Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Іргелі елді мекендерде ілкімді істер жетерлік

Іргелі елді мекендерде ілкімді істер жетерлік

Сексеуіл. Жердің шалғайлығы мен ауа райының күрт құбылуына қарамастан өтіп жатқан есептік кездесуді қорытындылайтын сәт те таяп қалды.Кесте бойынша кезек ауданның тіректі елді мекені саналған, 12 мыңға жуық халқы бар Сексеуіл кентінде жалғасты.
Кентте өткен жылы ірі кәсіпкерлік 3 нысан ашылған. Атап айтқанда, жеке кәсіпкер М.Таласов өз қаражаты есебінен 6 млн. теңгеге автокөлікке сервистік қызмет көрсету нысанын ашса, тағы да қосымша шиномонтаж бөлігін іске қосқан. Сонымен қатар, 2 млн. 500 мың теңге қаржыға жылыжай құрылысын салып, пайдалануға берді. Қазіргі таңда 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кент орталығынан жеке кәсіпкер С.Исаев жастарға арналған «Ойын-сауық орталығын» ашып, 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды. Сексеуіл кенті бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» және «Бизнес-Кеңесші» оқу курстары бойынша 23 тұрғын  оқытылса, оның ішінде 3 азамат «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы және 2 тұрғын «Арал ырысы» ЖШС-нің «Бірлік» бағдарламасымен несие алған. Сондай-ақ, «Даму-Аймақтар» бағдарламасы аясында «Жәния» бөбекжайы ЖШС директоры А.Келесова «Балабақша үшін құрал-жабдықтар сатып алу» жобасымен 7 млн. 200 мың теңге несиеге қол жеткізген. Ал, жеке кәсіпкер Е.Ыдырыш гранттық қаржыландыру бойынша  «Аяқ киім тігу цехын ашу» жобасымен жалпы құны 650 мың теңгеге, Е.Төремұратов «Сауықтыру орталығын ашу» жобасымен жалпы құны 1 млн. 500 мың теңгеге, А.Құсмамбетова «Наубайхана цехын ашу» жобасымен жалпы құны 600 мың теңге болатын қайтарымсыз грантты жеңіп алған.
Өткен жылы кентте әлеуметтің әлеуетін көтеруде де біршама жұмыстар қолға алынды. Айталық, Сексеуіл кентінің ішкі су жүйесін кеңейту және қайта жаңғырту мақсатында 2016-2017 жылдарға республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға тиісті жұмыстар жүргізіліп, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Сексеуіл кенті көшелеріне аудандық бюджеттен бөлінген қаржыға 26 жарықтандыру бағаналары орнатылған. Бұған қоса, Сексеуіл кентіне қарасты Көнту елді мекеніндегі су желілерін қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталса, жуырда учаскелік полиция бөлімшесінің нысаны ашылды. Сонымен бірге, спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысына тиісті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Міне, өткен жылдың еншісіне енген осындай жұмыстар бүгінде кент үшін дамуға даңғыл жол ашқандай. Есеп беру кездесуінде алдымен учаскелік полиция инспекторы М.Кабетов баяндама жасаса, кент әкімі С.Мырзағазиев жоғарыда аталған жұмыстармен қоса алдағы міндеттерді де пысықтап өтті.
Мұнан соң, аудан әкімі М.Оразбаев табысқа толы болған тауық жылы ауданда атқарылған істерді баяндады. Жасалған жұмыстарға оң бағасын берген тұрғындар ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, балықшы Нарғали Демеуовті еске алу шарасын аудандық деңгейде өткізуді, кентішілік жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы жол ережесі белгілерімен және құрылғылармен қамтуды және кенттегі темір жолдың арғы бетіне 300 орындық мектеп құрылысын салуды ұсынды. Аталған мәселелер басты назарға алынатындығын білдірген аудан әкімі, әр мәселені мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен шешетіндігін жеткізді.
Алтынбек БИСЕНОВ:
30 қаңтар 2018 ж. 1 338 0