Тұрғындар тілегі билік назарында
Мергенсай. Есепті кездесу одан кейін Мергенсай ауылдық округінде жалғасты. Округ орталығы Жалаңаш елді мекенінде өткен бұл жиында учаскелік полиция инспекторы Е.Баймағамбетовтың есепті баяндама жасап, қылмыстық ахуал мен орын алған заңға сай келмейтін фактілерді, олардың алдын алу мақсатында жүргізілген жұмыстарды атап өтті.
Кәсіпкерлікті жүйелі түрде жолға қойған ауылдық округтің Тастүбек елді мекенінен 1 жеке кәсіпкер «Бизнес кеңесші» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негізін оқып, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» II бағыты бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы түйе малын өсіру үшін 3 млн теңге шағын несие алды. «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 1 адам оқуын аяқтап, бизнес жобасын қорғап, жыл соңына дейін ауыл орталығынан «Вулканизация» ашу үшін 2 млн теңге несие алуға «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» құжаттарын толығымен тапсырды. «Құлан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Н.Имағамбетов жылқы малын асылдандыру мақсатында 2 млн теңге несие алды. Қысқа мерзімді кіші кеме жүргізушісі мамандығына аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 2 адам оқып, балық аулау жұмыстарына жіберілді. Жастар тәжірибесі арқылы 2 жас маман мектеп және бөбекжайға жіберіліп, оның ішінде 1 жас маман мектепке тұрақты жұмысқа қабылданды. Округ орталығы Жалаңаш ауылынан «Арал СДО сервистік орталығы» ЖШС балық қабылдау орталығын салуға 2000 шаршы метр жер алып, құрылыс жұмыстарын бастады.
Өзге де шешімін тапқан өзекті мәселелер жайын М.Құтмамбетов баяндады. Одан әрі, ауыл тұрғындары аудан әкімі М.Оразбаевтың баяндамасына құлақ түрді. Аудандағы ауқымды жұмыстарды қорытындылаған аудан басшысы алдағы уақытта шешімін табатын істермен де қанықтырып өтті.
Ауыл тұрғындары басшылыққа алғыстарын білдіріп, істеріне сәттілік тіледі.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.