Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан ірі қара мал етін қай елдерге экспорттайды

Қазақстан ірі қара мал етін қай елдерге экспорттайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның 2018 жылы ірі қар мал етін экспортқа шығаруды көздеп отырған мемлекеттерді атады. Аталмыш елдердің тізім «ҚазАқпарат» ХАА тілшісінің ресми сауалына жауап жолдаған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабында көрсетілген.
Министрліктің жолдаған жауабы бойынша, қазіргі таңда елімізде асыл тұқымды ірі қара малдың (ІҚМ) 704,6 мың басы бар. Бұл жалпы мал басының 11 пайызын құрайды.

«ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегіне сәйкес, 2013-2017 жылдар аралығында ІҚМ басының саны 15,2% көбейіп, 6745,4 мың басты құрады. Сонымен қатар асыл тұқымды ІҚМ басы жоғарыда аталған жылдары 38,1 пайызға өскен», - делінген жауапта.

Жауаптағы мәліметтерге сәйкес, 2017 жылы экспортталған ірі қара мал еті 5,5 мың тоннадан асып, оның 90 пайызы Ресей Федерациясына экспортталған. Ал экспорттың қалған бөлігі ТМД, Қиыр Шығыс және Батыс Еуропаға тиесілі. Сонымен бірге, бүгінгі таңда Қытай Халық Республикасы отандық өнімді сатып алуға қызығушылық танытып отыр.

«ҚР АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша 2018 жылы нысаналы индикаторлар мен көрсеткіштердің отандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында 15,0 мың тонна ірі қара мал етін экспорттау көзделуде. Оның тең жартысы РФ, ал қалған бөлігі ҚХР, Иранға, БАӘ, Сауд Арабия Корольдігі, Катар, сонымен бірге ЕАЭО және Орталық Азияға экспорттау жоспарланып отыр», - деп хабарлайды ҚР АШМ.

Еске сала кетсек, 9 ақпан күні өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Қазақстан биыл 15 мың тонна еттің экспортқа шығарылатынын хабарлаған болатын.
19 ақпан 2018 ж. 1 431 0