Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақмола облысы: Жазда «Nomads Camp» халықаралық киіз үй лагері ашылады

Ақмола облысы: Жазда «Nomads Camp» халықаралық киіз үй лагері ашылады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Мектеп оқушылары «Nomads Camp» халықаралық киіз үй лагерінде қазақ халқының салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, ұлттық тағамдары, әскери өнері мен қолөнершілердің шеберліктерімен жақын танысатын болады.
Жоба биылғы жылдың маусым айында Ақмола облысының Ақкөл ауданында жүзеге асырылады. Бұл туралы Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі Марат Иғали өзінің Facebook парақшасында жазды деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  «Ұлы дала скауттары Ақмола облысындағы халықаралық киіз үй лагеріне шақырады. Сіздерге ағымдағы жылдың маусым айында Ақмола облысының Ақкөл ауданында «Nomads Camp» халықаралық киіз үй лагері ашылатынын хабарлағым келеді», деп жазады Марат Иғали.  Оның сөзінше, бұл киіз үй лагері орта ғасырлардағы қазақ халқының тұрмысына ұқсас етіп жасалынады. Лагерь ортасында Ұлы дала дәстүрлері мен сол кездегі заңдарға сәйкес хандық болмақ. Осылайша, лагерге келген әр адам қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен тарихына үңгілетін болады. Ал, балалар болса, өздерін сол орта ғасырдағы көшпелі халықтың бір мүшесі ретінде тәжірибе жүзінде сезіне алады.  «Жобаны менің досым әрі танысым, Қазақстандағы скаут қозғалысының жетекшісі Ильдар Катенов қолға алмақ. Оның ұйымдастыруымен соңғы 25 жылда 10 мың баланың қатысуымен 100-ден астам дала лагерлері мен слеттер ұйымдастырылды», - дейді М.Иғали.  Айта кету керек, жоба Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылмақ. Өткен жылдың соңында Ақкөл ауданының Ерназар ауылында скаут лагері үшін жер телімі бөлінді. Ағымдағы жылдың маусым-тамыз айларында «Nomads Camp» халықаралық киіз үй лагерінде әр 6 күн сайын бірнеше маусым өткізу жоспарланған. Бір маусымда 11-17 жас аралығындағы  100-150 бала киіз үй лагерінде демалады. Балалар осындағы киіз үйлерде түнеп қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, ұлттық тағамдары, әскери өнері мен қолөнершілердің шеберліктерімен жақын танысатын болады.

17 ақпан 2018 ж. 1 705 0