Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дауды бітімгершілікпен шешуді жетілдіру бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі

Дауды бітімгершілікпен шешуді жетілдіру бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі

Қазақ қай заманда да сөзге тоқтаған, билердің қара қылды қақ жарып айтқан төрелігін аяқасты етпей, ымыраға келіп, бейбіт тірлігін жалғастырған. Бір кездері жер мен жесір дауы, барымта мен қарымта дауы ел ішінде от ауызды орақ тілді шешендер мен данагөй ақсақалдардың араласуымен әділ шешімін тауып отырды. Сол ұлы дәстүр бүгінгі күні заңнамаға еніп, өмірімізге қайта оралды. Бүгінде сол ауыл ақсақалдарының, беделді билердің орнын медиаторлар алмастырып отыр.
Медиация бітімгершілік пен ымыраластыққа бағытталған тиімді тетік және ол бүгінгі күні дауды шешудің ең озық әдісі болып саналады. Мысалы, қазір АҚШ-та даудың 90 пайызға жуығы, Ұлыбританияда 87 пайызы, Словенияда 40 пайызы, Қытайда 30 пайызы бітімгерлік рәсімін қолданумен шешіледі екен. Ал, бізде «Медиация туралы» заң 2011 жылы қабылданғанымен, медиативтік келісімдердің көптігімен мақтана алмаймыз.
Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы қабылданғалы бері, еліміздегі БАҚ беттерінде оны насихаттау, түсіндіру жұмыстары аз айтылып келе жатқан жоқ. Десе де, көпшілік медиация жайлы күнделікті есітіп жүргенімен, дауды соттан тыс реттеуге құлық таныта бермейді. Адамдардың бойында дауды тек сотқа жүгіну арқылы шешуге болады деген ұғым қалыптасқан. Дау туындаған жағдайда бірден сотқа жүгінеді. Тараптар арасындағы даулы мәселені сот үрдісінен тысқары тәртіппен шешуге ең әуелі азаматтардың өздері ынталы болуы қажет. Тараптардан мұндай бастама болмаған жағдайда, сот оларды бітімгершілікке келуге мәжбүрлей алмайды.
Қарап тұрсақ, сот өндірісіне түсетін істер мен арыздар жылдан жылға еселеп көбеюде. Әсіресе, азаматтық даулар саны өскен. Тараптар арасындағы түйткілдің сот арқылы шешілуі орынды дегенімізбен, өзара түсінісіп, бір бітімге келуге болатын ұсақ-түйек даулардың сотқа дейін жетуі мақтанып айтатын көрсеткіш емес. Жоғарғы Соттың кеңейтілген жиынында мәлім болғандай соңғы төрт жылда соттардың жүктемесі үш есеге артқан. Соның салдарынан, бүгінде 2 млн адам бір-бірімен дауласып, сот әуресімен жүр.
Соңғы кездері медиацияны дамыту бойынша жүргізілетін жұмыстар тек сот органдарына тиесілі деген ұғым қалыптасқандай әсер қалдырады. Әрине, істердің соттың құзырына жетпей, соттан тыс медиациялық жолмен шешілуі судьяларға тиімді екені рас. Сот жүктемесінің азаюы судьялардың уақытын үнемдеп, назарын неғұрлым күрделі істерге аударуына мүмкіндік береді. Сонымен бірге, жүктеменің төмендеуі судьялардың ізденуіне жағдай туғызады. Шындап келгенде, дауды сотқа жеткізбей шешу көпшіліктің өзіне анағұрлым қажет.
Қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендетіп және дауларды келісім арқылы тиімді шешу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институттарын дамыту, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін «Сотсыз татуласу орталығын» құру
жобасы ұсынылды. Жуырда осы мәселе төңірегінде Жоғарғы Сот Төрағасының кеңесшісі С.Сүлеймен аудан Әкімдігінің ғимаратында «Сотсыз татуласу тұжырымдамасын қалыптастыру» тақырыбында мәжіліс өткізіп, жобаны жүзеге асыру үшін пилоттық аймақ ретінде қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық рухани құндылықтарын сақтай білген Қызылорда облысы белгіленіп отырғанын айтып, жоба нәтиже беріп жатса, өзге де өңірлерге таратылатынын тілге тиек етті. Негізінен «Сотсыз татуласу орталығын» құру қажетті қызмет түрлерін бір Орталыққа біріктіріп, онда медиаторлар, адвокаттар, нотариустер, психологтар, сот орындаушылары көмек көрсететін болады. Мұндай жағдайда, болмашы даулар орталықта шешімін тауып, адамдар күрделі сот процедураларына тәуелді болмайды. Дауды балама жолмен шеше алмаған жағдайда ғана сотқа жүгінетін болады.
Сондықтан да, бітімгершіліктің тиімді екенін, медиаторлардың қажеттілігін бәріміз ұдайы насихаттап жүрсек, өзімізге де, қоғамға да пайдалы болар еді.
Арал аудандық сотының судьясы
Н.Бекетаев
15 наурыз 2018 ж. 2 012 0