Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгінгі медиация – байырғы бітімгерлік

Бүгінгі медиация – байырғы бітімгерлік

Барлық заң Конституциядан бастау алады. Конституциямен баян етілген адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету үшін ел заңнамалары жаңғыртылып отырады. Соның ішінде, сот саласында да азаматтық даулар мен қылмыстық істер бойынша дауды жылдам шешудің әртүрлі баламалы жолдары үнемі жетілдіріліп келеді. Соның бірі – медиация институты десек, ол Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қаңтарда қабылданған «Медиация туралы» заңымен бекітілгені мәлім.
         Медиация жеке немесе заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын, сондай-ақ, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар, қылмыстық теріс әрекеттер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын даулар және атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастарда қолданылады.
         Медиацияның мақсаты кінәлілерді іздеу емес, ортақ шешімге келу жолдарын қарастыра отырып, екі тарапты қанағаттандыратын шешімге қол жеткізу болып табылады. Соттағы іс жүргізу процесінен айрмашылығы да сонда, медиация – еркін процесс. Рәсім сипаты жағынан жария процеске жатпайды. Онда тараптар дауды қарайтын тұлғаны, яғни медиаторды өздері таңдайды. Медиатор – кәсіби және кәсіби емес негізде медиация жүргізу үшін тараптар тартатын жеке тұлға. Ал, медиация рәсімінде тараптар талапкердің талабын қанағаттандыру тәсілі туралы келісімге келуге құқылы. Сонымен қатар, сотта шешім құқық пен заң нормалары негізінде қабылданса, медиация рәсімінде тараптардың өз мүдделерінің келісімге келуі негізінде қабылданады.
         Медиацияның атауы жаңаша болғанымен, түпкі мән-мағынасы ата-бабаларымыздың дәстүрлі құқығының негізінде мыңдаған жылдар бойы ұстанып келе жатқан бітімгершілік жолымен үндес. Тарихымызға көз жүгіртсек, ықылым замандарда қазіргі медиаторлардың міндетін билер алқасы ақарған. Жер, жесір дауы, дау-жанжалдар, ушыққан жағдай, жанжалдасқандардың арасындағы кикілжің, тартыс-таластар үшінші бейтарап жақтың, яғни ақыл айтып, жөн сілтер ауыл ақсақалдарының араласуымен реттелетін болған. Сондықтан, медиация институты дауласушы тараптар арасында татуластырушы міндетін атқаруда және оған халықтың сенім жылдан-жылға артып келеді.
         Бүгінде бітімнерлік рәсімі әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылады. Мәселен, АҚШ-та қаралатын істердің 90 пайызға жуығы, Ұлыбританияда 87, Словенияда 40, ал Қытайда 30 пайыз даулар медиацияны қолдану арқылы өзара келісіммен шешіледі. Бұл тәсілді қолдану арқылы дауды шешудің тиімдіігі осы кезге дейінн халықаралық тәжірибемен өз дәлелін тапқан.
         Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот төрағасы бүгінде медиация мәселесін алдыңғы қатарға шығарып отыр. Жоғарғы Сот төрағасының бастамасымен еліміздің барлық аумағында татуласу орталықтары құрылды. Келешекте болмашы даулар орталықта шешімін тауып, дауды балама жолмен шеше алмағандар ғана сотқа жүгінетін болады.
         «Дау мұраты – бітім» деп, Сырым бабамыз айтқандай, татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге мүдделі етуге, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ететін аталмыш заң қарқынды жалғасуда.
         Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы өкімінің негізінде соттарда «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл – азаматтар арасында дауларды шешудің баламалы тәсілі ретінде қолданылатын Жоғарғы Соттың «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасының басым жобаларының бірі. Осы жоба іске қосылған соттарда медиация тәртібімен қаралуға жататын талап арыздар түскен сәттен бастап арнайы алгоритмге сай тағайындалған татуластырушы-судьяның өндірісіне беріліп, бес жұмыс күні ішінде, дауды татуластыру рәсімі жолымен шешуге ұмтылады. Егер, судья тараптарды бітімгершілікке келтіре алмаған жағдайда, онда талап арыз басқа судьяға қайтадан бөлінеді. Мұндай тәсіл, дәстүрлі құқық әдісімен көптеген дауларды шешуге жол ашады. Бұл өз кезегінде қоғамдағы шиеленісулердің төмендеуіне әкеледі.
         Соңғы жылдар ағымында медиацияны жүзеге асырудың оң нәтижелері де көрініс беріп жатыр. Бүгінде сот залынан тараптардың келісімге келіп, дауларын бітімгершілікпен шешіп шығатын оқиғаларды жиі байқауға болады. Статистикалық деректерге сәйкес, өткен жылы 15 қылмыстық, 69 азаматтық және 127-і әкімшілік іс медиация тәртібімен аяқталған. Бұдан бөлек, дау сотқа дейін жетпей, соттан тыс реттеліп жатқандары да жоқ емес. Өткен жылы соттан тыс 206 дау кәсіпқой медиаторға жүгіну арқылы реттелген.
         «Медиация туралы» заңның қажеттілігі мен оның дамуы өркениет көшіне батыл бет түзеген қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асрыылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды.
Г.Нұрымбетова,
Арал аудандық сотының судьясы.
19 ақпан 2019 ж. 1 325 0