреді. Мұндай келісім орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, келісімді бұзған медиация тарапы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жауаптылықта болады. Азаматтық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім дереу іс жүргізуінде азаматтық іс жатқан судьяға жіберіледі. Дауды реттеу туралы келісімді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген тәртіппен бекітеді.Бұл ретте төленген мемлекеттік баж Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген тәртіппен төлеушіге қайтарылуға тиіс.   
 Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дау-шарды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген залалдың орнын толтыру және қылмыс жасаған адамның жәбірленушімен татуласуы жолымен дау-шарды реттеу туралы келісімді білдіреді.Аталған келісім дереу іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберіледі және Қазақстан Республикасының Қылмыстық  процестік кодексінде көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын не оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жай болып табылады.Дауды реттеу туралы келісім оған тараптар қол қойған күні күшіне енеді.
Сонымен қатар судьялардың VII съезінде дауларды сотқа дейін реттеу тетіктерін енгізу жөніндегі медиацияны қолдануды одан әрі кеңейтудің кезекті қадамы ретінде жеке санаттағы дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейін реттеу бойынша пилоттық жоба іске қосылғаны бәрімізге белгілі. Пилоттық жоба азаматтық сот ісін жүргізуде даулардың жекелеген санаттарын медиация тәртібінде сотқа дейінгі реттеу, татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту, азаматтардың сот шығындарын барынша азайту, дауларды сотқа дейін реттеуде тараптардың мүдделілігін арттыру  және тұрақтылықты сақтауға, түрлі туындайтын дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік беретін  бітімгершілік келісімдер мен медиация институтын дамыту, насихаттауды және жобаны тиімді жүзеге асыруды мақсат етеді.
Қазіргі уақытта татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге мүдделі етуге, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ететін аталмыш заң қарқынды жалғасуда.
Сөз соңында айтарым аталған заң, өркениетті елдердегідей бейтарап медиаторды тарту арқылы істі бітімге келтіріп, заманауи құқықтық жүйенің дамуына ықпал етуі тиіс. Заңның қолданылуы енді-енді адымдай бастады десек орынды болады. Елбасы осы мәселеге улкен зер салып, медиация тәсілі адам құқықтарын ең қымбат қазынасы ретінде қастерлейтін мемлекеттің алғышарты болуы тиіс екенін айтты. Сондықтан, елдегі медиация институтының дамуына мемлекеттік билік органдары барынша қолдау көрсетіп, институттың кең құлаш жаюына ықпал етуі қажет.Өйткені медиацияның біздің елімізде болашағы зор. Оны бірдеңгейде қолдасақ, медиация халқымызға игі әсерін тигізері анық.
Арал аудандық сотының жетекші маманы
 Қ.Баймаганбетов
31 қазан 2018 ж. 4 583 0