Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бітіммен біткен істе береке бар

Бітіммен біткен істе береке бар

Адамдар арасында алғашқы дау қай кезде туындаса, бітімгершілік те сол заманда пайда болған. Оны өзіміздің қазақ тарихынан да көруге болады. Қазақ билерінің кез келген дауды келісіммен бітіргенін ескерсек, халқымыз үшін бітімгершілік билік айтудың ең озық өнегесі болған.
Еліміз тәуелсіздік алғалы бабалар жолын қайта жаңғыртуда. Елбасы сот саласын реформалауда аталмыш институтқа аса басымдық берді. Елімізде «Медиация туралы» заң қабылданып, Азаматтық процестік кодексінде дау-жанжалды медиация, татуласу келісімі, партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу тәртіптері қарастырылған. Осы әдістердің өмірге дендеп енуінде соттар белсенділігі жоғары. Соттар тараптарға дау-жанжалды процестің барлық сатысында реттеуге жәрдемдеседі. Азаматтық істерде дауды медиациямен реттеу «Медиация туралы» Заң мен Азаматтық процестік кодексінің талаптары аясында жүргізіледі.
Ел азаматтары бітіммен біткен істе береке барын түсінуде. Оған медиациямен бітетін істер дәлел. Статистикалық мәліметке сәйкес, аудандық сотта 2017 жылы – 39 қылмыстық іс, 176 азаматтық іс және 94 әкімшілік іс медиация тәртібімен аяқталған. Осы тұрғыда қаралған іске келсек, Арал ауданының тұрғыны оқу орнын бітіргенше әкесінен алимент өндіру жайлы сотқа талап арыз түсірген. Талап қоюшының баяндауынша, анасы мен әкесі 1997 жылы үйленген. Заңды некеден олардың екі балалы болғандығын, бірақ 2000 жылы әкесі мен анасы ажырасып кетіп, әпкесі екеуі анасының тәрбиесінде қалғандарын, бүгінде өзінің Ақтөбе қаласында колледжде оқитынын, жауапкер тарапынан өзінің оқу ақысын төлеуге материалдық көмек көрсетілмейтінін білдіріп, өзі оқу орнын бітіргенше жауапкерден алимент өндіруді сұраған.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 138-бабының 2-бөлігінде, егер ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларына, сондай-ақ жалпы орта, техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiм беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары бiлiм беру жүйесiнде оқитын жиырма бір жасқа дейінгі кәмелетке толған балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынатыны көзделген.
Азаматтық процестік кодексінің 179-бабының 1 бөлігіне сай, тараптар сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін бірінші, апелляциялық, кассациялық сатылардағы соттарда дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы өтінішхат беруге құқылы.
Істі талқылау барысында тараптарға дауды медиация тәртібімен реттеудің артықшылықтары жан-жақты түсіндіріліп, нәтижесінде олар медиацияға өтініш білдірген.
Тараптардың өзара келісімі нәтижесінде туындаған шарттар сот ұйғарымымен бікітілді. Келісімнің шарттары бойынша, талап қоюшы қойып отырған талабынан бас тартады, ал жауапкер болса талап қоюшыға оқу орнын бітіргенше ай сайын 7000 теңгеден төлеп тұруға міндеттенген. Дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітілуіне байланысты, іс бойынша іс жүргізу өндірістен тоқтатылған.
Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаhандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында адами капиталдың сапасын жақсартуды тапсырды. Бұл процесте медиация тетіктерін енгізу маңызды рөл атқарады. Тараптарды татуласуға тәрбиелеу құқықтық мәдениетті дамытудағы таптырмас тәсіл, медиацияның құндылығы да осында.
Арал аудандық сотының
бас маманы-сот мәжілісінің хатшысы,
Заңгерлер Одағының мүшесі
Қ.Мамбеталиева
15 наурыз 2018 ж. 1 385 0