Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Билер шешімі – шындық шырағданы

Билер шешімі – шындық шырағданы

Халқымызда «Хан айтқанды құл да айтады, бірақ аузының дуа­сы жоқ» деген сөз бар. Бәлкім, ескі­лер­ден жеткен есті әңгіменің сарыны сонау билер заманынан бастау алған шығар. Жалпы, құқық­тық талап болсын, отбасылық құн­ды­лықтар болсын бітімгершілік арқылы қайырлы аяқталуы қай тарапқа да дұрысырақ. Демек дауға кесім айтуға қарағанда, өзара бітімге келтіру – қай заманның болмасын озық тәжірибесі. Бұл істе билердің рөлі басым. Өйткені ескі заманның шешім айтар соты да, дауға тоқтам қояр қадірлісі де сол билер болған. Ендеше қайбір істің болмасын қайырлы аяқталып, өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жақты іздейтін ақсақалдар мен төрелігін айтар турашыл жандарды би деп айтуға толық негіз бар. Бағзы заманнан бастау алған сол билер қауымының бітімгершіліктегі берекелі жолын жалғап келе жатқан кәсіпқой медиаторларды сол ізді жалғаушылар десек болатын шығар.
5 тамыз – медиация күні. Осы­дан сегіз жыл бұрын 28 қаңтарда елімізде медиация туралы заң қа­был­данған еді. Сол кезден бастап түрлі өзгертулер мен толық­ты­ру­лар арқылы қоғамдағы рөлі арт­қан медиация саласы халық ара­сындағы түрлі мәселелерді өзара оңтайластыруда өзінің септігін ти­гізуде. Онда шешуші күшке ие медиаторлар көптеген істің басы-қасында келеді. Осы сала бойынша ауданда жұмыс істеп келе жатқан кәсіпқой және кәсіпқой емес ме­диаторлар бар.  Олардың қоғамға, соның ішінде жекелеген тұлғаларға тигізер пайдасы орасан. Әсіресе бітімге келе алмай, сотқа дейін бар­ған жандарды татуластыруда кәсіп­қой медиаторлардың орны ерекше. Бүгінгі уақытта аудан бойынша осы міндетті А.Үмбет­әлиев, Ә.Жалғасбаев және мен өз әлімізше көтеріп ке­ле­міз. Істеліп жатқан жұмыстың нәтижесі ретінде осы медиация са­ласы бойынша өткен жылы 206 адам өзара бітімге келгенін айтуға болады. Ал биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 101 адам бітім­ге келсе, 50 азаматтық іс және 9 қылмыстық іс қаралып, олар сот ше­шімі арқылы қанағаттандырылды. Кә­сіпқой емес медиатор ретінде жұмыс істейтін А.Жолмағамбетов және Т.Әбдіханов та бұл саланың оң көрсеткішке жетуіне өзіндік үлесін қосуда.
Жалпы, қазақ – сөз құдіретін ежелден бағалаған халық. Оған бидiң басты қаруы сөз екендігі, ал сөзге тоқтамау ең ауыр айып саналғаны дәлел. Мұны қазақ хал­қына тән ерекшелік деп бағалаған жөн шығар. Аталы сөзге тоқтаған қазақтай халықтың текті ұрпағы үшін биден асқан басшы болмас. Себебі сүйектен өтетін салалы сөз қай уақытта болмасын маңызға ие. Жекелеген жандар тұрмақ, ел мен елдің арасындағы дауды да билер шешіп отырған оқиғалар тарихта жоқ емес. Міне, бабалар салған осындай іздің жалғасы ретінде еліміз бойынша билер кеңесі де құрылды. Оның құрамында аталы сөзі бар, қоғамда беделі бар жандар болады. Арал ауданы да бұл игі шарадан қалыс қалған жоқ. Қара қылды қақ жарған бабаларымыздың жолын ұстанатын билер кеңесіне осы өңірдің сөздері өтімді, білімді, көпке сыйлы ардагер-ақсақалдары сайланды. Мен төрағалық ететін билер кеңесінің құрамында Ә.Са­дық­баев, Ә.Әуезов, Ж.Жақып, Н.Ос­па­нов және А.Жолмағамбетов пен А.Үмбетәлиев бар.
Міне, бүгінде билер кеңесі тараптарды табыстыру жолындағы бабалар дәстүрін жаңғыртуда. Кеңестің қатысуымен осы кезге дейін 6 азаматтық даулы іс шешімін тапты. Солардың бірі ретінде Арал аудандық сотында 10 баланы өмірге әкеліп, оларды өсіріп жетілдірген 87 жастағы кейуананың өз баласын еріксіз үйінен шығару және үйді өз атына аударып беру туралы азаматтық істі айтуға болады. Талап қоюшының айтуынша, баласы ішімдік ішіп, мазасын алып, анасын үйінен қуған көрінеді. Осыған орай анасы туыстары мен көршілерінің үйін паналауға мәжбүр болған. Істі сот талқылауына дайындау барысында, сотпен тараптарға олардың дауды татуластыру рәсімдері арқылы реттеу мүмкіндіктері мен құқықтары түсіндіріліп, тараптар билер кеңесінің көмегіне жүгінді. Өмірлік тәжірибесі мол, билер кеңесінің мүшелері тәрбиелік мәні зор, көпшіліктің көкейінен шығатын аталы сөздерімен отбасылық жанжалды шешуге көмектесті. Баласына ақылдарын айтып, кеңестерін берді. Осылайша, билер кеңесінің көмегімен тараптар өзара бітімгершілікке келіп, сот татуласу келісімін бекітіп, істі өндірістен тоқтатты. Сот жұмысына разы болған кейуана сот ұжымына және бұл істе бітімге бастаған билер кеңесіне ризашылығын білдіріп, адал қызметке ақ батасын берген.
Тарих беттеріне үңілсек, қазақта түрме мен абақтыға қамап, бас бостандығынан айыру сияқты жазалау шаралары болмаған. Адам өліміне әкеп соққан қылмыстың өзі де құн төлеумен, яғни «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен» билер кесімімен бітімін тапқан. Қазақ билері бейбіт шешім, бітімгершілік рәсімін әділ сөз, өткір тіл құдіретімен тоқтатқан. Құн, жер, жесір дауы, барымта, қарымта даулары да шешен сөз, ұтқыр ой, парасатты пайыммен бейбіт түрде шешілген. Билер, ең алдымен, даугер мен құныкерді өзара бітістіріп, даудың артын үлкен жанжалға айналдырмауды ойластырған. Ханға да, қараға да бұра тартпай, оларды би кесіміне бас идіре білген. Бұл – дала заңына бас ұрған жасампаз елдің жазылмаған заңдылықтары. Міне, осындай сара жолға негізделген медиация саласы бұл күндері кәсіпқой және кәсіпқой емес медиаторлар арқылы, сондай-ақ билер кеңесінің ұтымды шешімі арқылы өз мүмкіндігін ұлғайтып келеді. Аталы сөзден аттамаған қазақ халқы үшін бұл татулық дәнекері және бітімгершілік бастауы болмақ.

Б. Бердалиев,
Арал аудандық билер кеңесінің төрағасы,
кәсіпқой медиатор
06 тамыз 2019 ж. 1 071 0