Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ДАЛА ДАНАЛЫҒЫНЫҢ ЖАЛҒАСЫ

ДАЛА ДАНАЛЫҒЫНЫҢ ЖАЛҒАСЫ

«Медиация туралы» заң дала даналығының дара заңдылыққа айналуының нақты көрінісі. Елімізде 2011 жылдың 28 қаңтарында шыққан және қолданысқа тамыз айында енген «Медиация туралы» заң сот жүйесіне жаңашыл өзрегіс еңгізіп, дауды шешудің тағы бір тиімді жолын айқындап берді. Жалпы алғанда бітімгершілік біздің бітімімізге, болмысымызға жат емес. Билер сотының қазақ қоғамында құқықтық мәдениеттің қалыптасуында атқарған рөлін тарихқа үңілген кез келген жанның бағамдары анық. Билер – бүгінгінің судьялары. Билердің беделі халықтың мойындауымен, тануымен артып отырды. Өзі сыйлаған, өзі дәріптеген, өзі мойындаған адамның билігін ешкімнің бұзбайтыны, бұл өз кезегінде тәуелсіз, әділетті сот төрелігін жүзеге асыруға негіз болғаны даусыз. Билер халықтың сенімді өкілі, халықтың ары болып табылады. Бұрын қазақ қоғамындағы әділетті, тура төрелікті қамтамасыз еткен де осы билер. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Билер салған сара сүрлеуді жаңғыртып, әлемдік заңдылықтарды саралай отырып, оған соны толықтырулар қосып Қазақстанда «Медиация туралы» заңның дүние келуі ең алдымен қоғамның қажеттілігін өтеді. Екіншіден, бұл заң елдегі тыныштықты сақтап, азаматтардың арасындағы дауды тым алысқа созбай шешімін табуымен құнды болды. Медиация – дауды шешу жолында тараптардың өзара әрекетке түсуін жүзеге асыратын кәсіби медиатордың көмегімен және ерекше іс жүргізу жағдайлары бойынша дауды шешудің мүмкіндігі мол, осы дауға қатысушылардың біріге отырып мәселелерді шешу процесі. Медиация – үшінші бейтарап тұлға – медиатордың көмегімен іске асырылатын соттан тыс дау-жанжалды шешу рәсімі. Медиация дау-шарларды балама шешудің неғұрлым жұмсақ нысаны болып табылады. Медиацияның тиімділігі жөнінде тағы бір ескере кететін жайт мұнда екі тарап ортақ келісімге келетіндіктен, шешімнің орындалу деңгейі жоғары болмақ.
Осы орайда, Соттағы іс жүргізу процесінен айырмашылығы, медиация – еркін процесс. Заңға сәйкес медиация рәсімін медиатор жүргізеді, яғни ол тараптармен кәсіби және кәсіби емес негізде медиацияны заң талаптарына сәйкес жүргізуге тартылған тәуелсіз жеке тұлға. Медиатордың негізгі функциясы: тараптардың бірыңғай көзқарасын қалыптастыру, бұл ретте медиатор мәселені шешу жолын өз көзқарасы бойынша тараптарды көндіруге құқылы емес, себебі бұл кезде тараптар жүргізілген рәсім
нәтижесінің дұрыстығына кәміл сенеді. Осылайша қол жеткізілген келісім олардың жеке қатынастарына да қатысты болуы мүмкін.
Ералиева Сая,
Аудан әкімінің баспасөз хатшысы
05 маусым 2018 ж. 1 189 0