Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кооперативтер қолға алған игі істер көп

Кооперативтер қолға алған игі істер көп

Ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек. Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында осы жайды баса атап өткен болатын. Иә, Жолдаудан қолдау тапқан кәсіп иелері бүгінгі таңда мемлекет қолдауының арқасында даму үдерісінен көрініп келеді.
Қазіргі таңда біздің ауданымызда да осы сала барынша дамып, кооперативтер саны жыл санап артып келеді. Нақтырақ тоқталсақ, аудан бойынша 25 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, бүгінгі таңда өз жұмыстарын жүргізіп отыр.
Октябрь ауылдық округінен құрылған «Шижаға-16» ауыл шаруашылығы өндірістік копперативі. Негізгі бағыты кооперативке тиесілі 50 бас аналық сиырдан сүт өндіру және жеке тұрғындардан да сүт қабылдау ісі болып табылады. Шаруасы өрге дөңгелеген жандар алғашында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филалы арқылы 6,5 млн. теңге несие алып, аталмыш қаржыға сүт тасымалына арнайы УАЗ автокөлігін және сүт өңдейтін цепаратор, танкер салқындатқыш және мұздатқыш сатып алды. Бұл жабдықтар кооперативтің қажетін өтеп, жұмыс ауқымы да барынша арта түсті. Соның нәтижесінде өзге шаруа қожалықтарымен бірлесе жұмыс атқарып, Октябрь ауылдық округі көлімендегі және жақын Сазды ауылдық окрутеріндегі шаруа қожалықтарынан, жеке тұрғындардан сүт жина өзара байланыс орнатқан. Осы уақытқа дейін Арал қаласындағы "Қамқор тұтыну" ЖШС-не 8000 литр сүт өткізді. Кооператив мүшелері мұнымен ғана шектеліп қалмауды мақсат етіп отыр. Табысты еңбек етіп отырған олар алдағы уақытта жиналған сүтті өңдеп қаймақ, май, ірімшік, құрт, бринза секілді табиғи сүт өнімдерін шығаруды көздейді. Сонымен қатар, кооператив мүшелерінің санын 81 адамға дейін заңды түрде толықтырып, 119,4 млн.теңге қаржы игерілу үстінде. Мал сою модулін сатып алу ісі де алдағы уақытта шешімін табатыны және кооперативке тиісті жер көлемін ұлғайтуға деген талаптарынан іскер жандардың құлшынысын тіпті артқанын байқаймыз.
Сонымен қатар, Арал қаласынан құрылған "Айдын" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мүшелікке 22 адам тартып, мал сою алаңын салып, кооператив мүшелеріне несие алу үшін құжаттарын рәсімдеуде. Ал, Арал қаласынан құрылған мүшелігінде 35 адам бар "Арал Талап-Агро" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі де мемлекеттің қолдауын пайдалана отырып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филалы арқылы 87,3 млн. теңгеге жуық қаржы алып, оған мал басын сатып алу үшін жұмыстар жүргізіп жатса, Ақирек ауылдық округінде құрылған "Арал-Құс" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мүшелікке 22 адам тартып, құс өсіру кәсібін өркендетуді мақсат тұтуда. Қазірде алға қойған іске қол жеткізу үшін 3000 бастық құс шаруашылығы жобасына «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филалынан 16 млн. теңгеге несие алып, жобаға қатысты құрылыс алаңын салып бітірді. Келер жылы қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, басталған істің баянды боларына сеніммен қарап отыр.
Мемлекеттік қолдаудан жігер алған тағы бір топ Тоқабай Жіңішкеқұм ауылдық округіндегі "Тоқабай-16" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің мүшелері. Олар Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы "Акедим-Строй" ЖШС-гімен келісім-шартқа отырып, "Облыстық ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры" АҚ-ы құжаттарын тексеріп, нақтылауда. Аталған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құны 20,5 млн. теңге тұратын құрастырмалы мал сою модулін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филалы арқылы 50 пайызын және 50 пайызы өз қаржы есебінен алуды жоспарлаған.
Аталған ауыл шаруашылығы кооперативі мүйізді ірі қара малдарын өткізу ісін "Айдын" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативімен тығыз байланыс орнатып, өзара әріптестік байланыста болудың да жолын шешіп қойды. Мал бордақылау алаңын салу жұмысы да жүзеге асырылды. Бүгінде электр желісіне рұқсат алу жұмыстары жүргізілуде.

Жомартбек ҚУАНЫШБАЕВ.
13 ақпан 2018 ж. 1 603 0