Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Медиация» - дауларды бейбіт шешудің заңды жолы

«Медиация» - дауларды бейбіт шешудің заңды жолы

Қазіргі өркениетті елімізде, заманның алға басуына байланысты халықтың мүддесі үшін жаңа заңдар қабылдануда. Солардың бірі 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданған Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы.
Аталған Заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды.
Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды (дау-шарды) реттеу рәсімі.
Медиатордың міндеті, өзінің бейтараптығымен – әділеттілікпен, дауласып жүгінген екі жақты татуластырып, бітістіріп, келісімге келтіріп, келісім-шартқа қол жеткізу.
Жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан туындайтын, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар /дау-шарлар/ медиацияның қолданылу саласы болып табылады.
Медиация халқымыз үшін тың тақырып емес. Атам заманнан қара қылды қақ жарған қазақтың ақсақалдары ауыл-аймақтың жер, жесір, қарымта секілді даулары мен тартыстарын айқай-шусыз, әділ шешіп отырғанын тарихтан білеміз. Бүгінгі заманда екі жақтың ісін насырға шаптырмай шешетін бітімгерлеріміз-медиаторлар. Бұлардың ерекшелігі бұрыңғы билерден айырмашылығы шешім шығармайды, дауласқан екі жақтың татуласуына ерікті түрде келісімге келуіне дәнекер болады.
Қазіргі кезде «Медиация туралы» Заң өзінің өміршеңдігін, тиімділігін дәлелдеп келе жатыр. Оған соңғы кездері медиаторға жүгінушілер санының артуы дәлел бола алады. Мысалыға айтар болсақ, 2017 жылдың 9 айында аудандық сотта 32 қылмыстық іс, 90 азаматтық іс, 60 әкімшілік іс медиация туралы келісімге сәйкес қысқартылған.
Қорыта айтқанда, медиация заңы қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата-бабалар жолымен дәрістелген, дәстүрлі әдеп-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі, тиімділігі мен болашағы мол деп есептеймін.
А.Сершеева,
Арал аудандық сотының бас маманы,
Заңгерлер Одағының мүшесі.
26 желтоқсан 2017 ж. 2 247 0